Саясат • Бүгін, 08:30

Еларалық келісімге қол қойылды

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкімет үйінің ғимаратында Премьер-министр Олжас Бектенов пен елімізде ресми сапармен жүрген Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинянның кездесуі өтті.

Еларалық келісімге қол қойылды

Екі елдің Премьер-министр­лері саудадан бастап цифрландыру мен туризмге дейінгі сан түрлі бағытты қамтыған кең көлемді кездесуде бас қосты. Әңгіме тек жоспар туралы емес, кейінгі жылдары айтарлықтай артып келе жатқан өзара сенім мен нақты нәтижелерге сүйеніп өрбіді. Осы жолғы келіссөздер екіжақты қаты­настардың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айқын көрсетті.

Кездесуде ең алдымен сауда экономикалық ынтымақтастық мәселесі сөз болды. Тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян арасында өткен келіссөздерде қабылданған уағда­лас­тықтарды орындаудың нақты тетіктерін талқылады. Сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы, көлік, цифрландыру, ғарыш саласы, туризм мен мәдени жобалар жеке бағыт ретінде қарастырылды.

Сонымен бірге екі ел ара­сын­да­ғы сауда айналымының кейінгі жылдары алты есе артқаны ерекше аталды. 2020 жылы тауар айналымы 14 млн 200 мың доллар болған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 82 млн 800 мың долларға жеткен. 2025 жылдың қаңтар мен қыркүйек аралығында өзара сауда көлемі 41 млн 600 мың доллар болды. Тараптар бұл қарқынды сақтап қалу мақсатында 2026 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тауар айналымын ұлғайту туралы жол картасын іске асыруға келісті. Бірлескен өндірістерді еркін және арнайы экономикалық аймақтарда құру, іскерлік байла­ныс­тарды кеңейту әрі «Қазақ­станның экспорттық кредит агенттігі» арқылы сақтан­дыру мүмкіндіктерін пайдалану да талқыланды. Сарапшылар осы жұмыстардың нәтижесінде еліміз металлургия, мұнай химия­сы мен азық түлік өнім­дерін қосымша 350 млн доллар көлемінде экспорттай алады деп есептейді.

Ауыл шаруашылығы бағы­тында да үлкен әлеует бай­қа­лады. Еліміз Арменияға жо­ғары сапалы бидай жеткізуге қызығушылық танытса, Армения бізге маусымаралық уақытта жаңа піскен жеміс, ерте көкөніс және жаңғақ экспорттауға мүмкіндік бар екенін айтты. Ауыл шаруашылығы өнім­де­рінің тауар айналымы 2024 жылы 7 пайызға өсіп, 9 млн 700 мың доллар болған. Ал биыл көрсеткіш өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 35 пайызға артып, 9 млн 200 мың долларға жеткен.

Өнеркәсіп кооперациясы да талқылаудың маңызды қисыны болды. Машина жасау, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, электр­техникасы бағыттарында бірлескен жобалар іске асырылып жатыр. Қазірдің өзінде Қазақстан Арменияға 27 мыңнан астам өнім бірлігін экспорттаған. Тараптар келешекте дайын өнім шығаратын бірлескен кәсіпорын­­дар құруға мүдделі екенін айтты.

Көлік логистика бағытындағы әңгімеде Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды байланыс­тыратын жаңа мүмкіндіктер атап өтілді. Ел аумағында жаңа логистикалық орталықтар ашу, автомобиль жүк тасымалының көлемін арттыру туралы ұсыныс­тар талқыланды. Бұл бағыт екі ел арасындағы транзиттік әлеуетті күшейте түседі.

Цифрландыру мен ғарыш саласы да кездесудің негізгі бөлігінің бірі болды. Жасанды интеллектіні дамыту, GovTech жүйелерін жетілдіру, ақпараттық технологияларды экспорттау мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар технопарктерді кеңейту, білім беру бастамаларын дамыту да талқыланды. Әсіресе Астанада ашылатын TUMO Ventures орталығы мен Ұлттық виртуалды обсерватория жобасы назарға алынды. Тараптар бақылау астрономиясы бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бастамасын да қолдады.

Туризм саласы да айтарлықтай әлеуетке ие екені айтылды. Екі ел тікелей әуе рейстерін көбейтуге, ұшу бағытын кеңейтуге, туристік ағынды арттыруға ниетті. Тау туризміне ерекше көңіл бөлінді. Еліміз Алматы тау кластері жобасын іске қосып жатқанын әрі оның аймақтағы туризмнің маңызды орталығына айналатынын жеткізді.

Кездесу соңында Премьер-министр Олжас Бектенов пен Никол Пашинян жоғары деңгейде қол жеткізілген уағда­лас­тықтарды іске асыру үшін барлық күш жұм­са­латынын айтты. Сонымен қатар ресми сапар аясында делегация Қазақстанның Ұлттық музейіне және Alem.ai жасанды интел­лект орталығына барып, олардың жұмысымен танысты.

Жалпы алғанда, бұл кездесу екі ел арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңге шыққанын, алда атқарылатын жұмыстың ауқымы кең екенін көрсетті.