Музей директоры Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, 2023–2024 жылдары Қызылқоға ауданындағы аталған қорымдарға археологиялық қазба жұмысы жүргізіліпті. Археологтер біздің заманымызға дейінгі V–IV ғасырларға жататын құнды қазынаны зерттеп, қалпына келтірді.

«Бұл жәдігерлер – сармат тайпаларының өшпес тарихы. Ерте кезеңдегі тайпалардың өркениеті, қолөнері, әскери мәдениеті және діни-ғұрыптық дәстүрі жоғары деңгейде дамығанын айқын көрсетеді», дейді М.Кипиев.
Көне тарихтың көмбесі секілді ескі қорымдардан табылған алтын бұйымдардан бірнеше аңның бейнесі анық көрінеді. Мәселен, алтын тоғадан қос жолбарыс пен қос арқар көруге болады. Ал алтын білезіктің екі ұшында барыстың мүсіні бейнеленіпті. Сынама таста алтын тұтқа бар.

Аң стиліндегі жапсырмалар, бір орамды алқа, білезік пен сырға да қызықтырады. Күн мен жарты ай бейнелі салпыншақ сырғаның жөні бөлек. Ағаш ыдыстың жапсырмалары аң стилінде жасалыпты.
Атырау облысы