Роман әлемнің 70-тен астам тіліне аударылып, оның желісісмен15 фильм түсірілді. Хайдидің әлемдік даңқы алдымен АҚШ-та басталып, кейін Жапонияға дейін жетті. Былайша айтқанда, ол лезде-ақ әлемдік шығармаға айналды. 1880 жылы жарық көрген романның алғашқы томы Швейцария мен Германияда зор қызығушылық тудырып, автор Йоханна Спиридің есімін кеңінен танымал етті. Бір жылдан кейін кітаптың екінші томы жарияланды.
2023 жылы Хайди мен Йоханна Спири мұрасына қатысты екі Цюрих архиві ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізілді. Бұл шешім романның 140 жыл бойы үздіксіз оқылып келе жатқанын және әлемдік мәдени мұраға қосқан үлесін айғақтайды. Романдағы оқиға Хайдидің туысы Детерің оны тау бөктерінде тұратын қатал мінезді атасына апарып тастауынан басталады. Дете – XIX ғасырдағы көптеген швейцариялықтар секілді күнкөріс қамымен Франкфуртқа кеткен мигрант кейіпкер. 1850-1888 жылдары кедейлікке байланысты шамамен 330 мың швейцариялық шетел асқан, олардың басым бөлігі АҚШ-ты бетке алған.
Хайди тау өміріне тез бейімделіп, табиғатқа жақындығы және ақкөңілдігі арқылы атасының жүрегін жаулап алады. Бірақ бір күні Дете қайта оралып, оны өзімен бірге Франкфуртқа алып кетеді. Қаладағы бай отбасында қамалып қалған Хайди сағыныштан ауырып қалады. Дәрігердің кеңесімен Альпісі тауына қайта оралады.
«Хайдидің» АҚШ-тағы танымалдығы 1884 жылдан басталды. Жазушының көзі тірісінде романының үш түрлі ағылшын тіліндегі нұсқасы жарық көрген. 1936 жылға қарай тек АҚШ-та 20 миллион данасы сатылған. Экрандағы алғашқы нұсқа – 1920 жылы шыққан үнсіз фильм. 1937 жылы Голливуд түсірген жаңа нұсқада «Хайдиді» әйгілі актриса Ширли Темпл сомдады. Фильмнің табысы Швейцарияны американдық көрерменге «альпілік жұмақ» ретінде танытты.
Ал Жапонияда «Хайди» романы 1920 жылдан бастап танымал болды. Романның 300-ден астам жапон тіліндегі аудармасы жарық көрді.1974 жылы Иссао Такахата түсірген «Альпілік қыз Хайди» атты анимациялық сериал Жапонияда ғана емес, Еуропада да үлкен табысқа қол жеткізді. Режиссер шығарма жазылған жерге арнайы барып, Альпі табиғатынан шабыт алған. Бүгінде Яманаси аумағындағы «Хайди ауылы» жыл сайын миллиондаған саяхатшыны қабылдайды. Бір шығарма бір мемлекеттің мәдениетін әлемге таныстыруға түрткі болғанын бүкіл әлем жақсы біледі. Әдебиеттің күші деген осы шығар.