Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Мемлекет басшысы үнемі бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беретінін айтады. Елімізде халықты саламаттылыққа баулу үрдісі қалай іске асып жатыр?
– Бұқаралық спортты дамыту – Туризм және спорт министрлігінің басым бағыттарының бірі. Халық арасында спортты насихаттау саламатты ұлт қалыптастырудың негізгі кілті екенін жақсы түсінеміз. Қазірде халықтың 40%-дан астамы спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Біздің мақсатымыз – 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу.
Өңірлердегі көрсеткішті атасақ, Атырау, Қостанай облыстарында, Шымкент қаласында спортпен айналысу белсенділігі артып келеді. Халық арасында футбол, волейбол, баскетбол сынды спорт түрлері танымал. Сонымен қатар кейінгі жылдары марафон мен жаппай жүгіру жарыстарына тұрғындардың қызығушылығы оянып, белсенді қатысады. Бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл сайын елімізде 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылады.
Мемлекет басшысы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға да ерекше көңіл бөліп, үнемі назарда ұстайды. Қазір мектептерде 50 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді, онда шамамен 1,5 миллион бала спорт үйірмелеріне қатысады. Елімізде 521 «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» (БЖСМ) жұмыс істейді. Онда 400 мыңнан астам болашақ спортшы жаттығады. Сонымен қатар 5 республикалық, 14 облыстық мектеп-интернат, колледждерде талантты жас спортшылар шыңдалып жүр.
Мемлекеттік спорттық тапсырысты жүзеге асыру жұмысы тұрақты жүргізіліп отыр. Биыл 240 мың бала спорт үйірмелеріне жазылып, жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінді. Балалардың үйірмелерге қолжетімділігін арттыру мақсатында 1 маусымнан бастап Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, бірыңғай ваучер енгізудің қанатқақты жобасы қолға алынды. Жаңа механизм спорт, шығармашылық, қосымша білім беруді қамтып, мемлекеттік һәм жеке ұйымдарды бір цифрлық жүйеге біріктіреді.
– Спорттағы күрмеулі мәселенің бірі – шеттен легионер шақыру. Президент Жолдауындағы негізгі тапсырмалардың бірі – легионерлерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тоқтам салу. Бұл норма енгізілді ме? Қалай жүзеге асып жатыр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде спорт саласында кешенді реформа жүргізіледі. Министрлік «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасын әзірлеп, биыл шілдеде күшіне енді. Жаңа заңның маңызды саласының бірі – бюджет шығындарын оңтайландыру. Заңға сәйкес легионерлерді мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды. Дегенмен, спорт клубтарына шетелдік спортшыларды шақыруға тыйым салынбаған. Олардың жалақысын демеушілердің қаражаты есебінен төлеуге болады. Сонымен қатар кәсіби ойын клубтарына лимит белгіленді. Бұл шаралар мемлекеттік бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге әрі отандық спортшыларды қолдауға бағытталады.
Тағы бір маңызды жаңалық – вертикалды басқару жүйесін енгізу. Жергілікті атқарушы органдар мен спорт федерациялары басшылығының тиімділігін бағалау жүйесі (KPI) әзірленіп жатыр. Бағалау жүйесінің негізгі көрсеткіштері спорт инфрақұрылымының дамуы мен халықтың бұқаралық спортпен қамтылуы нәтижесінде сараланады. Елімізде жылдан-жылға саламатты өмір салтын қалыптастыруға баса көңіл бөлініп келеді.
Сондай-ақ елімізде басым спорт түрлерінің тізімі анықталды. Олар Олимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Азия пара ойындарындағы нәтижелері бойынша іріктеледі. Мақсат – отандық спортшылардың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұлттық құрамаларды дүбірлі додаларға әзірлеуде басымдықтарды белгілеу.
Тағы бір ерекше атап өтерлігі, бұдан былай 11 ұлттық спорт түрі Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлерімен теңестірілді. Яғни енді төл спортымыздың жаңаша қарқынмен дамуына өріс ашылады. Сондай-ақ бұл заң ұлттық құндылықтарымызды халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік береді.
Елімізде спортты тұрақты әрі жүйелі дамытуға толыққанды жағдай жасалып отыр. Бұл – Президент тапсырмасының жүзеге асуының нақты көрінісі әрі саламатты ұлт қалыптастыру мен елдің халықаралық аренадағы беделін арттыруға мүмкіндік береді.
