Бес елге ортақ Каспий теңізінің суы жағалаудан қашықтап барады. Осыған орай экологтер, басқа да мамандар дабыл қаға бастады. «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 15 жылдан бері ғарыштан мониторинг жүргізіліп келеді. Сол мониторингтің қорытындысына қарағанда, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы акваториясы 7,1%-ға қысқарғаны байқалыпты. Кей тұста теңіз табаны көрініп жатыр.
«Каспий теңізінің отандық секторының су беті ауданы 2008 жылы 113 866,67 шаршы шақырымды құрады. 2023 жылғы көрсеткіш – 105 745,23 шаршы шақырым. 15 жыл ішінде әртүрлі уақытта түсірілген ғарыштық суреттердің талдауы су беті ауданының азайғанын анықтады», деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мамандарының мәліметіне сүйенсек, теңіз деңгейінің төмендеуі өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері байқалып келеді. Мәселен, 1977 жылға қарай теңіз деңгейі 3 метрге төмендеп, –26-дан –29 метрге дейін жеткен. Кейін қайта көтерілген су деңгейі 1995 жылы
3 метрге жоғарылап, –26,62 метрді құраған. Осы аралықта су деңгейінің көтерілуі жылына шамамен 14 см, кей жылдары –36 см болған.
«2005 жылдан бері циклдік төмендеу кезеңі қайтадан басталды. Каспийде желдің әсерінен мезгілсіз ауытқу болып тұрады. Мәселен, Каспийдің солтүстік бөлігіндегі «Жанбай» теңіз гидропосты аумағында осындай маусымдық көрініс, әсіресе, көктем мен күзде анық байқалып отыр. Бұған себеп – солтүстік-шығыс пен оңтүстік-шығыстан соғатын жел. Жазда, жел екпіні қатты емес кезде мұндай жайт кездеспейді. Теңіз деңгейінің көтерілуі желдің жылдамдығы 10–15 м/с, ұзақтығы 10–12 сағаттан 1-2 күнге ұласса ғана байқалады. Жел секундына 15–25 метрге жеткенде теңіз деңгейінің биіктігі 1,5–2 метр немесе одан жоғары болады», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Теңіз деңгейіне алаңдаушылық білдіріп жүрген сарапшылардың дерегінше, кейінгі кезде Каспий теңізі деңгейінің ауытқуына әсер ететін бірнеше себеп бар. Біріншіден, климаттың антропогендік өзгеруі тікелей ықпал етеді. Соның бірі – 2006–2020 жылдар аралығында теңіз акваториясына жауын-шашынның аз мөлшерде түсуі. Бұған керісінше булану үдерісінің қарқыны артқан. Екіншіден, теңізге құятын өзендер бассейнінде су мөлшері азайған. Соның салдарынан Еділ өзені бассейнінен теңізге келетін ағын мөлшері төмендеген. Мұндай көрініс Жайық өзенінде де байқалды.
«Save the Caspian Sea» қозғалысының негізін қалаушы Вадим Нидің айтуынша, Каспий теңізі ондаған жыл бойы өнеркәсіптік қалдықтармен ластанып келеді. Кемелер құрамында мұнай бар улы қалдықтарды суға төгеді. Бұл теңіз жағалауының экожүйесін бұзады. Теңізде мекен ететін тіршілік иелерін мекенінен айырады. Еділ бойындағы бөгеттер мен суды тиімсіз пайдалану теңізге құятын ағынды азайтып, айдынның тартылуына, экожүйенің жойылуына соқтырады. Адамның теріс әрекетінен туындаған бұл дағдарыс орасан салдарға әкеліп, миллиондаған тұрғынның тағдырына теріс әсер етуі мүмкін.
«Каспийге қатысты көптеген жоба мен бағдарлама, екі конвенция қабылданды. Алайда біз іске кіріскен тоғыз айда теңізді құтқаруға қажетті ең негізгі қадамдар жасалмады. Өзіміз дайындаған құжатта 10 қадамды ұсындық. Бұл – мемлекеттер, ұйымдар мен табиғат жанашырларының күшін біріктіруге мүмкіндік беретін жол картасы», дейді В.Ни.
Оның дерегіне қарағанда, теңізді құтқару бағытында маңызды қадам жасайтын қарар қабылданған. Онда, біріншіден, Каспий маңы мемлекеттерінің экологиялық саясатын үйлестіру қажеттігі айтылған. Екіншіден, ғылыми зерттеулер мен деректер алмасуды кеңейту керек. Үшіншіден, теңіздің экожүйесін қалпына келтіру жобаларына инвестиция тартудың маңызы зор. Төртіншіден, өнеркәсіптік қалдықтар мен төгінділерге тосқауыл қоюға бақылау күшейтілуге тиіс. Бесіншіден, биоалуантүрлілікті, сирек түрлерді қорғау шараларын іске асыруды кешіктірмеу қамтылған.
