Сурет: cristyli.com
Мұнайлы өңірде отбасының шырқын бұзып, әлсіздерге тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсететін әпербақандар азаймай отыр. Жыл басынан бері жұдырығын ала жүгіретіндердің салдарынан дағдарыс орталығын 5 әйел мен 11 бала паналауға мәжбүр болды. Ал озбырларға қатысты 2 700-ден аса қорғау нұсқауы беріліпті.
Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы Әйгерім Мұратованың мәлімдеуінше, жыл басынан бері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 73-бабымен 3 232 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп отыр. Отбасы мүшелеріне зорлық-зомбылық көрсететін 700 адамға ерекше талаптар белгіленді.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» және Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес жәбірленуші арыз жазбаса да, полиция құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғай алады. Бұл – зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға зор мүмкіндік беретін құқықтық қадам. Көп жағдайда құқық бұзушылық экономикалық сипатта болады. Мысалы, ер адамдар табысын отбасына бермей, ойын автоматтарына немесе ішімдікке жұмсайды. Психологиялық қысым да кең таралып отыр. Мұндайда әйелге қол көтерілмегенімен, жүйелі түрде тіл тигізу, кемсіту секілді әрекеттер жиі кездеседі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкелетін негізгі себептердің бірі – алкогольге, құмар ойынға және есірткіге тәуелділік», деді Ә.Мұратова.
Ал облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, Атырау қаласында ұзақ уақыт бойы балаларын асырау жөніндегі міндетін орындамаған 9 ата-ана анықталды. Алимент үшін төленбеген қарыздың жалпы сомасы 46 млн теңгеден асады. Барлық дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді.
«Кәмелетке толмағандардың құқын қорғау прокурорлардың басты назарына алынды. Екі борышкер 12,9 млн теңге көлемінде алимент төлемегені үшін сотталды. Оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Басқа ата-аналарға қатысты тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Прокуратура ата-аналық міндетін орындамау тек әкімшілік емес, қылмыстық жауапқа әкеп соқтыратынын ескертеді», деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Атырау қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған 200-ден аса баланың құқын қорғады. Жергілікті атқарушы органдар мен полицияның 24 қызметкерін тәртіптік жауапқа тартты.
«Мәселен, полиция қызметкерлері кәмелет жасына толмағандарға қатысты қорғаушының қатысуынсыз әкімшілік хаттамалар жасақтаған. Прокуратураның наразылығы негізінде 197 хаттаманың күші жойылды. Ал мүгедектігіне байланысты үйден оқитын балаларға жәрдемақы төленбей келген. Заңмен белгіленген нормаларға сәйкес жетім балаларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтер кезегіне қоймағаны туралы деректер анықталды. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде 3 жетім бала тұрғын үй алуға кезекке тұрғызылды. Үйден білім алатын 7 мүгедек балаға жәрдемақы төленді», деп мәлімдеді облыстық прокуратурадан.
Бұған қоса прокурорлар теріс мазмұнды және өз-өзіне қол жұмсау, есірткі құралдарын насихаттайтын 85-тен жоғары зиянды интернет-сайттарды, чаттарды және әлеуметтік желідегі парақшаларды бұғаттады.
Желіккен жүргізушілер кәмелетке толмағандарды арнайы жолақтан өткізбей, көлігімен қағатындар жиі кездеседі. Атырау қалалық полиция басқармасының аға инспекторы Асхат Шодымовтың айтуынша, жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың жол-көлік оқиғасынан зардап шегуі алаңдатарлық жағдайға айналып отыр.
«Мәселен, 1 шілде күні сағат 18.30 шамасында «Kia Sorento» автокөлігін айдап келе жатқан 47 жастағы жүргізуші 2023 жылғы баланы қағып кетті. Ауыр жарақат алған балақай облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Осы тектес оқиға 3 шілде күні сағат 18.50 шамасында тіркелді. «Lada Granta» автокөлігінің жүргізушісі 2020 жылғы баланы қағып, денсаулығына зақым келтірді. Бала аурухананың жансақтау бөліміне түсті», дейді А.Шодымов.
Мұндай оқыс деректің тіркелуіне ата-ананың да кінәсі бары анық. Өйткені ата-аналар балаларын қараусыз жібереді. Бақылаусыз жүрген балалар соңы өкінішке ұрындыратын оқиғаға тап болады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Думан Үмбеттің мәлім етуінше, 3–9 жастағы балаларға терезеден құлау қаупі жиі төнеді.
«Биыл жыл басынан бері жеті бала көпқабатты үйдің терезесінен құлады. Ата-аналары зардап шеккен 3–9 жастағы балаларды пәтерінде қараусыз қалдырып кеткен. Пәтердегі терезеге таяу тұсқа жиһаз қойылған. Ал терезені москитті торға сеніп, ашық қалдырғаны анықталды. Бұл – ата-аналар тарапынан болған салғырттықтың салдары», дейді Д.Үмбет.
Кәмелетке толмағандардың көзіне жас үйірген деректің бір парасы осындай. Тегінде жүрегіне мейірім ұялаған жандар баланы жылатқанның бағы жанбайтынын түсінетін шығар. Ал жүрегі еттен емес, құдды темірден жаралғандай қатыгездік танытатындар баланы жылатуды доғара қояр ма екен?
Атырау облысы