Фото: astana-akshamy.kz
Күдікті сілтемеге өтпеу керек
Көп таралған схемалардың бірі – ақша түскені туралы жалған хабарлама жіберу. Ондай кезде азаматтар банк шотына түскен ақша сомасы туралы SMS-хабарлама алады. Кейін оларға қаскөйлер қоңырау шалып, өзін ақша аударған адам ретінде таныстырады да, «қателесіп аударыппын» деген сылтаумен түскен ақшаны кері қайтаруды сұрайды. Бірақ, көбіне мұндай хабарламалар жалған болып шығады.
Осындай хабарлама немесе қоңырау қабылдаған кезде ақшаның қайдан келгенін тек банктің ресми мобильді қосымшасында немесе интернет-банкинг арқылы тексеріп алған ләзім. Белгісіз нөмірден келген SMS-хабарламаға сақ болып, күдікті сілтемеге өтпеу керек.
Алаяқтық схеманың тағы бір түрі
Қаскөйлер белгілі бір азаматтың шотына шынайы түрде ақша аударады. Кейін олар ақша аударған адам болып қоңырау шалып, «қателесіп аударғанын» айтады да, түскен ақшаны қайтаруға басқа бір үшінші тараптың шотын ұсынады. Әңгіме кезінде психологиялық қысым (мысалы, ақша баланың еміне керек екенін айтып) көрсетуі немесе құқық қорғау органдарына, болмаса, сотқа шағымданатынын айтып, қорқытуы мүмкін. Көбіне алаяқтар өзін «күш құрылымдарының» немесе «Ұлттық Банктің қызметкері» ретінде таныстырып, жеке және банк деректерін сұратады.
Ұлттық Банк осындай оқиғаға тап болған жағдайда немесе белгісіз біреулерден ақша түскенде үшінші тараптың шотына ақша аударудан сақ болуға шақырады. Өзгеден келген ақшаны қайтару амалын нақтылау үшін дереу банкке хабарласқан дұрыс. Қажет болса, тиісті өтінішті тапсыру үшін банктің ең жақын бөлімшесіне бару керек.
Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына арыз түсірген дұрыс. Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөміріне қоңырау шалып, Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.