Экономика • Кеше

Салықты да бөліп төлеуге болады

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде енді салық төлеушілерге қарызды бірден емес, бөліп төлеу немесе кейінге шегеру мүмкіндігі енгізілмек. Қаржы министрлігі салық, төлем, өсімпұл бойынша қарызды төлеуге қатысты жаңа ережелер бекітті.

Салықты да бөліп төлеуге болады

Енді өтінішті бұрынғыдай қағаз жүзінде емес, eGov порталы арқылы онлайн беруге болады. Бұл жаңалық 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Жаңа тәртіпке сай, азаматтар салық төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу туралы өтінішті үш жолмен бере алады. Заңгер Алмаз Отаров осы үдерістердің қалай жүретінін түсіндіріп берді. Біріншісі – Мемлекеттік кірістер ко­ми­тетінің аумақтық бөлімшелеріне ті­келей жүгіну. Екіншісі – «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік корпора­ция­сы, яғни халық арасында кең таныл­ған ХҚО арқылы өтініш тапсыру. Ал ең ыңғайлысы – eGov порталы арқылы электронды форматта рәсімдеу.

«Электронды үкімет арқылы өтініш беру үдерісі толықтай он­лайн өтеді. Азамат өз жеке кабинетінде өтініш пен төлем кестесін толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен растайды. Барлық қажетті құжаттар, соның ішінде кепілзатқа қатысты анықтамалар, келісімшарттар мен растайтын құжаттар да цифр­лық форматта тіркеледі. Өтініштің қаралу барысы мен шешім нәтижесі порталдағы жеке кабинетте көрсетіледі. Енді азаматтарға бөлімшелерге барып, жеке өтініш жазудың қажеті болмайды. Құжаттар тізімінде бастысы – жаңа үлгідегі өтініш пен төлем кестесі. Қажет болған жағдайда дебиторлар тізімі, олармен жасалған келісімшарттар, табиғи апат немесе маусымдық жағдайды дәлелдейтін құжаттар, сондай-ақ ке­пілзат ұсынылған жағдайда оның меншік құқығын растайтын анық­тамалар қажет етіледі», дейді заңгер.

Ал Мемлекеттік кірістер органы өтінішті он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Кейінге қалдыру мерзімі 6 айға дейін беріледі. Егер салық төлеуші горизонталды мониторингке қатысушы болса, бұл мерзім 12 айға дейін ұзартылады. Бөліп төлеу мерзімі 36 айға дейін созылуы мүмкін.

Мұндай мүмкіндік кімдерге беріледі деген сұраққа министрлік нақты жауап берді. Бұл жеңілдік салық, төлем және өсімпұл бойынша қарызы бар, бірақ белгілі себептермен міндеттемесін уақытында орындай алмай отырған азаматтар мен кәсіпкерлерге қарас­тырылған. Бұған маусымдық жұмыс, та­быстың күрт төмендеуі, деби­тор­лық қарыздар, форс-мажор жағдайлары немесе уақытша қаржылық қиындықтар жа­тады. Мұндай өтініштерді қарау кезінде мемлекеттік кірістер органдары адамның қаржылық жағдайын, төлем тәртібін, кепілзаттың бар-жоғын ескереді.

«Кепілсіз де жеңілдік алуға мүмкін­дік бар. Егер қарыз көлемі 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, яғни ша­мамен 5,89 миллион теңге болса, еш­қандай кепіл немесе банк кепілдігі талап етілмейді. Бірақ мұндай мүмкіндік тек кейінгі екі жыл ішінде тіркеуде тұрған және бұған дейін жеңілдік алмаған салық төлеушілерге беріледі», деп хабарлады Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.

Министрлік өкілдерінің айтуын­ша, бұл жаңашылдық халыққа айтар­лық­тай жеңілдік әкеледі. Бұрын бо­рыш­­керлердің мүлкі бағаланып, сақ­тан­дырылмайынша бөліп төлеу мүм­кін болмаған. Енді жаңа жүйе үдерісті жеңілдетіп, артық бюрократияны азайтады.

«Бұл бастама жаңа Салық кодексі­нің ережелеріне сай қабыл­данды. Енді азаматтарға 1500 АЕК-ке дейінгі қарыз болған жағдайда кепілсіз-ақ бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл қар­жылық жағ­дайы қиын азаматтарға үл­кен кө­мек болмақ», делінген ми­нистрлік түсіндірмесінде.

2026 жылдан бастап салық берешегін өндіру тәртібі де өзгереді. Қазір қарыз 1 теңгеден асса, мемлекеттік кірістер органдары бірден шара қолдана алады. Есепшоттар 6 АЕК-тен, яғни 23,6 мың теңгеден бастап бұғатталады. Ал жаңа жүйеде бұл тәртіп жұмсарады. Егер қарыз 20 АЕК-тен (78,6 мың теңге) аспаса, азаматқа тек ескерту хат жолданып, өсімпұл есептеледі.

Қарыз мөлшері 20-45 АЕК аралы­ғын­да болса, есепшоттағы шығыс операциялары уақытша тоқтатылады, инкас­салық бұй­рық шығарылады. 45 АЕК-тен асқан жағдайда мүлікке тыйым салы­нып, қажет болса сатуға жібе­ріледі. Егер берешек 27 мың АЕК-тен (106 миллион теңге) жоға­ры бол­са және үш ай ішінде өтелмесе, борышкердің шетелге шы­ғуына шектеу қойылып, бан­к­рот­­тық рәсімі басталуы мүмкін.

«Жаңа жүйенің мақсаты – азамат­тар­ға қысым көрсету емес, қайта оларға қаржылық тыныс беру. Бұрын салық орган­дары тіпті аз қарыз үшін де шоттарды бұғаттап, бизнеске кедергі кел­тіре­тін. Енді жүйе әділ әрі түсінікті бол­мақ. Біз адамдардың уақыт­ша қиын­дыққа тап болғанын түсі­не­міз. Сон­дықтан бұл өзгеріс­тер олардың жағ­дайын жеңіл­детуге бағытталған», дейді министр­лік өкілдері.

Жаңа ережелер салық төлеу­шілердің жауапкершілігін арттырумен қатар, мемлекеттік кірістер органдарының да жұмысын ашық әрі ыңғайлы етеді. Ең бастысы, енді азаматтар өз мәселесін eGov арқылы бірнеше минутта шешіп, артық қағазбастылықсыз салық міндеттемесін реттей алады.