Экономика • Кеше

Ерлан Ақкенженов: Энергетика саласын жаңғырту – стратегиялық міндет

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мұнай-газ химиясын дамыту, газ өңдеу қуатын арттыру мен жылу-энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту – Мемлекет басшысының Жол­дауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі. Осы маңызды мәсе­лелердің мән-жайын білу мақсатында Энер­гетика министрі Ерлан АҚКЕНЖЕНОВ мырзамен сұхбаттасып, елдің энергетикалық қауіп­сіз­д­ігін арттыруға бағыт­талған ірі жо­ба­лар­дың барысын, көмір­­­с­утектерді терең өңдеу келешегін, алдағы жылдарға жоспарланған жаң­ғыр­ту шараларын нақ­тылап алдық.

Ерлан Ақкенженов: Энергетика саласын жаңғырту – стратегиялық міндет

– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Жоғары дәрежеде қайта өңдеу өндірістерін кеңейту үшін Энергетика министрлігі нақты қандай жұмыстар атқарып отыр?

– Мұнай-газ химиясы – еліміз үшін стратегиялық маңызды сала. Ол шикізат­ты терең өңдеуді, жоғары қо­сылған құны бар өнім шығаруды және эконо­ми­каның жаңа өсім нүктелерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Өткен жылы 2030 жылға дейінгі мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту туралы Жол картасы бекітілді. 15 млрд доллар тартумен және шамамен 20 мың жұмыс орнын (оның 4 мыңнан астамы тұрақты) құрумен 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланған.

Басым бағыттардың қата­рында – бутадиен, полиэти­лен, карбамид өндіретін зауыт­тарды салу. Әсіресе по­лиэтилен өндіру жобасы елі­міздің өңдеу өнеркә­сібі тарихындағы ең ірі индус­трия­лық бастама­лардың бірі болуға тиіс. Сонымен қатар қуаттылығы жылына 500 мың тонналық полипропилен зауыты іске қосыл­ды. Жоспарланған мұнай-газ химиясы жобала­ры­ның жүзеге асуы елімізге көмір­сутектерді терең өң­деу көлемін айтарлықтай арт­ты­руға, сондай-ақ әлемдік мұнай химия нарығындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

– Жолдауда газ өңдеу зауыттарының құрылысын жеделдету тапсырылды. Осы жобалардың қазіргі жай-күйі қандай, олар қашан іске қосылады?

– Ішкі нарықты табиғи газбен қамтамасыз ету – газ саласының басым бағыты. Біздің басты міндетіміз – өз газымызды қайта өңдеу. Бүгінде тарихи ауқымдағы жобалар іске асып отыр. Айталық Қашағанда газ өң­деу зауытының құрылы­сы жүргізіліп жатыр. Оның қуаттылығы жы­лына 1 млрд текше метр газды құрай­ды. Сондай-ақ екінші кезең аясында қуаттылығы 2,5 млрд текше метр /жыл ГӨЗ салу жо­басы пысықталып жатыр. Қарашығанақта газ өң­деу зауытын салу жобасы пысық­талуда. Жаңаөзен қаласында қуаттылығы жылына 900 млн  текше метр болатын жаңа ГӨЗ құрылысы басталды.

Сонымен қатар газдың ресурстық базасын кеңейту жөніндегі Жол картасы іске асып жатыр, оның нәти­жесінде Рожковское, Өріктау Шығыс және Анабай кен орындары өнеркәсіптік пайда­лануға енгізілді.

Бұған қоса қатарлық серік­тестермен бірге «Бей­неу – Бозой – Шымкент» магистрал­дық газ құбыры­ның екінші желісі салынып жатыр. Биыл ұзындығы 300 шақырым болатын «Тал­дықорған – Үшарал» ма­гистралдық газ құбыры пайдалануға берілді.

– Еліміздегі жылу электр орталықтарының тозуы – мемлекеттік деңгейде мән беріліп отырған мәсе­ле. Өткен жылдары бол­ған апаттардың алдын алу және энергетикалық инф­ра­­құрылымды жаңарту үшін қандай шаралар қабыл­данып отыр?