– Салаға жылдан-жылға айрықша көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы да өңірлерде спорт нысандары салынып жатқанына оң бағасын берді. Спорттық инфрақұрылымның даму үдерісін тарқата айтсаңыз.
– Биыл елімізде спорт инфрақұрылымының дамуында оң динамика байқалды. 9 ай ішінде 35 спорт нысаны пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 67 нысанның құрылысы жоспарға сай аяқталуға тиіс. Ел игілігіне берілген ең ірі нысандардың бірі – Түркістандағы Есу арнасы. Бұл – халықаралық стандарттарға толық сай келетін Орталық Азиядағы бірегей нысан. Оны ашу арқылы елімізде есу спортын қарқынды дамытуға мүмкіндік туды. Екінші ірі нысан – Астанада салынып жатқан Ұлттық спорт университеті. Білім ордасы осы айда ашылады. Университет оқу орны ғана емес, көпсалалы спорттық, ғылыми орталық ретінде де қызмет етеді.
Кейінгі жылдары спорт нысандарын жобалау, пайдалану стандарттары жаңартылды, қолжетімділік, энергия тиімділігі мен әмбебаптық артты. Бүгінде халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі 55%-ға жетті. Ең жоғары көрсеткіш Павлодар, Жамбыл, Қарағанды облыстарына тиесілі. Біздің мақсат – 2029 жылға дейін 65%-ға жеткізу.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа футбол стадиондарын салу, сондай-ақ қолданыстағы кешендерді реконструкциялау жұмыстары демеушілерді тарту арқылы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, жуырда Қызылорда қаласында UEFA стандартына сай, 11 мың орындық стадион пайдалануға берілді. Астанада 3 600 орындық стадион салынып жатыр, оны 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Жоспарға сай тағы 14 стадион қажет, қазір 10 стадионның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Биыл балалар футбол алаңдарын салу жоспары бекітілді. Жергілікті бюджет пен жеке инвестиция есебінен 700 жоба іске асырылады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауылдық спорт инфрақұрылымын дамыту жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл 12 өңірде 23 модульдік спорт залы салынады, олар футбол, волейбол, баскетболға арналған. Сонымен қатар 130 спорт залына қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді.
– Енді туризм саласына ойыссақ. Мемлекет басшысы Жолдауында туристік инфрақұрылымды кешенді дамытудағы басты міндеттерді айқындап берді. Осы тапсырманы орындау қалай жүзеге асып жатыр?
– Жыл сайын маусым басталар алдында министрлік курортты өңірлердің жағдайына мониторинг жасап, жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ тиісті мемлекеттік орган өкілдерімен кеңестер ұйымдастырады. Биыл кейбір курорттар туристерді қабылдауға дайын болмай шықты. Бұл ішкі туризмге қызығушылықтың артуы, инфрақұрылымның ескіргендігі, су қауіпсіздігі талаптарының орындалмауы мен санитарлық нормаларға сәйкес келмеуі сияқты себептерге байланысты. Жазғы маусымда елдегі курорттарды толық тексерістен өткіздік. Мониторинг топтарында жергілікті атқарушы орган, орталық мемлекеттік орган, қоғам өкілдері болды. Олар 8 өңірді, атап айтқанда, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу облыстарын аралады. Тексеру барысында негізгі ескертулер шомылу қауіпсіздігіне, инфрақұрылымға, көлік қолжетімділігіне, санитарлық-гигиеналық жағдайға қатысты айтылды. Маусым басындағы ескертулердің кейбірі дереу түзетілді, қалғандарына қатысты Жол карталары дайындалды. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында Үкімет жанынан үйлестіру кеңесін құру ұсынылады. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктер енгізіледі. Мысалы, республикалық маңызы бар жолдарды жоспарлау барысында министрлік Кеңес шешіміне сүйене отырып, туристік нысандарға бағытталған жол құрылыстарын бірден жоспарлай алады. Сол қағидалармен құтқару қызметтері, санитарлық-гигиеналық құрылғылар мен инженерлік желілердің қажеттілігі есептеледі.
Туризмді дамыту жүйелі жұмысты талап ететіні белгілі. Сол тұрғыда өңірлер, уәкілетті орталық мемлекеттік органдар бизнес саласы және бақылаушы органдармен тығыз бірлесіп жұмыс істеуі қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»