Экономика • 29 Қараша, 2025

Инфрақұрылым игілігі мен экологиялық жауапкершілік

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары еліміздің экономика мен экологиялық саясатында жаңа көзқарас қалыптаса бастады. Бұл – мемлекетке артық салмақ салмай, өз табысын өзі тауып, соны қайта халық игілігіне бағыттайтын жаңа модель. Мысалы, бір жағынан ақылы жолдар қозғалысты қауіпсіз әрі сапалы ету арқылы өз-өзін қаржыландыратын жүйеге айналса, екінші жағынан, «Жасыл даму» компаниясы табиғатты қорғау, экологиялық қатерлерді жою әрі өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бағытында ірі жобаларды іске асырып отыр.

Инфрақұрылым игілігі мен экологиялық жауапкершілік

Ақылы жол – төлем қа­был­­дай­тын бекет қана емес, өз беті­мен жұмыс істейтін толыққанды жүйе. Мұндай жолдарды кү­тіп ұстауға мемлекеттен жеке қаржы бөлінбейді, республи­калық бюджет бұл бағытты қар­жыландырмайды. Барлық жұмыс жүргізуші төлеген қаражат­тың есебінен атқарылады. «Авто­мобиль жолдары туралы» заң мен Үкіметтің №744 қаулысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық оператор ретінде бекітілген. Компания өкілдерінің айтуынша, жолдан түскен қаржы бөлек есепте сақталып, жолдың күтімі мен қауіпсіздігіне ғана жұмсалады.

«Жүргізуші төлеген әр теңге жолға қайта оралады. Мысалы, былтыр ақылы жолдардан 53 мил­лиард теңге жиналды. Бұл қара­жаттың арқасында жолдардың үздіксіз күтімі қамтамасыз етілді. Бір жылдың ішінде 43 мың шаршы метр ойық жөнделіп, 17,6 мың шақырым жол белгілеулері жаңартылды. 29 мыңдай жол белгісі орнатылып, қыс мезгілінде 2,3 миллион текше метр қар тазаланды. Сонымен қатар 680 техника сатып алынды, ал 383 миллион теңге республикалық бюджетке аударылды. Бұл – жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Ал биылғы жылдың қаңтар-қазан айларындағы көрсеткіш бұдан да жоғары. Осы кезеңде 72 мил­лиард теңге жиналып, жол желісі 26 ақылы учаскеге дейін кеңейді. Олардың жалпы ұзындығы – 4 883 шақырым. Осы уақытта 61,4 мың шаршы метр ойық жөнделіп, 19,6 мың шақырым жол белгілеулері салынды. 4 363 жол белгісі орнатылып, 31,6 мың желі метр қоршау жаңартылды. Қысқы мау­сымда қар тазалау көлемі 417 мың шақырымға жетті. Техника жаңарту ісі де жалғасып жатыр, 89 трактор сатып алынды, тағы 504 техниканы күтіп отырмыз», дейді компания өкілдері.

Компания жұмысы ашық әрі бақылауда. 2024 жылы Ан­тикор­рупция қызметі мен Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тек­серіс жүргізген. Барлық қар­жы есебі жыл сайын аудиттен өтеді. Құжаттар Қаржы ми­нистр­лігінің депозитарийінде және компанияның ресми сайтында ашық жарияланады.

Осындай қаржылық әрі ұтым­ды ұйымдастыру жүйесі экология саласында да қалыптасып отыр. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келген экологиялық мәсе­лелерге нақты қадам жасалды. Бұл бағытта «Жасыл даму» компаниясы маңызды рөл атқарып келеді. 2025 жылы компания эко­логиялық қатерлерді жою мен табиғи ортаны қалпына келтіруге 42,7 миллиард теңге бөлді. Компа­ния мәліметінше, 11,9 миллиард теңге кеңес дәуірінен қалған жеті нысандағы иесіз қалдықтарды жоюға бағытталады. Мұндай нысандар Ақмола, Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыс­тарында орналасқан. Тағы 5 млрд теңге Маңғыстау облысындағы Қошқарата қалдық қоймасын жою жұмысына жұмсалады.