«Save the Caspian Sea» қозғалысы жария еткен дерекке сәйкес теңіз түбі жыл сайын 70 сантиметрге тайызданып барады. Теңіздің еліміздегі жағалау сызығы қазірдің өзінде 20 шақырымға шегінгені анықталып отыр. Бұл – алаңдатарлық жайт.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетовтің пікірінше, кейінгі жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі қалыпты үрдіске айналып барады. Былтыр Каспий теңізінің отандық секторындағы деңгей 2023 жылмен салыстырғанда 26 сантиметрге төмендеген. Сөйтіп, Балтық жүйесі бойынша 29,12 белгісіне жетті.
«Біздің синоптиктердің дерегіне сүйенсек, Каспий климаты тез жылынып келеді. Ауа райының мұндай құбылысы судың қарқынды булануына әкеледі. Теңізді толтыратын өзендердің ағысын реттеу үлкен рөл атқарады. Ғалымдарымыздың болжамынша, 2050 жылға қарай су деңгейі тағы 3–5 метрге төмендейді», дейді Д.Есмағамбетов.
Бір елдің ғана емес, жағалаудағы бес мемлекеттің табиғат жанашырларын тағы бір маңызды мәселе алаңдатады. Бұл – теңіз кемелері мен мұнай өндірісінен қалған мұнайлы дақ. «Прозрачный мир на Каспий» жобасының үйлестірушісі Андрей Балагуровтың айтуынша, мұндай дақты Sentinel спутнигі арқылы ғарыштан бақылап, анықтауға болатын технология бар.
«Биылғы тамызда теңіздің Қазақстан мен Әзербайжандағы бөлігінде 82 шаршы шақырым көлемінде ірі ластану дерегі анықталды. Мұнай дақтарының шағылыстыратын беткі қабаты бұлт көлеңкесі емес. Бұл – әрі қарай зерттеуді қажет ететін дәлелденген фактілер. Алайда теңіз акваториясының ластануын тіркеумен ғана шектелмеу қажет. Ғарыштан бақылау кезінде анықталған 90 мың дақтың тек 0,5%-ына қатысты кінәлілер нақты жазаға тартылған», дейді А.Балагуров.
Ресейдегі Астрахан мемлекеттік қорығының хабарлауынша, Каспий теңізінің деңгейі 1978 жылғы белгіден төмендеуі жалғасып отыр. Су деңгейінің тұрақты шамасы жоқ. Теңіз деңгейі циклдік түрде бірде көтеріліп, кей жылдары төмендейді.
«Каспий теңізі төмендеуінің соңғы кезеңі өткен ғасырдың екінші жартысында, нақтысында 1978 жылы ең төменгі деңгейі тіркелді. 1979 жылдан кейін теңіз қайтадан көтеріле бастады. Мамандардың болжамына сәйкес алдағы жылдары су деңгейі одан әрі төмендейді», деп ақпарат таратты аталған қорық.
Ресей балық шаруашылығы және океанография ғылыми зерттеу институты Волга-Каспий филиалы басшысының орынбасары Сергей Шипулиннің дерегіне сүйенсек, Каспий теңізінде ылғалдың булануына температураның көтерілуінен бөлек, жел бағыты да әсер етеді. Егер шығыстан, Орта Азияның шөлдерінен жел соқса, ауа райы жылынады. Бұл теңіз суын жылытып, белсенді булануға ұласады. Солтүстіктен немесе солтүстік-батыстан жел соғатын болса, онда булану азаяды.
«Теңіздің тартылуына байланысты түрлі болжам айтылады. Теңіз суының толығуы мен азаюына байланысты теңгерім бар. Судың 80%-ы өзендерден құйылады. Оның 80%-ы – Еділ өзенінің ағыны. Өзендер суының кейінгі 10–12 жылдағы көлемiн, Каспий деңгейiнiң ауытқуын салыстыратын болсақ, онда теңiз деңгейi мен Едiлдің суы арасындағы тiкелей байланыс анықталады. Бірақ Еділден Каспийге су көп мөлшерде ағып келсе де, теңіздің таяздануы жалғасып жатыр. Осыған ұқсас үдеріс Каспийге құятын басқа өзендерге қатысты да байқалады. Кейінгі 30 жылда теңіздің солтүстік бөлігіндегі акваториясы қысқарып, құрғақ алаңға айналды. Мұның бәрі су айдынының сол секторындағы фаунаға қауіп төндіреді», дейді С.Шипулин.
