Цифрлық теңгені енгізудің бағыттары
Ортамерзімді кезеңде кемінде 100 мемлекеттік жобаны жүзеге асыру кезінде цифрлық теңгені енгізу міндеті қойылып отыр. Ол үшін Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесіп, транзиттік интеграция моделін жүзеге асыруда. Нысаналы модель Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті үшін бірыңғай терезе құруды, цифрлық теңгені эмиссиялау және өтеу жөніндегі үдерістерді автоматтандыруды, сондай-ақ өтімділікті басқару тәсілдерін енгізуді көздейді.
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі – цифрлық трансформация жетекшісі Бинұр Жәленов енгізу барысы мен кеңейту жоспарын ұсынды. Қазір қанатқақты режімде цифрлық теңгені пайдалану бойынша бірнеше жоба сынақтан өткізілуде. Атап айтсақ, Павлодар, Атырау облыстарындағы жолдарды орташа жөндеу бойынша екі жоба мен Астанадағы мектеп оқушыларына тегін ыстық тамақ алуға ваучерлер бөлу жобасы. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру кезінде, «Даму» қоры желісі бойынша кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасына, Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік сатып алулары кезінде боялған ақшаны енгізу жөніндегі қанатқақты жобалар пысықталып жатыр.
Таңбаланған цифрлық бюджет қаражаты тек келісімшартта белгіленген мақсаттарға ғана пайдаланылуы мүмкін. Таңбалау жұмыстарды немесе қызметтерді толық орындап, түпкілікті өндірушілерге жеткізілімді растағаннан соң немесе шарт талаптары аяқталғаннан кейін ғана алынады.
Бұл цифрлық теңгені бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын автоматтандыру мен бақылаудың икемді құралына айналдырады.
Қанатқақты жобалар кеңейтудің алдында шешілуге тиіс бірқатар мәселені анықтады.
Жол жөндеу кезінде цифрлық теңгені енгізу үшін тауарды, жұмыс пен қызметті нормалаудың бірыңғай әдістемесі қажет. Сондай-ақ барлық тауарлар мен қызметтердің боялған бөлшектерімен жобалау-сметалық құжаттаманы цифрландыру қажет. Ол үшін цифрлық теңге платформасын жолдарды жөндеуге сертификатталған тауарларды өндірушілердің немесе лицензияланған жеткізушілердің эталондық дерекқорларымен интеграциялау қажет. Сондай-ақ транзакцияны тексеру әдістемесі мен шығындарды салыстыру алгоритмдері қажет.
«Пилот қорытындысы бойынша біз жекелеген материалдар мен қызметтердің құнындағы айтарлықтай сәйкессіздіктерді көрдік. Салалық сараптамасыз бұл алшақтықтың себебін объективті бағалау мүмкін емес», деді Б.Жәленов.
Бұдан бөлек, цифрлық теңге арқылы төлеу үшін тізбектің барлық қатысушылары – тапсырыс берушілер, бас мердігерлер және қосалқы мердігерлер – «е-шарттар» жүйесінде цифрлық теңгедегі шоттары болуға тиіс.
Әзірлік жұмыстары басталды
Қанатқақты жоба Астанадағы 113 мектеп пен 29 бірегей азық-түлік жеткізушінің қатысуын көздейді. Жоба басқа қиындықтармен қатар, тамақтану қызметтерін іске қосу үшін жеке бизнес-процесті әзірлеу қажеттілігін анықтады. Сондай-ақ мектептердің әртүрлі ұйымдық-құқықтық формаларына байланысты қиындықтар туындайды. Жыл соңына дейін техникалық дайын мектептерді цифрлық теңгеге шығару, ал қалған мәселелерді келесі оқу жылына дейін шешу жоспарланып отыр.
«Дамуға» өтінім беру кезінде ШОБ несиені пайдалану мақсаттарын көрсетіп отырғаны атап өтілді. Бұл бағдарламаланатын параметрлерді алдын ала қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жақын арада 2026 жылғы пилот үшін алғашқы жоба анықталады.
МКК мемлекеттік сатып алу кезінде цифрлық теңгені қолдануға қатысты мемлекеттік сатып алудың жекелеген түрлерінде цифрлық теңгені енгізудің техникалық әзірлігі қамтамасыз етілді. Қажетті құжаттамалық рәсімдер жүргізіліп отыр. Цифрлық теңгені енгізу есеп айырысу тізбектерінің толық ашықтығын қамтамасыз етіп, бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз етеді. Салық тәуекелдерін азайтып, қаражатты жұмсауды бағдарламалау есебінен жалған схемаларды пайдалану мүмкіндігін шектейді.
Қазір қанатқақты режімде іске қосу үшін келесі жобалар пысықталып жатыр. Атап айтқанда, цифрлық ҚҚС – ЭШФ жүйесінің цифрлық теңге платформасымен интеграциясы жүргізіліп отыр. Пилотты кеңейту 2025 жылдың соңына дейін орындалады. «Қауіпсіз мәміле» жобасы – ІІМ мен ЖИЦД министрлігі автомобиль үшін ақша қайта тіркелгенге дейін бұғатталатын механизмді сынақтан өткізіп жатыр. Жоба 2026 жылғы сәуірде іске қосылуға тиіс. Дәл осындай механизмді жылжымайтын мүлік мәмілелері үшін қолдану жоспарланып отыр. Сондай-ақ қымбат медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде және ірі өнеркәсіптік нысандарды салуда цифрлық теңгені қолдану.
Отырыс қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі жыл соңына дейін Ұлттық банкпен бірлесіп, қазынашылық жүйелерін цифрлық теңге платформасымен интеграциялаудың нысаналы моделін әзірлейді деп шешілді. Көлік министрлігінің алдына жолдарды орташа жөндеудің жаңа жобаларында цифрлық теңгені кеңейтудің жол картасын әзірлеу міндеті қойылды. «Самұрық-Қазына», Оқу-ағарту министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық теңгеге сатып алатын жобалардың тізбесін айқындауға тиіс.