Мәдениет • Кеше

«Ұлы Жібек Жолы» балеті көрермен қошеметіне бөленді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында көпшілік асыға күткен «Ұлы Жібек Жолы» атты екі бөлімді балеттің салтанатты премьерасы өтті, деп жазады Egemen.kz.

«Ұлы Жібек Жолы» балеті көрермен қошеметіне бөленді

Қазақ балет өнеріндегі ірі оқиғалардың бірі саналған бұл қойылым тарихи тақырыпты заманауи интерпретациямен ұштастырып, өнерсүйер қауымның зор қызығушылығын тудырды. Музыка авторы – жас композитор Әйгерім Еркебаева. Спектакльдің идеясы, концепциясы, либреттосы мен хореографиясы Қазақстанның халық әртісі, театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі Гүлжан Тұтқыбаеваға тиесілі. Шығармашылық тандем сахнада терең мазмұнды, көркемдігі жоғары спектакльді дүниеге әкеліпті.

Қойылым Ұлы Жібек жолының тарихи маңызын жаңа қырынан зерделейді. Балетте өткен мен бүгіннің байланысы, уақыт пен кеңістіктің сабақтастығы ерекше поэтикалық тілмен бейнеленеді. Сюжет цифрлық оқшауланған әлемде өмір сүріп жүрген жас жігіттің ішкі рухани әлемінен басталады. Жан дүниесі шынайы сезімді жоғалтпаған кейіпкер абыз қартпен жүздескеннен кейін көрерменді ежелгі дәуірге – кезінде өркениеттер тоғысқан Ұлы Жібек жолының керемет кезеңіне жетелейді.

Ежелгі Шығыстың сан қырлы бояуы – керуен көштері, базардың қызулы тынысы, түрлі елдердің мәдениеті мен салт-дәстүрі сахналық пластикамен әсем өріледі. Сол ортада жас жігіт Ақсұңқар есімді пәк те адал қызды кездестіреді. Ақсұңқардың бейнесі – тазалық пен мейірімнің символы. Алайда олардың арасына жылтыр дүниенің құлы болған венециялық саудагер килігеді. Айнамен сиқырланған Ақсұңқар басқа әлемге еріп кетеді. Қызды қайтаруға бел буған жас жігіт түрлі сынақтан өтеді, елестермен бетпе-бет келіп, өз әлсіздігін жеңеді. Қойылым финалында кейіпкер өз уақытына оралып, бозғылт тартқан суық қаланың өзіне жан бітіреді. Бұл – рухани ояну, адам болмысының жаңғыруы, мәңгілік құндылықтардың жеңісі.

«Ұлы Жібек Жолы» балеті – философиялық ойға жетелейтін, тарихи көркемдік пен заманауи сахналық шешімдердің үйлесімінен туған әсерлі туынды. Қойылым әр дәуірде де өзектілігін жоғалтпайтын рухани тазалық, адами сезім, мәдени байланыс секілді құндылықтарды тереңнен қозғайды.

Премьера нәзік хореографиясы, симфониялық музыканың бай өрнегі, көркем сценографиясы және актерлердің үздік пластикалық шешімдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл қойылым қазақ балет өнерінің жаңа белесі екені сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар

Өнердің емдік қуаты

Өнер • 29 Қараша, 2025

Ақын мен Алматы

Тұлға • 29 Қараша, 2025

Қауіпсіздік шифраторы

Ғалам ғажаптары • 29 Қараша, 2025

Ананы ардақтау – борышымыз

Жәдігер • 29 Қараша, 2025

Жылу желілері жаңартылады

Аймақтар • 29 Қараша, 2025