Фото: egemen.kz
Мамандардың айтуынша, инфекциялық ауруға шалдығатындардың басым бөлігі тиісті екпені салдырмағандар екен.
Сонымен қатар елімізде баласына екпе салдыруға қарсы ата-аналар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2007 жылы 5300 ата-ана баласына екпе салдырудан бас тартса, өткен жылы олардың саны 20 700-ге жеткен. Ал биылдың өзінде 20 000 ата-ана екпеден бас тарту туралы өтінішті толтырған.
Халықаралық ЮНИСЕФ ұйымының зерттеу дерегіне сай еліміздегі ата-аналардың 60%-ы мұндай шешімді нақты келеңсіз жағдайлардан кейін қабылдаған.
Ал ересектердің 12%-ы діни себептерге байланысты екпе алмаған болса, тағы 12%-ы екпеге сенімсіздік танытқан. Респонденттердің 6%-ы екпеден бас тартуына әлеуметтік желідегі ақпараттар әсер еткенін мойындаған.
Жұртшылық арасындағы екпеге қатысты теріс пайымдарды сейілту үшін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы екпе салдыру ісі бойынша ресми онлайн-порталды іске қосқан.
Порталда екпе әсері аутизм ауруын тудырмайтыны туралы ақпараттар жарияланады. Сондай-ақ екпеге қатысты көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап беру жүйесі жолға қойылған.