Шаруашылық • Бүгін, 08:58

Егіннен мол өнім алды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы орақ науқаны кейінгі жылдардағы ең нәтижелі науқандардың бірі болып, Ақмола облысын астықтың жалпы жиналымы жөнінен еліміздің көшбасшылары қатарына шығарды.

Егіннен мол өнім алды

Орташа өнімділік 16,3 ц/га болып, облыста 7,6 млн тоннадан ас­там астық бастырылды. Жиналған астық­тың 70%-дан астамы үшінші санат талаптарына сай келеді, бұл өңір­дің дәстүрлі, жаңа экспорттық бағыт­тардағы позициясын күшейтеді.

Селекциялық «Ақмола-2», «Астана-2», «Айна» тұқымдары қолданылған шаруашылықтарда орташа өнімділік гектарына 30 центнерден асты, «Максимовское» ЖШС-да 41,2 ц/га-ға жетті. Жоғары көрсеткіштерге минералды тыңайтқыштарды, элиталық тұқымдарды, өсімдікті қорғау құралдарын кеңінен қолдану есебінен қол жеткізілді.

Ақмола облысы егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінен де көшбасшылар қатарында. Биыл майлы дақылдар алқабы алғаш рет 500 мың гектарға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұдан бөлек, жыл басынан бері облыста 1 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл қорытындысында өндіріс көлемі 1,2 трлн теңге деңгейінде болады деп күтіліп отыр.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің терең өңдеу үлесін арттыру мақсатында халықара­лық компаниялардың қатысумен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – әлемдік «Dalian Hesheng Holdings» холдингі тарапынан жүзеге асырылатын астықты терең өңдеу зауытының құрылысы. Шетелдік инвестициялар көлемі 1,8 млрд доллар, өңдеу қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін жетеді. Жобаны 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Биылғы қазан айында Шортанды ауданында «Hopefull Grain» компаниясының тағы бір астықты терең өңдеу кешенін салу жөнінде стратегиялық келісімге қол қойылды. Инвестиция көлемі – 1,5 млрд доллар. Есіл ауданында бидай өңдеу, жем өндіру зауыттарын, сондай-ақ элеватор мен құрама жем зауытын салу жоспарланып отыр.