Қоғам • Бүгін, 16:17

Кассациялық сот қалай жұмыс істейді?

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қылмыстық істер жөніндегі Кассациялық сот осы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істей бастады. Оның басты міндеті –  күшіне енген үкімдер мен қаулылардың заңдылығын тексеру. Апелляциялық сатыдан өткеннен кейін азаматтар, жәбірленушілер немесе прокурорлар жүгіне алатын соңғы мүмкіндік те осы кассация болып саналады, деп жазады Egemen.kzү

Кассациялық сот қалай жұмыс істейді?

Фото: ашық дереккөз

Кассацияға шағым түсіру құқығы сотталған және ақталған адамдарға, олардың қорғаушыларына, заңды өкілдеріне, жәбірленушілер мен олардың өкілдеріне тиесілі. Сонымен бірге үкім оның мүлкіне немесе құқығына әсер еткен тұлғалар да шағым бере алады. Мысалы, тәркіленген немесе тыйым салынған мүліктің иесі.

Шағым жазбаша немесе электрондық түрде қабылданады. Алайда бір маңызды талап бар. Апелляциялық тәртіп сақталмаса, кассациялық шағым қаралмайды. Заң үкім заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде ғана шағым түсіруге рұқсат етеді. Бұл мерзім кешіктірілсе, қайта қалпына келмейді.

Кассациялық шағым мазмұны өте нақты болуы шарт. Қандай заң нормасы бұзылғаны, ол сот шешіміне қалай әсер еткені, қандай талап қойылғаны, қандай дәлелдер келтірілгені толық көрсетілуі тиіс. Шағым іс жүргізу тіліне сай жазылады. Бас бостандығынан айыру мекемесінде отырғандар өз шағымын сол мекеме арқылы жөнелтеді. Талаптар сақталмаса, шағым қайтарылады, бірақ кемшіліктер түзетілген соң оны қайта тапсыруға кедергі жоқ.

Іс кассациялық сотқа түскен соң тараптарға шағым көшірмелері жіберіледі, олардың жауабы қабылданады. Сот барлық дәлелді тексеріп, сот актілерінің заңдылығын, негізділігін, әділдігін толық бағалайды. Сонымен бірге сотталған адамның жағдайын нашарлату тек прокурордың наразылығында немесе жәбірленушінің шағымында ашық көрсетілген жағдайда ғана мүмкін болатыны заңда белгіленген.

Осы орайда Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы Д.Н. Тухфатова кассациялық тәртіптің маңызын атап өтіп, шағым беру мәдениетіне қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, азаматтың өз құқығын тиімді пайдалануына ең алдымен шағымның мерзімінде берілуі ықпал етеді.  «Кассациялық шағымның уақытында берілуі азаматтың өз құқығын толық пайдалануына тікелей әсер етеді», дейді судья.

Судья Тухфатова сонымен қатар кассациялық соттың мәртебесі туралы кеңірек тоқталып өтті. Ол кассациялық сатының бірінші немесе апелляциялық сатыны қайталап тексеретін орган емес екенін ескертті.

Оның айтуынша кассацияның міндеті істі қайта тергеу емес, құқық нормаларының дұрыс қолданылғанын тексеру.  Бұл пікір кассацияның міндетін халыққа түсіндіруде аса маңызды, өйткені бұл сатыда дәлелдер қайта талданбайды, тек құқық нормаларының қолданылуы бағаланады.

Кассациялық соттың құзыреті фактіні қайта анықтау немесе тергеу жүргізу емес. Сондықтан үкім заңды күшіне енгеннен кейін пайда болған жаңа мән-жайлар, сотқа алғаш рет ұсынылған сараптамалар немесе бұрын қаралмаған дәлелдер кассацияда зерттелмейді. Бұл мәселелер тек бірінші немесе апелляциялық сатыда қаралады.

Алқабилер қатысқан істер бойынша шығарылған үкімдер де ерекше тәртіппен қайта қаралады. Мұндай істер кассацияға тек кінәсізді соттау қаупі туған, мемлекеттік немесе қоғамдық мүддеге нұқсан келетін, ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін жағдайларда немесе құқық нормаларын қолдану бірізділігі бұзылған кезде ғана жіберіледі.

Кассациялық тәртіптің енгізілуі азаматтар үшін құқықтық кепілдікті күшейтеді және сот жүйесіндегі әділдік стандарттарын нақтылай түседі. Бұл сатының тиімділігі шағымның сауатты дайындалуына, заң талаптарының сақталуына және тараптардың белсенділігіне тікелей байланысты.