Топуриялар әулетінен екі бірдей мықты спортшы шыққаннын жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, Александрдың туған інісі Илья аралас жекпе-жекті серік еткелі 17 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 15 бәсекеде айқын басымдық танытты. Былтыр 17 ақпанда ол аустралиялық Александр Волкановскиді ұрып жығып, жартылай орта салмақтың чемпиондық белбеуін иеленді. Қазан айында америкалық Макс Холлоуэйді есінен тандырып, өз атағын қорғады. Ал биыл небәрі жарты минут аралығында бразилиялық Чарльз Оливейраның осал тұсын оңай тауып, жеңіл салмақтың чемпионы атанды. Германияда туып-өсіп, Испанияның туы астында өнер көрсетіп жүрген 28 жастағы грузин жігіті бүгінде UFC-дің Р4Р (pound-for-pound) нұсқасында теңдессіз деп танылды.
Міне, осы Ильяның ағасы Александр Топурия біздің Бекзат Алмаханға қарсылас. 29 жастағы файтер грек-рим күресі, бразилиялық джиу-джитсу, бокс және кикбоксты жетік меңгерген. Аралас жекпе-жектен өтетін жарыстарға да ара-тұра ғана қатысып тұрады. Осы күнге дейін ол жеті рет октагонға шығып, алты рет жеңіске жетті. Бес бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Александр кездесулерінің басым бөлігін Испанияда өткізіп, Андреас Чигуано, Алехандро Румин, Лукас Тенорио, Альберто Ибанез және Йоханн Сегасқа сан соқтырды. Осыдан 10 жыл бұрын ол болгариялық Иво Ивановтан ұтылды.
Биыл Александр Топурия UFC-мен келісімшартқа отырып, Аустралияның Сидней қаласында ұйымдастырылған алғашқы кездесуінде жергілікті спортшы Колби Тикнеспен күш сынасты. Бұл бәсеке грузиялық файтердің жеңісімен аяқталды.
Бекзат жайында айтар болсақ, оның жасы 27-де. Жамбыл облысы Байзақ ауданының тумасы. Шердогі – 14 жекпе-жек, 12 жеңіс. «Тұран әскері» деген бүркеншік есімді таңдаған қандасымыз 10 қарсыласын нокаутпен, бір рет «сабмишн» тәсілімен жеңді. Былтыр UFC-дегі тұсаукесер кездесуін Алмахан даңқы жер жарған Хабиб Нұрмағамедовтің інісі Умарға қарсы өткізді. Бәсеке барысында оны нокдаунға да жіберді. Бірақ ақырында ұпай санымен ұтылды. Есесіне Бекзат биыл мамырда Канаданың Монреаль қаласында өткен айқаста Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі Брэд Катонаны кескен теректей сұлатып салды. Қазақтың қайсар ұлына осындай жарқын жеңіске қол жеткізу үшін небәрі 1 минут 4 секунд жеткілікті болды.
Парсы шығанағында жалауы желбірейтін жарыста Бекзат бауырымызға сәттілік тілейміз. Александр Топурияны жеңуге оның күш-жігері жететініне сенімдіміз. Қандасымыз нокаутпен ұтып жатса, оған да таңданбаймыз. Сондай-ақ дәл сол турнирде қазақтың тағы бір тегеурінді спортшысы Асу Алмабаев та өнер көрсетеді. Сол кеште «Зұлпықар» америкалық Алекс Переспен айқасады.