Биылғы мамырда Ресей ғылым академиясының П.Ширшов атындағы мұхиттану институтының ғалымдары арнайы экспедициясы кезінде Солтүстік Каспийде жаңа аралдың пайда болғанын хабарлады. Айдын ортасындағы тақыр жер Малый Жемчужный аралынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
«Каспий теңізінде жаңа арал табылды. Бұл – Каспий теңізінің тайыздануының тағы бір дәлелі. 2024 жылдың қарашасында түсірілген спутниктік суреттерде «Средняя Жемчужная» жағалауының құрғағаны байқалды. Бұл теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты пайда болған жаңа жер екенін растау енді ғана мүмкін болды», делінген ақпаратта.
Экспедиция мүшелері әуе кемесімен аралға жақындаған. Алайда судың тайыздығы мен ауа райының құбылуына байланысты қона алмаған. Квадрокоптермен түсірілген фотосуреттерден аралдың сұлбасы анық көрінеді.
«Ғалымдар биогидрохимия, гидробиология, теңіздегі құбылу динамикасына қосымша зерттеулер жүргізу мақсатында арал маңындағы солтүстік тайыз суда шамамен 0,4 м тереңдікте арнайы станса құрды. Қазір арал судан сәл ғана жоғары көтеріліп тұр. Бірақ теңіз суының ең төменгі деңгейінде айтарлықтай байқалады. Беткейі құмды жоталары бар тегіс, ылғалды әрі жазық. Жақын арада ғалымдар жаңа аралдың бастапқы сипаттамасын аяқтап, оның географиялық атауына қатысты ұсыныстарын ортаға салады», деп нақтылады ресейлік ғалымдар.
Көрші ел ғалымдарының пікірінше, Каспий теңізінің деңгейі төмендей берсе, арал аумағы кеңеюі мүмкін. Сөйтіп, сирек кездесетін құстар мен Каспий итбалығының жаңа мекеніне айналатынына болжам жасалып отыр.
Г.Әлиев атындағы Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының География институты зерттеушілері де теңіз деңгейінің құбылуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Алайда олардың пікіріне зер салсақ, Каспийдегі ахуал – деңгейдің қысқамерзімді ауытқуы емес, терең тектоникалық құбылыстарға негізделген тұрақты үдеріс.
Әзербайжан ғалымдары болашақта Каспий теңізі екі оқшау су жүйесіне бөлінуі мүмкін екеніне болжам жасап отыр. Оған қазір теңізде болып жатқан таяздану әсер етеді. Бұл үрдіс ұзақ жыл жалғасар болса, оқшау су айдынының солтүстік бөлігі Дербенді, оңтүстігі Лянкяран ойпатында орналасады. Бірақ бұл біраз жылға созылары даусыз.
Ғылыми қызметкер Мирнух Исмаиловтің айтуынша, Каспий теңізі белсенді тектоникалық аймақта орналасқан. Кавказда тау пайда болу үдерісі әлі аяқталған жоқ. Ал теңіздегі су деңгейінің тұрақты төмендегені байқалады. География институтының тағы бір сарапшысы Эльнура Джафарова теңіздегі су деңгейі жағалау жиегінен 30 шақырымға дейін шегінуі мүмкін екенін алға тартады.
Шынымен Каспий теңізі екіге бөліне ме? Атыраулық табиғат жанашыры Артур Шахназарян мұндай жайтты жоққа шығармайды. Ол былтыр дәл осы мәселеге орай зерттеулерге сәйкес алаңдаушылығын білдірген еді.
«Кезінде Арал қандай теңіз еді? Енді оны дәл бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес. Ал Каспий теңізі екіге бөлінуі мүмкін бе? Қазіргі ахуалды ескерсек, бәрі мүмкін. Мұны ғалымдар да жоққа шығармайды. Тіпті арнайы зерттеу қорытындысына байланысты болжам да бар. Бұл болжам расқа айналар болса, су айдыны Солтүстік Каспий теңізі, Орта және Оңтүстік Каспий теңізі болып аталуы мүмкін. Екі теңіз арасындағы бөліну сызығы Каспий ойпаты деп аталатын Еділ өзенінің Астрахан ауданындағы сағасынан Атырау облысының Прорва кен орны орналасқан жағалау аумағына дейін су астындағы дөңес тізбегімен өтеді. Бізге теңіздің екіге бөлінгені қажет пе? Әрине, қажет емес. Өйткені бірегей су айдынын жоғалтатын болсақ, экологиялық ахуал бұзылады Сол себептен, бізді бес елге ортақ теңіздің тағдыры алаңдатуға тиіс», дейді А.Шахназарян.
Теңіздің тағдыры қыл үстінде тұр демесек те, бүгінгі ахуал алаңдататыны даусыз. Су айдынының солтүстік бөлігінде пайда болған арал теңізді экологиялық апатқа соқтырар нышанның алғашқы белгісі ме? Қалай дегенде де, Каспий маңындағы бес ел теңізді экологиялық апатқа ұрындырмауға байланысты әзірге ортақ байлам жасаған жоқ.
Атырау облысы