Сараптама • Бүгін, 08:45

Топырақ тозып барады

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Павлодар облысының кей аумақтарында топырақ құнары төмендеп, қарашірік деңгейінің азаюы, макро және микроэлементтердің жеткіліксіздігі, сондай-ақ эрозия мен тұздану үдерістері байқалады. Экологиялық-агрономиялық түйткілдер уақтылы шешілмесе, өңірдің ауыл шаруашылығы саласында үлкен мәселе туындауы ғажап емес.

Топырақ тозып барады

30 жылдан астам уақыт зерттелмеген

«Қазір тиімді мелиорациялық және агротехникалық іс-шаралар қолға алынды. Әсіресе интенсивті егіншілік жүргізі­летін өңірлерде құнарлылықты жақсар­ту мақсатында ұсыныстар әзірленіп, бағдар­лама іске асырылып жатыр», дейді «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» салалық даму департаменті жер сапасын есепке алу және іздестіру жұмысын бақылау басқармасының басшысы Бауыржан Біржанов.

Облыс аумағындағы жүйелі топырақ зерттеулері соңғы рет кең көлемде 1980–1990 жылдары жүргізіліпті. Одан соң мұндай жұмыс жекелеген жобалар аясында ғана жүзеге асырылған. Кейінгі жылдары топы­рақ құнарлылығын сақтау мен оны қалпы­на келтіру мәселесі қайтадан өзекті бола баста­ғаны себепті мәселемен арнайы мекеме айналысатын болып шешім қабылданды.

«Біздің мекеме филиалы 2024 жылы Ертіс-Баян өңірінің 400 мың гектар аумағында топырақтық зерттеу жұмысын жүргізді. Биылғы зерттеу 180 мың гектарды қамтыды. Оның барысында топырақ қабаттары, механикалық құрамы, гумус мөлшері мен топырақ құнары, азот, фосфор, калий мөлшері, қышқылдылық деңгейі (pH), микроэлементтер мен тұздану белгілерінің анықталуы, деградация белгілері (эрозия, тұздану, тығыздану және т.б.) зерттеледі. Аталған мәліметтер негізінде жерлер жарамдылық санаттары мен класстарға бөлінеді. Одан кейін тыңайтқыш енгізу, мелиорациялық іс-шаралар жүргізу, дақылдарды ауыстыру, топырақты өңдеу тәсілдері мен оның құрылымы мен құнарлылығын қалпына келтіру бойынша ұсынымдар әзірленеді», деп жалғады сөзін Б.Біржанов.

Топырақтың тозуы негізінен Ақтоғай, Май және Аққулы аудандарында жиі байқалған.

 

Жер құнарын жоғалтуға не себеп?

Негізгі факторлар: агротехникалық талаптардың сақталмауы, топырақ пен су эрозиясы, тұздану, суармалы жерлерде дренаж жүйесінің әлсіздігі мен жерас­ты суларының көтерілуі, қышқылдану, органикалық заттардың жетіспеушілігі, жайылымдық жүктеменің артуы, өсім­діктер жабыны мен орман алқап­тарының азаюы, климаттық өзгерістер және ауа температурасының шамадан тыс жоғары болуы.

Ауыл шаруашылығы ғылымдары­ның докторы, профессор Құдайберген Қанапиянов өңірдегі кейбір егіс танаптарында тұздану үдерісі жылдам жүріп жатқанына алаңдайды.

«Ертіс ауданындағы егіс танабының бір бөлігінде кейінгі жылдары егілген дән мүлде шықпай қалып жүр. Бұл жағдайды ұзақ зерттей келе, оған егістік факторлары әсер ететінін анықтадым. Топырақтанушылармен бірге егін егілетін жерді қазғанымызда 80 сантиметрден 5 метр тереңдікке дейінгі топырақтағы тұздың құрамы шекті мөлшерден 7 есе көбейіп кеткенін анықтадық. Ал сол аумақтағы алақандағыдай ғана тың жерде әлгіндей жағдай тіркелмеді», дейді ғалым.

Мәселе мынада, фермерлер ерте көктемде жерді жыртып тастайды да, дән себілгенше 50-60 күн бойы топырақ қабаты ашық күйде ылғал тартып жатады. Түскен ылғал бірден төмен бойлап, тереңдегі тұз қабаттарына жетеді де оны буландырып жоғары көтереді. Ал тың жерлерде керісінше көпжылдық шөптер өсіп тұр. Соқа тимеген өсімдік қабаты түскен ылғалды бірден өзіне сіңіріп ала қояды, су төмен түспейді. Яғни ылғал 60 см-ден төмен әрі бармайды. Егінді қайта-қайта еге бергеннен әлгі жерлерде тұз жоғары көтеріліп, топырақ нәрсіз болып қалған.

