Қоғам • Бүгін, 08:33

Қимылдаған қыр асады

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Уақыт талабына сай кәсіп ашамын деген жас­тарға демеу болатын гранттық жобалар бар­шылық. Әсіресе өңірлерде бұл мүмкіндікті барынша пайдаланып жатқан іскер жандардың тірлігіне қарап көз сүйсінеді.

Қимылдаған қыр асады

Суретті түсірген – Есенжол ИСАБЕК

Павлодар қаласының тұрғы­ны Индира Сәдуақасова әу баста кәсіпкер боламын деп арман­даған жоқпын дейді. Тек екі баласы­ның жанында болу үшін зауыттағы қызметінен бас тартып, үй жағдайында қолынан келетін іспен айналысуды жөн санапты.

«Тұрақты жұмысымнан өз еркіммен шығып, балаларыма қарайласқым келді. Күнделікті ішіп-жеуімізге аз да болса нәпақа табу үшін үйде отырып кәсіп ашып көрейін деп ойладым. Дәмді ас әзірлегенді ұнатамын. Сөйтіп, алғаш рет қалтамдағы 15 мың теңгеге 5 килограмм ет сатып алып, манты дайындадым. Ешбір жарнамасыз әрі тұрақты тұтынушысыз басталған ісімді 500-ге жуық оқырманы бар инс­таграм парақшама салдым. Бес минуттан кейін бір танысым мантымның 3 килосын сатып аламын деп жазды. Сөйтіп, ас үйімде жартылай дайын өнім­дерді әзірлеумен айналыса бас­тадым», дейді И.Сәдуақасова.

Жас кәсіпкер пандемия кезінде де ісін тоқтатпаған. Өйт­кені дәмі тіл үйірер мантысын ұнататындардың қатары арта түскен. Уақыт өте келе Индира­ға жанашыр достары қол­дау көрсетіп, кәсібін кеңей­туге кеңес береді. 2023 жылы «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие бол­ған. Мемлекеттік қолдаудың арқа­сында өз өнімін патенттейді әрі сертификат алады. Жалпы аумағы 50 шаршы метрді құрай­тын орынды жалға алып, адамдарды жұмысқа қабылдайды. Кәсібін әлеуметтік желі арқылы жарнамалайды. Қазіргі уақытта кәсіпкердің командасы Павлодар қаласында «Магия вкуса» деп аталатын сауда нүктесінде тағам­ның түр-түрін әзірлейді.

«Етті төрт жыл көлемінде  бір жеткізушіден ғана алып келемін. Одан манты, тұшпара, котлет, қырыққабат орамасы, тоқаш әзірленеді. Тағам биоло­гиялық ыдырайтын қаптамаға салынады. Яғни ыдыстан қорша­ған ортаға ешқандай зиян кел­мейді», дейді ол.

Мұнда 20 сағат қайнатылып пісірілетін сүйек сорпасы сатылады. Бұл тағам қант диабеті, артрит, артроз сынды буын ауру­ларына шалдыққандарға ем. Индира қазір «Іскерлік байланыстар» бағдарламасына өтініш берген. Егер өтінімі мақұлданса, отандық коллаген әзірлемек. Жоғарыда атап өткен сүйек сорпасын сұйық түрден желе түріндегі қою асқа айналдырмақ. Мұндай технология Германияда жасалады екен. Қазіргі күні Корея, Қытай елдерінің коллагендері бар. Сол сияқты отандық коллагенді шығаруға қолдау әрі инвестор керек. Оның бәрі уақыт еншісінде.

Жуырда жас кәсіпкер облыс көлемінде өткізілген «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына қатысып, бизнес аталымында ақ­шалай сыйлық жеңіп алды. Кәсіпкердің ісіне береке тілейміз.

 

Павлодар облысы