Қоғам • Бүгін, 20:57

Баланың дарынын қай жастан байқауға болады?

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жеті жасында «дарынды» деп танылған көп баланың бойындағы жоғары когнитивтік қабілет жасөспірім шаққа жеткенде тұрақты болмай шығады. Жаңа зерттеу нәтижелері баланы тым ерте «дарынды» деп тануболашақтағы интеллектуалдық көрсеткіштің сенімді болжамы бола бермейтінін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Баланың дарынын қай жастан байқауға болады?

Зерттеуде интеллект көрсеткіштері балалық және жасөспірім кезеңдерде айтарлықтай құбылатыны анықталған. Тұрақты когнитивтік даму үлгілері шамамен 12 жастан кейін ғана қалыптаса бастайды. Зерттеу Intelligence & Cognitive Abilities журналында жарияланды. Оны Испаниядағы үш университет профессоры Анхель Бланч, Серхио Эскориаль және Роберто Колом жүргізген.

Ғалымдар адам интеллектінің алғашқы екі онжылдықтағы тұрақтылығына қатысты ескі сұраққа жауап іздеді. Бұған дейінгі деректер ересек жаста жалпы когнитивтік қабілет өте тұрақты болатынын, ал бала кезінде тұрақтылық деңгейі әлдеқайда төмен екенін көрсеткен еді.

Зерттеушілер қандай факторлар балалық шақтағы жоғары көрсеткіштің сақталуына немесе төмендеуіне әсер ететінін анықтауға тырысты. Сондай-ақ когнитивтік дамуда қоршаған орта ма, әлде генетика ма, қайсысы үлкен рөл атқаратынын зерттеді.

Олар Ұлыбританияда жүргізілетін егіздерге арналған ірі лонгитюдтік TEDS жобасының деректерін пайдаланды. Бұл зерттеуде 11 119 баланың 4, 7, 12, 16 және 21 жастағы интеллект нәтижелері талданған. Жеті жасында жоғары қабілет деп танылған 1 580 баланың тек 16 пайызы ғана 16 жасқа келгенде сол деңгейін сақтап қалғаны анықталды.

Ал 99-115 балл аралығында «нормативті» көрсеткіші бар 3 958 баланың 8 пайызы ғана жасөспірім шағында «жоғары қабілеттілер» қатарына көтерілген.

Яғни, баланың бастапқы жоғары көрсеткішін сақтап қалуы орташа деңгейден жоғарыға көтерілуге қарағанда жиірек кездеседі. Бірақ екі топта да тұрақтылық деңгейі төмен.

Зерттеу нәтижесі генетикалық ерекшеліктер мен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың когнитивтік дамуды болжауда үлкен рөл атқаратынын көрсетті. Генетикалық әлеуеті жоғары балалар өскен сайын зияткерлік көрсеткішін көбірек сақтап немесе күшейте алатыны байқалған.

Бұл нәтиже «Уилсон эффектісі» деп аталатын қағидамен үйлеседі: жас ұлғайған сайын интеллектке генетиканың ықпалы күшейіп, орта әсері әлсірей бастайды.

Зерттеушілер келесі қадамда мидың құрылымы мен қызметіндегі айырмашылықтарды зерттеуді жоспарлап отыр. Мақсат – бала кездегі «ерте дарындылықтың» сақталуы немесе жоғалуына биологиялық жауап табу.

«Егер жоғары көрсеткішін сақтап қалған балалардың миын, сондай-ақ оны жоғалтқан балалардың миын салыстыра алсақ, бұл құбылыстың нақты себептеріне жақындай түсер едік», дейді авторлар.