Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Үкіметтің «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» қаулысы аясында Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасының жұмысымен танысып, Талғар аудандық әкімдігінде азаматтық сектор өкілдерімен, өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Алқалы басқосуға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, медицина саласының жауапты мамандары қатысты. Кездесу барысында министр биылғы 9 айдың қорытындысына тоқталып, денсаулық саласындағы оң өзгерістерді атап өтті.
Денсаулық саласындағы ең оңтайлы шешім, бұдан былай бұқара скринингтік тексеруден кепілді медициналық көмек аясында өте алады. Еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназарова ақжолтай хабарды халыққа жеткізіп қана қоймай, ел азаматтарының өмір сүру жасы ұлғайғанына байланысты, скринингтік тексеруден өту 76 жасқа ұзартылғанын атап айтты.
– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген пакетіне ендігі кезде онкоскрининг те қосылды. Бұл өз кезегінде 300 мың сақтандырылмаған халықтың тексеруден өтуіне мүмкіндік береді, – деді А.Әлназарова.
Өңір тұрғындарымен кездесу барысында ведомство басшысы жедел жәрдем қызметіндегі өзгерістерді мәлім етті. Министрдің айтуынша, 4-санаттағы жедел шақыртулар МСАК деңгейіне беріліп, мобильдік бригадалар мен call-орталықтар енгізілді. Бұл жедел жәрдем жүктемесін 40-50%-ға төмендеткен. Сондай-ақ жедел жәрдем кабинеттері ашылуының арқасында стационарларға түсетін өтініштер саны 20%-ға азайған.
Министр медициналық сақтандыру жүйесін күшейту жөнінде қабылданған заңнамалық өзгерістерді де түсіндірді. Алдағы жылдан бастап МӘМС жарналарының есептеу базасы ұлғаяды, жүйеге қосымша 200 млрд теңге түседі. 2027 жылдан бастап мемлекет жарналары 2%-дан 4,7%-ға дейін кезең-кезеңімен өседі. Айта кетейік, Алматы облысында бүгінде халықтың 83,2%-ы сақтандырылған, 16,8%-ы сақтандырылмаған. Бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру мақсатында өңірлік штаб құрылған. Министр денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, медициналық көмектің сапасын арттыру, қолжетімділігін кеңейту жұмысы жалғасатынын айтты.
Бүгінде Алматы облысында тұрғындарға 356 медициналық ұйым қызмет көрсетеді, оның 54-і – жеке меншік нысандар. Аймақтағы денсаулық сақтау саласында 3 мыңға жуық дәрігер, 10 мыңнан аса орта буын медицина қызметкері еңбек етеді.
Өткен жылы облыстың медициналық мекемелері жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын 239 бірлік медициналық құрал-жабдықпен, 15 санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді. Жаһандық қордың қолдауымен фтизиопульмонология орталығы 51,5 млн теңгеге рентген аппаратын алды.
Осы жылы 1 магнитті-резонансты томограф, 1 ангиограф, 10 бейнеэндоскопиялық тірек, 2 маммограф, 2 жоғары сапалы ультрадыбыстық зерттеу аппараты, жалпы саны 347 медициналық техника сатып алуға жергілікті бюджеттен 6,07 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде облыстың медициналық ұйымдарын жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 79%-дан 92%-ға жетті.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен берілген 2 жылжымалы медициналық кешен арқылы 2024 жылы 15 871 ауыл тұрғыны онкологиялық скринингтен өткен. Ауылдық жерлерде инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр. Атап айтар болсақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 38 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Бүгінде 23 нысан пайдалануға берілді, қалған 15 нысан осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Сонымен қатар биыл жергілікті бюджет есебінен 7 жаңа медициналық мекеменің құрылысы басталды. 2022 жылы Еңбекшіқазақ көпбейінді ауданаралық ауруханасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі демонстрациялық алаңы ашылды.
Стационар пациенттеріне көрсетілетін көмектің сапасын арттыру мақсатында өңірдің медициналық мекемелерінде госпитальдық фармация бөлімшелері жұмысын бастады. Бүгінде облыста травматология, нейрохирургия, рентгенохирургия, ЛОР, урология бағыттарында жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар республикалық деңгейде жасалатын эндопротездеу, нейрохирургиялық операциялар жүргізіліп жатыр.
Балаларға арналған оңалту қызметтері де кеңейіп келеді. «Қамқорлық» қорының қолдауымен облыста церебралды сал ауруы, аутизм, эпилепсия, психикалық және сөйлеу дамуының бұзылыстары, сондай-ақ өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар балаларға арналған оңалту орталықтары ашылды. Орталықтар Еңбекшіқазақ ауданаралық ауруханасы, Жамбыл, Кеген аудандық ауруханаларының базасында жұмыс істейді. Бұл орталықтар ерекше қажеттілігі бар балалардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, оңалту нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік берді.
Өңірдегі кадр тапшылығын төмендету мақсатында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен медициналық кадрларды даярлау жүзеге асырылып келеді. Былтырғы жылы облысқа 90 жаңа дәрігер келген. Қазіргі таңда медициналық резидентурада 180 маман жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқып жатыр. Аса тапшы мамандықтар бойынша қызметке келгендерге 8 500 000 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем беріледі.
– Халықтың сұранысына сай келетін тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру – басты міндетіміз, – деп қорытындылады Ақмарал Шәріпбайқызы.
Сапар соңында сала басшысы Қонаев қаласындағы көпбейінді қалалық ауруханасының жұмысымен танысты. Азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдады. Сондай-ақ брифингте БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.