Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Меморандум шеңберінде тараптар орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу процесіне ғылыми, инновациялық және цифрлық технологияларды, сонымен бірге ЖИ енгізу, STEM бағыттарын дамыту және жас ғалымдарға қолдау көрсету бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға келісті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде ғылымды дамытуға айрықша басымдық беріліп отыр. Бұл меморандум – болашақ зияткерлік әлеуетті қалыптастыру жолындағы нақты қадам. Бүгінде ерте жастан ғылымға баулу мақсатында білім беру ұйымдарында STEM-зертханалар, заманауи пәндік кабинеттер мен түрлі шеберханалар арқылы зерттеу инфрақұрылымы қалыптастырылып жатыр. Биыл мектеп оқушылары 80-ге жуық халықаралық және республикалық ғылыми жобалар байқауларына қатысты. Бұл болашақ ғалымдарды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды сапалы жалғастырудың өзектілігін көрсетеді», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жыл басынан бері халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда 1 564 оқушы 171 алтын, 312 күміс, 394 қола, барлығы 879 медаль иеленген.
Сондай-ақ елімізде халықаралық беделді ғылыми байқауларда жеңіске жеткен оқушылар мен олардың педагогтеріне бір реттік мемлекеттік сыйақы төлеу жүйесі енгізіліп жатыр. Бұған дейін мұндай ынталандыру халықаралық пәндік олимпиадалардан орын алған балалар үшін мүмкін болып келген еді.