Сурет: ycla-coding.com
Енді келесі біреуі «банктен» телефон соғады. Мұның даусы тіпті қатаң: «Сіз жаңа sms арқылы келген кодты алаяқтарға беріп қойдыңыз. Енді олар сіздің атыңыздан несие алғалы жатыр. Алаяқты тойтару үшін тезірек шоттағы ақша көлемінде несие алып, «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз, сонда олардың тапсырысы өшіріледі», дейді. Егер адам осы айтылғанды орындаса, оның барлық ақшасы киберқылмыскерлердің қалтасына түсті дей беріңіз.
Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі алаяқтық жолмен қолды болған қаржының жартысынан көбі осы «банктен соғылған қоңырау» арқылы ұрланғанын айтады. Сондықтан телефон арқылы «банктенмін» деп сұралған ешбір «өтінішке» жауап беруге болмайтынын жеткізді.
Психологтердің айтуына қарағанда, жасы ұлғайған адамдар сенгіш келеді екен. Өйткені оларға ресми түрде көп адам қайырыла қоймайды, сондықтан бұрын қызмет атқарып, қоғамда беделі болған немесе абыройлы еңбек еткендер өзіне сыпайы түрде жүгінгенге мәз болып, оның сөзіне оңай сеніп қалатын көрінеді. Петропавлдың 68 жастағы бір тұрғыны дәл осындай арбауға түсіп, 2,1 млн теңгесін алаяқтың шотына аударуға аз-ақ қалған.
Алаяқтар қолданған схема қарапайым, бірақ сендіруі жоғары болған. Телефонға хабарласқан алаяқ алдымен өзін «медбикемін» деп таныстырған, кейін «электрондық үкімет», тіпті «полиция департаментінің қызметкерімін» дегендерді қосақтап, алғашқы адамның айтқанын қолдап, қоңырау шалған. Барлығы WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, ресми рәміздерді фон ретінде қолданған. Олар әйелден құпияны сақтап, үлкен мәселелерден сақтануға қаражатты «қауіпсіз шотқа» шұғыл аударуға кеңес берген. Сеніп қалған зейнеткер жақын маңдағы сауда орталығындағы банкоматқа барып, ақшасын аудара бастағанда, оны сол жерде кезекшілікте жүрген полицейлер байқап қалған. Олар әйелдің абыржып тұрғанын көріп, жайды білген соң, асығыс шешім қабылдамауға көндіріп, алаяқтық схеманы анықтаған. Сөйтіп, полиция қызметкерлерінің арқасында кейуана киберқылмыскерлердің торынан аман қалды.
Бұған дейін дәл осындай 5 дерек Петропавлдағы әртүрлі сауда орталықтарында полиция мен жекеменшік күзеттің қырағылығының арқасында тоқтатылды. Тағы бір 67 жастағы әйел алаяқтардың арбауынан аман қалды. Оған өзінің Ресейде тұратын қызының даусымен біреу үйдегі телефонына хабарласып, автомобиль апатына ұшырап қалғанын, енді адвокатқа төлеу үшін ақша қажет екенін айтып жылаған. Ал адвокаттың өзі мұның телефонына хабарласатынын айтқан. Бала үшін ана не істемейді, есі шығып, дереу үйдегі барлық ақшасын жинай бастайды. Сол кезде телефоны шыр етіп: «Мен адвокатпын, қызыңызға керек ақша – 2 млн теңге. Соны мен жіберген таксист арқылы беріп жіберіңіз. Ал байланыс үзілмес үшін телефонды өшірмеңіз», дейді. Алайда бір нәрседен күдік алған әйел телефонды сөндіріп, жиеніне звондайды. Одан қызының ешқандай апатқа ұшырамағанын білген кейуана бірден полицияға хабарласады. Ұзамай 2 млн теңгені алуға келген 24 жастағы алаяқ үйде тосып отырған полицияның қолына түседі. Ол мұның алғашқы қылмыстық әрекеті емес екен, алдында осы жолман 88 жастағы кейуананың 3 млн теңгесін қақшып кеткені анықталды.
Қазір оның үстінен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге ірі көлемде айыппұлдан бастап 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал жуырда М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында солтүстікқазақстандық полицейлер кибералаяқтық қылмыспен айналысып жүрген 19 бен 24 жас аралығындағы бес адамдық қылмыстық топты құрықтады. Оны ұйымдастырып жүрген Аққайың ауданының 21 жастағы тұрғыны көрінеді. Ол өз тобын халықаралық интернеттегі алаяқтық жүйеге қосып алып, дропперлер дайындау жұмысын іске асырған. Осы жолмен барлығы 38,5 млн теңгені қолды еткендері анықталды. Қазір топтың үстінен іс қозғалып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы