Технология • Кеше

Қазақстандық инженер АҚШ-тағы ең үздік 10 дрон әзірлеушінің қатарына кірді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Вашингтонда өткен «Drone Dominance Innovation Challenge» (Беспилоттық ұшу аппараттарының доминациясы бойынша инновациялық байқау) конкурсында Шығыс Қазақстан облысының тумасы Ерлан Әлімханов әзірлеген көпмақсатты дрон ТОП-10 финалист қатарына енді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстандық инженер АҚШ-тағы ең үздік 10 дрон әзірлеушінің қатарына кірді

фото: Ерлан Әлімхановтың жеке архиві

«MEGADRONE360» деп аталатын дронды жасауға шамамен екі жыл уақыт кеткен, және ол толықтай АҚШ-та әзірленген. Нәтижесінде жоба дрон технологиялары саласындағы 200-ден астам америкалық компаниямен бәсекеде финалға өтті.

Ерлан Әлімхановтың айтуынша, дронының бірегейлігі оның модульдік құрылымында және 360 градусқа айналатын платформасында. Мұндай мүмкіндік дронды әскери де, азаматтық та салаларда пайдалануға жол ашады. Құрылымы төтенше жағдайларға арналған әртүрлі модульдерді орнатуға мүмкіндік береді. Мысалы, адамдарды құтқару және эвакуациялау кезінде, әуедегі айналмалы прожектор ретінде, дәрі-дәрмек жеткізуге, жүк тасымалдауға немесе өрт сөндіруге қолдануға болады. Өрт кезінде модульдік платформа құрғақ ұнтақты химиялық өрт сөндіру заттарын атқылайтын механизммен жабдықталған.

ъ

Дронның қолдану саласы өте кең: отшашу ұшырудан бастап ауыр бейнекамера орнатуға дейін.

Қазіргі уақытта оның функционалдығын кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде мобильді күн электр станциясын әзірлеу және жермен жүретін робот режимін қосу жоспары бар.

«Америка қарулану жағынан әлемдегі жетекші ел. Біздің қатысуымыз және компаниямыздың ТОП-10 финалист қатарына енуі мен үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен жетістік. Жобамды таныстыру барысында менің Қазақстаннан шыққанымды ерекше атап өттім. Америкалықтар біздің елде де жоғары технологиялар индустриясы дамып жатқанын білсін», деді Ерлан Әлімханов.

Ерлан Әлімханов Шығыс Қазақстан облысының Лениногорск қаласында дүниеге келген, бүкіл өмірін Алматыда өткізген. Қазақ ауылшаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша аяқтап, кәсіби жолын өнеркәсіптік дизайнға арнаған.

2021 жылы АҚШ-тың таланттар визасына (EB-1A) өтінім беріп, кейін Калифорния штатының Фримонт қаласына қоныс аударған. Дрондармен айналысудан бөлек, АҚШ-та халық тұтынатын тауарлардың 3D-дизайнері болып жұмыс істейді.