Ерлан Саиров депутаттық сауалында бүгінде әрбір жексенбі сайын ауыл, аудан, қала әкімдерінің сайлауы өтіп жатқанын атап өтті.
Алайда мәжілісмен мәселенің пысықтайтын тұстары бар екеніне назар аударды.
«Әлі де сайланып жатқан ауыл әкімдерінің құзыретін, олардың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігін реттеу қажет екеніне көзіміз жетіп отыр. Заң аясында ауыл әкімдерінің құзыретін әлі де кеңейтуіміз қажет. Төртінші бюджетті қалыптастыру тетіктерін заңмен пысықтауымыз тиіс», деді депутат.
Бүгінде елімізде аудан, қала әкімдерін сайлау пилоттық жобасы аясында 52 әкім сайланған. Десе де депутат сайланған аудан әкімдерінің арасында бір жылға жетпей жұмысынан кеткендер де бар екенін жеткізді.
Бұрын қала, аудан әкімі болған Мархабат Жайымбетов әріптесінің ұсынысын қолдады. Ол аймақтарды аралау барысында аудан әкімдерін тікелей сайлау жүйесі әлі де пысықтауды қажет ететініне көз жеткізген.
«Ауданға бөлінетін қаржы мәселесін реттеу қажет. Ал аудан әкімдерінің құзыреті бойынша бірнеше заңға өзгеріс енгізу керек. Мысалы, білім беру саласының шығыстары облыстық бюджетте қалып, кірістері аудан бюджетінде. Қазір аудан әкімдерінде құзырет аз, жауапкершілік көп. Тіпті білім, денсаулық, ветеринария саласы, жұмыспен қамту орталықтары аудан әкіміне бағынбайды. Ең бастысы, ауыл әкімдерін сайлаудың 5 жылдық кезеңін күтіп, ауылда сайланған әкімдердің тәжірибелі корпусын даярлау маңызды. Сонда ғана саяси, ең бастысы кәсіби кадрлар резерві қалыптасады. Сондықтан оған әзірге уақытша тоқтау қойып, жан-жақты пысықтағанымыз жөн», деді Мархабат Жайымбетов.
Бұған қоса, Ерлан Саиров аудан әкімдерінің сайлауына қыруар қаражат кететінін алға тартты.
«Тек биылдың өзінде 6 аудан әкімі мен 1 облыстық маңызы бар қала әкімінің сайлауы өтті. Осының өзіне мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалды», деді депутат.
Өз сөзінде Ерлан Саиров ауылдық округ әкімдерінің сайлау жүйесін енгізу бес жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатқанын айтып, аудан әкімдерін сайлау мәселесіне жүйелі әрі жан-жақты зерделенген тәсіл қажет екеніне тоқталды.
Бұл ретте ол әлемдік тәжірибеге арқа сүйеген саяси сарапшылар мен мемлекеттік басқаруда тәжірибесі бар азаматтардың «аудан әкімдерін мәслихат депутаттары да сайлай алады» деген пікірін ортаға салды.
Сондай-ақ, депутаттар осынау маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайтынына назар аударып, ұсыныстың сайлау процесін шектеуге емес, керісінше халықтың сайлауға деген сенімін арттыруға бағытталғанын ескертті.
Сөз соңында қос депутат жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік қызмет, сайлау, өңірлерді дамыту туралы көптеген заңдарға қажетті нормаларды енгізгенше, аудан деңгейіндегі әкімдердің тікелей сайлауын тоқтата тұруды ұсынды.