Оқиға • Бүгін, 11:10

«Қазақстан – Еуропалық одақ» ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысы өтті

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың төрағалығымен «Қазақстан – Еуропалық одақ» ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысы өтіп, тараптар соңғы он жылдағы серіктестіктің жетістіктерін саралап, алдағы басымдықтарды айқындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстан – Еуропалық одақ» ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысы өтті

Жиын Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуының он жылдығына орай өткізілуімен ерекше айшықталды. Кездесуде Астана мен Брюссельдің стратегиялық әріптестігі соңғы онжылдықта берік қалыптасып, көптеген бағыттарда нақты нәтижелер бергені атап өтілді.

Тараптар экономикалық байланыстардың серіктестіктің негізгі тірегі екенін растады.

«Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі мәртебесін сақтап отыр. 2024 жылы өзара тауар айналымы 50 млрд АҚШ долларына жақындады, ал еуропалық инвестициялардың жалпы ағыны 200 млрд АҚШ долларына жетті. Елде еуропалық қатысуы бар 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Қазақ тарапы сауданы одан әрі әртараптандыруға дайын екенін білдіріп, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ЕО нарығына қол жеткізуін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті», деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Келіссөздерде Транскаспий халықаралық көлік бағытын («Орта дәліз») дамыту мәселесі кеңінен талқыланды. Ғаламдық жеткізу тізбектерінің трансформациясын ескере отырып, тараптар бұл бағыттың Еуропа мен Азия арасындағы сенімді әрі тұрақты көлік дәлізі ретіндегі стратегиялық маңызын растады.

1

Қазақстан бұл коридорды одан әрі дамыту үшін ЕО және өңірлік серіктестермен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар «жасыл» және цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастық жеке тақырып ретінде қаралды. Тараптар бұл бағыттардың Қазақстан экономикасын жаңғыртуға және Еуропа өнеркәсібінің орнықтылығын арттыруға үлес қосатынын жеткізді.

2

Отырысқа қатысушылар парламенттік ынтымақтастықтың маңызын да атап өтіп, қараша айында Брюссельде өткен «ҚР – ЕО» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 22-ші отырысының табысты өткенін жоғары бағалады.

Адамдар арасындағы байланыстарды күшейту де күн тәртібінен түскен жоқ. Тараптар 2 желтоқсанда Брюссельде Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық талаптарын жеңілдету және реадмиссия мәселелері бойынша келіссөздердің басталуын қолдап, бұл қадам білім, ғылым, кәсіби даму және азаматтардың мобильдігін кеңейтуге серпін беретінін атап өтті.

Өңіраралық ынтымақтастық тұрғысынан 2025 жылғы сәуірде Самарқандта өткен «Орталық Азия – ЕО» алғашқы саммитінде қабылданған тарихи шешім ерекше аталып өтті. Оның нәтижесінде бұл формат ресми түрде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.

Тараптар 29 өзара іс-қимыл бағытын қамтитын Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің тиімді жұмыс істеп келе жатқанын және өзара сенімнің нығаюына берік негіз болғанын тілге тиек етті.

3

Отырыс қорытындысында Ермек Көшербаев пен Кая Каллас саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда мен инвестицияларды дамытуға, өңірлік өзара байланыстылықты арттыруға және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге бейілді екендерін айтты.