Ұлттық спорт • Бүгін, 07:45

Бүркітшілер бақ сынасты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылындағы «Қыран» дәстүрлі саят орталығының ашық алаңында атақты бүркітші Байжүніс Көдековтің 105 жылдығына арналған «Сонар-2025» халықаралық турнирі өтті. Турнирге еліміздің әр түкпірінен келген 14 команда бойынша 88 құсбегі қатысты.

Бүркітшілер бақ сынасты

Құсбегілер қатарында жас­­өспірімдерден бас­тап тә­жірибелі әулеттік саят­шыларға дейін бар. Сонымен қатар Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген саятшылар да жүр.

«Қыран құстармен аң аулау – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын өнер. Байжүніс Көдековтің рухы ұрпақтарды біріктіріп, жастарды бабалар мұрасын үйренуге ынталандырады. Ол – Алматы облысындағы Жалайыр Шора атындағы бүркітшілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Оның есімі ұлттық спортты сақтау және насихаттау­мен тікелей байланысты», деді.

Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген бұл өнер бүгінде заманауи спорт түріне айналып, дала мәдениетінің сұлулығын және бүркітшілердің шеберлігін ортаға салып отыр. Бүркітші Байжүніс Кө­дековтің немересі Бауыржан «Біздің отбасымыз үшін атамыздың мұра­сын құрметтеп, оны ұлықтау – үлкен мәртебе. Оның есімі түрлі елден келген шеберлерді біріктіріп, саят­­шы­лық өнердің жас буынға жалғасуы­на себеп болып отыр», дей келіп, ұйым­дас­тырушыларға ризашылығын білдірді.

Ал турнирді ұйымдастырушы, «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы «Қыран» этноорталығының ұлттық өнер дамуына қосып жатқан үлесін айрық­ша атады. Бүгінде орталықта оқу бағдарламалары іске асып, дәстүрді сақтауға бағытталған көптеген жобалар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ өскелең ұрпақты бүркіт пен тазыны баптаумен қатар, халықаралық чемпионаттар ұйымдастыруға мұрындық болып отырған орталықтың басты мақсаты – бабадан жалғасқан бай мұраны келер ұрпаққа аман жеткізу.

Алатаудың бөктерінде өткен бұл турнир 27-рет ұйымдастырылды. Бағдарлама ұлттық киім мен жабдықты бағалау, «қолға қондыру», «қоңырауға шақыру», «далбаймен жұмыс істеу» сынды бірнеше бағыттан тұрады. Турнир нәтижелері бойынша қолына қыран құс қондырған саятшылар нағыз шебер екендерін аңғартты.

Атап айтсақ, «Бүркіт» аталымы бойынша чемпион атағын Аста­­на қала­сынан келген Ерасыл Се­рік­­бек­ұлы жеңіп алды. Ол бұл жарысқа 15 жылдан бері қатысып келеді.

«Қаршыға» аталымында – Жам­был облысынан келген Баба­жан Берікболсын жеңімпаз атанса, «Ителгі» аталымында – қарағандылық Танат Оспанқұлов үздік шықты.

 

Алматы облысы