Қоғам • Бүгін, 07:58

Марафон жеңімпазы – әке мен бала

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасы аясында жүгіру марафоны өтті. Облыстық білім басқармасы ұйытқы болған марафонға 250 әке өздерінің ұлдарымен бірге қатысты.

Марафон жеңімпазы – әке мен бала

Бұрын мұнайлы өңірде дәл мұндай іс-шара өтпеген еді. Бұл – отбасылық құндылықты нығайтуға, жас буынды саламаттылық салтына тәрбиелеудің маңызын насихаттауға бағытталған ерекше іс-шара. Әкенің ізгілікті ісінен үлгі алатын балалардың ынтасын спортқа аударған марафонның жүлде қоры 600 мың теңге. Спортты серік еткен әкелер бес шақырымға, ал жасы 11-ден асқан ұлдар үш шақырымға жүгірді. 

Әрине, спорттық сайысқа қатысушының мақсаты – жеңімпаз атану. Алайда бабы келіскеннің бағы жанады. Бұл жолы әкелі-балалы Еркебұлан Аташов пен «Достық» мектебінің 11-сыныбында оқитын ұлы Николай Дінмұхаммед жеңімпаз атанды.

«Біз күн сайын жүгіреміз. Бұл біздің дағдымызға айналды. Спорттың қай түрі де, әсіресе жүгіру – денсаулықтың, сергек жүрудің кепілі. Өзім осындай марафонға 2021 жылдан бері қатысып келемін. Ал ұлым 2023 жылдан қатыса бастады. Облыстық және республикалық сайыстарға жиі барамыз. Әкесі мен ұлдары жүгіретін марафонның өтетінін естіп, бірге қатысуды ұйғардық. Бағымыз жанып, екеуміз де жеңімпаз атандық», дейді Е.Аташов.

Ол биыл қазан айында Үндістанда өткен Азия чемпионатына қатысты. Құрлықтық додадан күміс және қола жүлдемен оралды. Әуелі 800 метр қашықтықта күміс, кейін 1,5 шақырымда қола жүлде иеленді.

Әкелер арасынан мәреге екінші келген Болат Мұқашев түрлі марафонға 2017 жылдан бері тұрақты қатысып жүр. Бірнеше рет жүлдегер болды. Ол – 21 шақырымдық марафонды жүгіріп өткен желаяқтың бірі. Енді оның жолын жалғастыруды көздеген ұлы Ибрагим Жұмабай бұл марафонда жеңімпаз бола алмады. Бірақ алғашқы ондыққа кірді.

Ал мәре сызығын үшінші болып Рысбек Төрәлиев кесті. Марафонға оның ұлы да қатысқан еді. Алайда мәреге он бірінші болып жетті.

Спортқа бейім ұлдар арасынан марафонның бірінші жүлдесін Әлім Көшқалиев иеленді. Үшінші орынға Асылжан Салық ие болды.

 

Атырау облысы