Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Көшенің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасян, армян диаспорасының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Еске салсақ, Астанада Месроп Маштоц атындағы көшенің ашылатыны туралы алғаш рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы сәуірде Ереванға жасаған ресми сапары барысында жарияланған еді.
Салтанатты жиында Аида Балаева көшенің ашылуы екі халықтың достық, өзара мәдени бірлікті нығайтуға деген ұмтылысының жаңа рәмізі екенін айтты.
– Іс-шара – армян халқына деген құрметіміз бен достық пейіліміздің белгісі. Осы жылдың сәуір айында Ереванда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Енді ол жерде ойшылдың құнды мұрасы ұлықталады. Қазақстанда Месроп Маштоцтың есімі берілген көшені ашу арқылы біз осы игі қадамға құрметпен жауап беріп, рухани мұра – мәдениеттеріміз қос өзеннің сағасындай тоғысатын, бір-бірін байыта түсетін кеңістік екенін тағы бір дәлелдейміз, – деді А.Балаева.
Месроп Маштоц – Армения бүгінге дейін қолданатын 36 әріптен тұратын әліппені жасап, сол ұлттың тілін, мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан тұлға. Жанна Андреасян армян ғалымының есімін ұлықтау халықтардың өзара құрметі мен достығы, мәдени ынтымақтастығы тарихындағы жаңа белес екенін атап өтті.
– Ереванда Абай саябағының, енді міне, Астанадағы Маштоц көшесінің ашылуы екі ел мәдениетін жалғаған көпір іспетті. Бұл көпір арқылы тек ұлы тұлғалардың есімдері емес, бейбітшілік пен білім, шығармашылық пен достық сияқты ортақ құндылықтар да ұрпақтан-ұрпаққа тарайды. Армения мен Қазақстан – тарихы терең, ұлы ойшылдарының рухани мұрасын ұлықтап, келешекке ұмтылған мемлекеттер. Екі ел арасындағы ынтымақтастық қашанда бір-бірін толықтырып, байытып отыратын серіктестікке негізделген. Сондықтан Маштоц көшесінің ашылуы біздің мәдени және білім саласындағы байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам деп білемін, – деді Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі.
Іс-шара Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның ресми сапары аясында өтті.