Ғалым егістік жерлердің тұздануын болдырмау үшін егіс танаптарын бір­­неше жыл қатарынан тыңайтып, көп­­­­жылдық шөп егуді ұсынады. Әсіресе жоңыш­қаны егу ұтымдырақ болады.

 

Тыңайтқыш тапшы

«Бұл тарапта өсімдік шаруашылығын­дағы топырақ бонитеті аса өзекті. Себебі көкөністер топырақтағы пайдалы заттарды айтарлықтай төмендетіп жібереді. Оның орнын тыңайтқышпен толтырамыз. Бірақ бонитеттің кеміп бара жатқанын байқамаппыз. Егер агротехнология дұрыс жүзеге асырылса, жердің өнімділігін тұрақты сақ­тау­ға болады. Суармалы алқаптарды енгізу, тыңайтқыштарды орнымен қол­дану да көп мәселені шешеді», дейді «AndasAgro» ЖШС басшысы Зейнолла Сәлменбаев.

Фермердің сөзінше, қазір отандық тыңайтқыштардың бағасы қымбат. Оны сатып алуға барлық көкөніс өсірушінің шамасы жетпейді. Кейбір түрлерінің бағасы Қытай мен Ресей өнімдерінен қымбат. Сондықтан оның көлемін көбейту, ал құнын арзандату Үкіметтің назарға алатын шаруасы болуы керек деп есептейді ол.

«Көптеген әріптесім тыңайтқыш сатып ала алмай қиналып жүр. Баға шарықтап кеткен. Елімізде аммиак селитрасы мен аммофос қана өндіріледі. Кез келген ауыл шаруашылығы дақылын өсіруге  тыңайтқыш керек әрі оның түрі бірнеше болуға тиіс. Мәселен, біздің көкөніс алқаптарына өзімізде өндірілетін аммиак селитрасы мен аммо­фостан бөлек, хлорлы калий және тағы басқа түрлерін себеміз. Өзімізде шығарылмайтындарын Ресейден сатып аламыз», дейді тәжірибелі көкөніс өсіруші.

 

Тығырықтан шығудың жолы бар ма?

Топырақтану мамандары топырақ­­тың жел эрозиясына ұшырау қаупін төмендету мақсатында агроландшафтты қорғау, қорғаныш орман жолақ­­та­рын отырғызу және топырақ қорғау технологияларын енгізу сияқты ұсыным­дар беріп отыр. Тұздану және қыш­­қыл­дану үдерістерінің алдын алу үшін мелиорациялық шаралар жүзеге асырылып, тыңайтқыштар ғылыми негізде енгізіліп жатыр. Ал жайылымдық жер­лерді тозудан сақтау мақсатында оларды кезекпен пайдалану, демалыс мер­зімін сақтау және жасанды шөп егу жұ­мыс­тары ұсынылған.

«Қышқылданған, тұзданған жерлерде әктеу немесе гипстеу жұмысын жүргізу топырақтың химиялық тепе-теңдігін қалпына келтіруге көмектеседі. Органикалық және минералдық тыңайт­қыштарды жүйелі қолдану өсімдіктерге қажетті қоректік заттарды беріп қана қоймай, топырақтың құрылымын да жақсартады. Топырақты минималды өңдеу, жамылғы егістерін қолдану сияқты әдістер эрозия мен тозудың алдын алады. Сондай-ақ орман бел­деулерін отырғызу арқылы топырақ­тың ұшып кетуіне тосқауыл қоюға болады», дейді Б.Біржанов.

Салаға келетін жастардың аздығы, ғылыми-зерттеу ұйымдарындағы материалдық-техникалық базаның жеткі­ліксіздігі білікті топырақтанушылар тапшылығын туындатып отыр. Дегенмен цифрландырудың күшеюі көп түйткілдің алдын алатын сыңайлы. Жер ресурстарын цифрландыру және геоақпараттық жүйелерді енгізу арқылы мониторинг жүргізу мүмкіндігі артады.

Бұл тәсіл жер жағдайын нақты әрі уақтылы бақылауға жол ашады. Келе­шекте жаңа технология көмегімен топырақ құнарын сақтау, жер тозуының алдын алу, тыңайтқыштарды тиімді қолдану сынды өзекті мәселелер шеші­­­леді деп сенеміз.

 

Павлодар облысы