Бұдан бөлек, тұрмыстық қалдық­тар полигондарын жаңар­ту мен жаңасын салу ісі басталды. Бұл бағытқа 21 млрд теңге қарастырылған. Ал 2026 жылдың соңына дейін бұл саладағы жалпы инвестиция көлемі 185 миллиард теңгеге жетуге тиіс. Көп өңірде мұндай полигондар 30–40 жыл бойы жаңартылмаған. Сонымен қатар Каспий теңізін зерттеу институтының жұмысына 1,8 млрд теңге, Аралдың құрғаған табанын орманға айналдыруға 2,6 млрд теңге бөлінді.

«Орманды қалпына келтіру үшін қажетті жабдықтар сатып алынады. Бұл мақсатқа 21,3 миллиард теңге бөлінді. Ал орман өрттерін алдын ала анықтап, жедел сөндіруге мүмкіндік бере­тін ерте бақылау жүйесін алу үшін 32 миллиард теңге қарасты­рылған. Бұған қоса орман шаруашылықтарына арнал­ған техника мен көлік сатып алуға 8 млрд теңге, ал еліміздің гидро­метеорологиялық қызметін жаңғыртуға 8,9 млрд теңге бө­лінді», дейді компания өкілдері.

Компания экологиялық бағытпен ғана шектелмей, утиль­алым қаражатын ел экономи­касы­ның нақты секторына ба­ғыт­тап отыр. Үкіметтің №604 қау­лысына сәйкес өңдеу өнеркәсі­бін дамытуға 604,6 млрд теңге бөлінді. Қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуге 9,7 млрд теңге, экологиялық мәдениет пен экологиялық білім шараларына 400 млн теңге қарастырылған.

Ең тиімді бағыттардың бірі – револьверлік несие бағдарламасы. Соның арқасында отандастарымыз 13 мыңнан астам отандық көлікті жеңілдетілген шартпен сатып алды. Бұл автозауыттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, ішкі өндірістің үзіліс­сіз жүруіне мүмкіндік берді. Ауыл шаруа­шылығында да оң нәтиже бар.  Фермерлер 1,8 мыңға жуық трактор мен комбайнды лизинг арқылы алып, отандық техникаға сұраныс арттырды.

«Қоғамдық көлік те жаңа­рып жатыр. Осы мақсатқа 45 млрд теңге бөлініп, 1 761 экологиялық автобус сатып алынды. Компанияның есебінше, бұл жаңару жыл сайын 16 миллионнан астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар аймақтардағы көлік қатынасын жақсартып, өңір­лердің өмір сапасын арттыруға жол ашып отыр. Утильалымнан түскен қара­жатты төтенше жағ­дай­лар қызметі, орман шаруа­шы­лығы мен поли­ция­ның техникалық базасын жаңар­туға да бағыттап отырмыз. Орман меке­мелеріне техника алу үшін 8 млрд теңге, гидрометеорологиялық қызметті жаңғыртуға 8,9 млрд теңге бөлінген», деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда «Жа­­сыл даму» мемлекетке 175 миллиард теңге аударған. Бұдан бөлек, өңдеу өнер­кәсібі жобаларына 605 миллиард тең­геден астам қаржы бөлу жоспарланған.

Бүгінде еліміздің дамуы бюд­жетке ғана сүйенбейді, әр сала өз әлеуетімен ілгерілеп келеді. Ақы­лы жолдар  эконо­мика­ның қоз­ғаушы күшіне, ал «Жасыл даму» экологиялық жаң­ғы­ру­дың ті­регіне айналды. Бірі жол­дағы қауіп­сіздік пен тәртіп­ті қам­тамасыз етсе, екіншісі қоршаған ортаны қорғауға және өмір сапасын арттыруға бағытталған. Бұл – елдің тұрақты дамуы мен эко­номикалық тәуелсіздігін нығай­ту жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар болашақ ұрпақ­қа қолайлы орта мен сапалы инфра­құрылым қалды­рудың нақты үлгісі.