Медицинадағы жаңа бағыттың іске қосылуы жыл сайын тағы да 600-дей балаға ерте бастан емдеуге жол ашып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қалалық бөлімшесі ұйымдастырған баспасөз турында журналистерге жаңа орталықтың жұмысын, мамандар қолданатын әдістер мен көмекті кеңейтуге мүмкіндік беретін өзгерістер жағын таныстырды.
Өңірде баламасы жоқ, қаладағы алғашқы «Қамқорлық» ерте оңалту орталығы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында 2025 жылдың тамызында ашылған болатын. Аз уақытта мұнда 57 бала қолдау алды. Оңалту жағы толық МӘМС есебінен жүргізіледі, жеңілдік санатындағы балалар медициналық көмектің барлық түрін тегін алады.
Ерте араласу орталығының меңгерушісі Шәмшігүл Құдажанованың айтуынша, орталық ДЦП, Даун синдромы, тілі мен психомоторлық дамудың кешеуілдеуі, орталық жүйке жүйесінің перинатальды зақымы мен тірек-қимыл жүйесінің туа біткен ақауы бар балаларға бағытталған.

Ата-аналар «Қамқорлық» орталығына жолдаманы өздері тіркелген емханадан алады. Біз бала мен ата-анасын алғашқы қадамынан бастап қолдауға тырысамыз, ерте араласқанда дамуын да түбегейлі өзгертуге болады», дейді маман.
Осы орталық медициналық қана емес, әлеуметтік, білім беру жағынан қолдауға да ерекше назар аударған.
«Мұнда біз баланың дамуына, қабілетін ашып, айналасымен қарым-қатынас жасап үйренуіне мүмкіндік беретін кеңістік құрамыз. Абилитация, дамыту оқыту, когнитивті, моторлық және коммуникативтік дағдыларды жетілдіру арқылы біз балалардың үйлесіммен өсіп-жетілуіне жағдай жасап жатырмыз», дейді балалардың медициналық психологы Әнел Жүнісова.
Мұнда шунгит пен тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, сондай-ақ иммерсиялық ванна да бар. Әр балаға жеке бағдарламаны мультидисциплинарлық команда – невролог, реабилитолог, клиникалық психолог, неонатолог, физиотерапевт, ЛФК дәрігері, логопед және дефектологтар әзірлеп береді.
Мамандардың айтуынша, әсері алғашқы аптадан-ақ байқалып, балалар отыра бастайды, алғашқы қадамын жасап, сөйлейді, ептілігі мен айналасымен тіл табысу дағдыларында айтарлықтай ілгерілеу байқалады.
Баспасөз турында журналистер орталықта жатқан балалардың ата-аналарымен тілдесті. Науқастың әжесі Ольга Игишева: «Біз орталыққа бір аптадан бері барып жүрміз, өзгеріс бар. Бала белсенді, жинақы бола бастады, бұрын айтпаған дыбыстарды айтатын болды. Жайлы жағдай жасалған, мамандары да мықты», дейді.
Осыған ұқсас оңды өзгерісті Сыздықбаевтар отбасы да байқайтынын айтады.
«Екі аптада қызымыз дыбыс шығарып, бұлшықеттері бекіп, еркін жүріп, секіре бастады. Бізде Даун синдромы болғандықтан, бұрын ол тайғанақтап, құлап қала беретін. Мұнда массаж алады, логопедпен, психологпен жұмыс істейді. Өте ризамыз орталықтағыларға», деді әкесі Дінмұхаммед Сыздықбаев.
Айта кетейік, 2019 жылы МӘМС енгізілгенге дейін Алматыда балаларға төрт орталықта ғана реабилитациялық көмек көрсетілетін, жылына 481,8 млн теңгедей қаржы бөлінді бұған. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді: 2025 жылдың 9 айында өңірде 400 мыңнан астам реабилитациялық іс-шара жүргізіліп, қаржыландыру көлемі қазір 2025 жылға 4 млрд теңгеден асып түсті.
«Балалар реабилитациясы бұрын тегін медициналық көмектер пакетіне кіретін, бірақ қаржыландыру шектеулі болғандықтан қажетті қарқынмен дами алмады. МӘМС енгізілгелі бері қызмет көлемі мен сапасы айтарлықтай артып, жаңа технологиялар енгізілді. Балалар барлық көмекті бұрынғыдай тегін алады, жарнаны мемлекет төлейді», деді Қор өкілі Шынар Әлжанова.
Алматыда қазір 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсететін осындай 53 медициналық ұйым жұмыс істейді. Кішкентай пациенттердің сауығып, жаңа, дені сау өмірге қадам басатын мүмкіндігі де жыл сайын артып келеді.