Орталықты құру Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қолға алынып, былтыр маусым айында доктор Тәттім Шәйкеннің қатысуымен келісім жасалған болатын.
Ашылу рәсімінде ректор Жансейіт Түймебаев адамзат денсаулығын жақсартуда ғылымның әлеуетін заманауи технологиялармен ұштастырудың маңызына тоқталып, соңғы отыз жылда Америкада ғылыммен айналысып жүрген қара шаңырақтың түлегі Тәттім Шәйкеннің ғылымдағы жолына тоқталды.
«Бұл бастама Қазақстан мен АҚШ-тың білім, ғылым және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастығының нәтижесінде іске асып отыр. Ауқымды жоба америкалық ғалымдармен қатерлі жасушалар биологиясына байланысты бірлескен ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу мақсатында жүзеге асты. Алдағы уақытта ғылыми зерттеу нәтижелерін қатерлі ісікке қарсы терапияда инновациялық тәсілдерді енгізу мен әзірлеу және жоғары білікті ғылыми мамандарды даярлау ісінде пайдалану жоспарланып отыр», деді ректор.
Жасуша биологиясы саласында ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізген профессор Т.Шәйкен Америкадағы «Peri-Nuc Labs LLP» бас директоры. Ол цитоплазманы серпімді қатты цитоплазмалық және тұтқыр сұйық цитозольге бөлуге болатынын анықтады. Ғалымның ғылыми жаңалығы қатерлі ісік пен басқа да аурулардың себептерін зерттеуге, сондай-ақ емдеу технологияларын әзірлеуге жол ашып отыр. Осылайша, профессор қатерлі ауруды клеткалық деңгейде зерттеген әлемдегі санаулы ғалымдар қатарына кірді. Ғалымның бұл жаңалығы патенттеліп, енді клиникалық сынақтар өткізетін болады.
Профессордың айтуынша, Цитоматрица орталығы онкологиялық ауруларға қарсы зерттеулер жүргізіп, фармакогенетикалық және молекулалық диагностикалық тестілеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Нәтижесінде, қатерлі ауруды емдеуге және алдын алуға жол ашылады.
– Қатерлі дерттің даму кезеңі клеткалық гомеостазға әсер ететін генетикалық өзгерістерден, мутациядан, эпидемиялық өзгерістерден басталады. Екінші кезеңі – аэробты гликолиз, энергетикалық бейімделу Барбург эффектісі ретінде белгілі сүт қышқылының бөлінуіне әкеледі. Үшінші кезеңінде – цитоматрица механикасы өзгеріске ұшырайды. Төртінші кезеңде – химиялық үрдіс жеделдейді, ол биомассаның жиналуына, клетка мөлшерінің өзгерісіне алып келеді. Қатерлі дерт клеткасы әдеттегі клеткаға қарағанда әлдеқайда белсенді. Сондықтан оларға көбірек қоректік зат қажет. Бұл ауру әдетте бірнеше кезең арқылы дамиды. Егер осы кезеңдердің бірін тоқтатар болсақ, қатерлі ісіктің дертінің дамуын да тоқтатамыз. Ал клетканың ішкі құрылымы күрделі және бір мезетте миллиондаған химиялық үрдіс жүреді. Оның қалай жүзеге асатыны осы кезге дейін құпия болып келді. Біз соның шешімін таптық, – дейді Т.Шәйкен.
Былтыр қазан айында доктор Шәйкен «Baylor Scott & White Health» денсаулық сақтау жүйесінің бөлімі Baylor медицина колледжінің зерттеуші профессоры лауазымына қабылданып, колледж басшылығымен заманауи ғылыми зертхана ашу ұйғарылды. Техастағы және АҚШ-тың оңтүстігіндегі ең ірі денсаулық сақтау жүйелерінің бірі «Baylor Scott & White Health» 2013 жылы «Baylor Health Care System» (негізі 1903 жылы қаланған) және «Scott & White Healthcare» бірігуі нәтижесінде құрылды. Құрамына Техас штатындағы 50-ден астам аурухана, жүздеген медициналық орталық, клиника және медициналық мекеме кіреді. Мұнда жалпы медициналық, жоғары мамандандырылған хирургиялық көмек көрсетіліп, күрделі аурулар емделеді.
«Ecomed» клиникасының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Байқошқарованың айтуынша, ел ғылымының халықаралық деңгейде мойындалуы – батыл бастамалардың, ұзақ жылғы ізденістің нәтижесі. Осы орайда профессор Т.Шәйкеннің әсіресе ұйқы безінің қатерлі дертін емдеуге бағытталған зерттеулері, емдеу әдістері еліміз медицинасында тың салаларды игеріп, зерттеулер жүргізуге ықпал етеді. Профессор Салтанат Берденқызы онкологиямен ауырған науқастардың емнен кейін бала сүю мүмкіндігіне ие болуы үшін репродуктивті фунциясын сақтау мақсатында онкофертильді бағыттың тиімді пайдаланылып келе жатқанын атап өтті. Өйткені химиялық, сәулелі терапия, операция барысында жыныс клеткаларын сақтап қалуда онкофертильді әдістерді қолдану өте маңызды. Адам ұрпағын өрбіту орталығы қандай да жағдай болсын ана мен әке болу бақытын сыйлау мақсатында соңғы 30 жылда репродуктивті медицина, заманауи диагностикалық әдістер мен қосалқы репродуктивті технологияларды пайдаланып, бедеуліктің ең күрделі түрлерімен ауыратын жағдайда мыңдаған отбасыға көмектесті. Салтанат Берденқызының айтуынша, ҚазҰУ-да жаңа орталықтың ашылуы жаңа буын кадрларын даярлауға ықпал етеді. Сондай-ақ медицина саласында еңбек ету үшін бакалаврды биология факультетінде, әрі қарайғы білімді медициналық бағытта жалғастырудың нәтижесі үлкен жемісін беріп отырғанын жеткізді. Айтуынша, профессор Т.Шәйкеннің елімізде мамандар даярлау ісіне қатысып, әлемдік медицина, биологиядағы жетістіктерді елге әкелуі қуантарлық жағдай.
Қазақ онкология және радиология институты басқарма төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлмира Жұрабекова Цитоматрица орталығы заманауи мамандар даярлау ісіне серпіліс береді деген сенімде. Айтуынша, елімізде соңғы жылдары қатерлі дертпен ауыратындар саны ұлғайған. Алайда өлім-жітім көрсеткіші азайған. Бұл науқастарды емдеу тәсілдерінің салыстырмалы түрде алғанда әлдеқайда жақсы нәтижесін беріп жатқанын көрсетеді. Дегенмен қатерлі ісікте ерте кезеңде анықтау аса маңызды. Бұл бағытта ғалымдар мен медицина саласы мамандарының бірлескен күш-жігері қажет. Жаңа орталық осыған жол ашады.
АЛМАТЫ