– Инфрақұрылымның тозу деңгейін төменде­ту мақсатында ауқымды жөн­деу науқаны жүргізіліп жатыр. Биыл 10 энергия блогіне, 63 қазандыққа және 39 турбинаға күрделі жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыс нақты нәтиже беруде: 2024 жылмен салыстырғанда ЖЭО-ның орташа тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмен­деді. Бұл – энер­гетикалық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету шеңберіндегі жаңғырту мен жабдықты жаңарту нәтижесі.

Қазір қызыл аймақта 10 ЖЭО, сары аймақта – 17, жасыл аймақта – 10 нысан бар. ЖЭО-ларды жүйелі түрде жаңғырту жалғаса береді. Мақсат – тозуды жыл сайын төмендету және нысандарды қауіпсіз пайдалану аймағына көшіру. Түркістан облысында жалпы қуаттылығы 1000 МВт-ға дейінгі маневрлік бугазды электр стансасының құрылысы белсенді жүріп жатыр. Сондай-ақ Қызылордада қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО-ның құрылысы аяқталып қалды. Алматыдағы жылу орталықтары газға ауыстырылуға тиіс.

– Энергетика және ком­муналдық секторды жаң­ғыр­ту жөніндегі ұлттық жоба қа­лай іске асырылады, оның негізгі басымдықтары қандай?

– Еліміз барлық өңірді қамтитын ауқымды ұлттық жобаны іске асыруға кірісті. 2029 жылға қарай жылу желі­лерінің тозу деңгейін 52%-дан 42%-ға, ал электр желілерінің тозуын 74%-дан 45%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Мақсат – инфрақұ­ры­лымды кезең-кезеңімен жаңар­ту және жылу мен электр энергиясымен жаб­дық­таудың сенімділігін арттыру. Жалпы қуаттылығы 7,3 ГВт болатын генерация объектілерін салу және жаңғыртудың 29 жобасы қарастырылған.

– Еліміз 2060 жыл­ға қарай көміртегі бейта­­рап­­тығына қалай қол жеткіз­бек?

– Президент Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, сонымен қатар елдің көміртегі ізін төмендету жө­ніндегі стратегиялық бағы­тын ескере отырып, энерге­тикалық жүйені қамтамасыз етудің негізгі шешімі – таза көмір технологиялары негі­зіндегі көмір генерациясын әрі қарай дамыту, сондай-ақ баламалы энергия көздерін (ЖЭК) енгізу. Энергетикалық көмір қоры шамамен 34 млрд тоннаны құрайтынын ескерсек, қазба отындарын толықтай тоқтату қисынсыз.

Сондықтан жаңа көмір стансалары қоршаған орта­ға әсері минималды, эколо­гиялық талаптарға сай «таза көмір» технологиялары не­гізінде салынады. Бұл ба­ғыттағы жарқын мысалдар – Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында салынатын жаңа ЖЭО-лар, сондай-ақ Курчатов пен Екібас­тұздағы жобалар. Мұн­да түтін газдарын тазарту жүйе­лері және көмірқышқыл газын ұстау технологиялары қолданылады. Сонымен қатар қолданыстағы көмір стансаларын жаңғырту кезінде де таза көмір технологиялары енгізілетін болады.

– Алдағы жылдары қандай Жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылады?

– Жаңартылатын энергия көздері секторын дамыту белсенді жалғасып жатыр. Бұл – еліміздің энергети­ка­лық трансформациядағы маңызды бағыты. Бүгінде Қазақстанда қуаттылығы 3122 МВт болатын 156 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Биыл жалпы қуаты 455 МВт болатын 9 жаңа нысан іске қосылады. Еліміз стратегиялық халық­аралық инвесторлармен белсенді ынтымақтасып келеді. Олардың жобалық портфелі шамамен 5 ГВт-ны құрайды.

2035 жылға дейін 8 ГВт-дан астам жаңа ЖЭК қуат­тары іске асырылады. Мысалы, Жамбыл облысында қуат­тылығы 1 ГВт болатын ірі жел электр стансасын салу жоба­сы жүзеге асырылады. Біз Masdar компаниясымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Үкіметаралық келісімнің жасалуы мен ратификациялануы бұл жобаны жедел бастауға әрі тұрақты іске асыруға толық дайын екенімізді көрсетеді.

 

Әңгімелескен –

Қуат ӘУЕСБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»