Фото: Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов ведомство жүргізіп жатқан басым бағыттар жөнінде баяндап, жауынгерлік дайындықты жетілдіру, инфрақұрылымды жаңарту, заманауи қауіпсіздік стандарттарын енгізу және цифрландыру үдерістері жөнінде егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, әскерге шақыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету және әскери қызметтің қауіпсіз ортасын қалыптастыру үшін Парламентпен, қоғаммен және ата-аналар қоғамдастығымен тұрақты әрі тиімді байланыс қажет.
Министр мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбаздармен жұмысты күшейтуге ерекше мән берілетінін атап өтті. Командирлерді даярлау талаптары күшейтіліп, нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, әскери қызметшілердің отбасыларымен байланыс артып келеді.
Жиын барысында әлеуметтік қолдау тетіктері де ұсынылды. Биыл 2710 сарбаз білім гранттарына ие болған, ал 20 мыңнан астам әскери қызметші жалпы сомасы 8 млрд теңге болатын кредиттік демалысқа қол жеткізген. Сонымен қатар «Smart военкомат», Jauynger, Sarbaz 2.0, Askeri Ziyat сияқты цифрлық бастамалар мен Арнайы операциялар күштеріне арналған жаңа киім үлгілері таныстырылды.
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Қорғаныс саласында әскери омбудсмен институтын енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай тетік әскери орта, қоғам және Парламент арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың және сарбаздардың өтініштеріне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді.
Қоғамдық ұйым өкілдері ресми әрі ашық коммуникацияның маңызын атап өтті. «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің жетекшісі Лилия Хайруллина шынайы ақпараттың қоғамдағы сенімді нығайтып, жалған ақпараттың таралуына тосқауыл болатынын жеткізді.
Талқылауға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, әскери сарапшылар және БАҚ өкілдері де атсалысты. «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрмет ақпараттық кеңістікте әскери салаға қатысты оң көзқарас қалыптастыру үшін жүйелі жұмыс қажет екенін айтты.
Мәжіліс депутаттары биыл қабылданған әскери-патриоттық тәрбие, аумақтық қорғаныс және резервтік қызметке қатысты үш маңызды заңды еске сала отырып, заңнаманы жетілдіру керек екенін атап өтті.
Ардагерлер – Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен генерал-майор Марат Нағұманов – жеке құраммен жұмыс жүргізу бойынша өз тәжірибелерін бөлісіп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Дөңгелек үстел форматы мемлекеттік органдар, күштік құрылымдар және қоғамдық ұйым өкілдерінің ортақ ұстанымдарын біріктіруге мүмкіндік берді. Жиын қорытындысы бойынша әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қорғауды күшейту, қызмет жағдайларын жақсарту және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласында заң шығарушылардың, мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысына бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді