Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Бекешеваның айтуынша, вирусты инфекцияның жұқтырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар.
«Облыста 1-20 қараша аралығында ЖРВИ жұқтыруға байланысты 32 мыңнан астам жағдай тіркелді. Бірақ бұл көрсеткіш шектеу енгізуді қажет етпейді. Қазір жағдай бақылауға алынды. Жалпы А/H3N2/ түріндегі тұмау – жаңа вирус емес. Бұл 1968 жылдан бері айналымда жүр. Биыл тіркелген штамм вакцина құрамымен толық сәйкес келеді», – деді Әлия Бекешева.
Осыған байланысты тұмаудың зертханалық расталған 17 жағдайы анықталып отыр. Осы кезге дейін 58 мыңнан астам адам вакцина салдырған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев емханаларға ЖРВИ симптомымен келетіндердің көбейгенін растады. Мәселен, соңғы тәулікте 154 адам қабылдауға жүгінген.
«Стационарларда 209 науқас жатыр. Ем қабылдап жатқандардың арасында 126 бала мен 45 жүкті әйел бар. Осыған байланысты өңірде қосымша шаралар қабылданды. Тұрғындардан ЖРВИ және тұмау белгілері байқалған жағдайда өзін-өзі емдеуден бас тартып, медициналық көмекке уақытылы жүгінуді сұраймыз», – дейді Қайсар Абдалиев.