Қоғам • Бүгін, 08:33

Саяхатшылар қатары артып келеді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Атырау облысына туристердің қызығушылығы арта бастады. Биылғы жылы бұл өңірге 83 мыңнан астам адам саяхаттап келді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 19%-ға көп.

Саяхатшылар қатары артып келеді

Облыстық де­не шы­нық­тыру, спорт және туризм бас­қармасының бөлім басшысы мінде­тін атқарушы Жаннат Сабырғалиеваның де­регіне сүйенсек, ту­рис­тер арасында отан­­дастарымыздың үле­сі басым. Өзге өңірлерден келу­шілер саны 73 мыңнан асады. Шетелден келген туристер – 10 мың адам.

– Қазір облыста 250-ден астам туристік мекеме жұмыс істейді. Туристерге 3 млрд теңгенің қыз­меті көрсетілді. Атырау облы­сының инвестициялық тар­тым­дылығы туризм саласындағы оң динамикаға серпін берді. Биыл өңірлік туризмді дамытуға тартылған инвестициялық қар­­жының көлемі 32 млрд тең­гені құрады. Туристердің қызы­­ғушылығын арттыру мақса­тында қолға алынған жо­балар­дың есе­бінен инвестиция көлемі артып келеді, – дейді Ж.Сабыр­ғалиева.

Оның айтуынша, туристік инфрақұрылымды дамыту ба­ғытында бірнеше жобаны іске асыру жалғасын табады. Айта­лық, ортағасырлық Сарай­шық қалашығы мен Жылыой ауда­нындағы Ақмешіт қорымына жол салу қолға алынды. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабының маңын абаттандыру, сондай-ақ жол бойындағы сервистік қызмет көрсететін нысандарды көбейту жүргізіліп жатыр.

Туризм саласын ақпараттық, имидждік тұрғыда ілгерілетуді көздеген «Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығы құрылды. Орталық директорының орынбасары Ләззат Сұлтанованың айтуына қарағанда, «Visit Atyrau» сайты үш тілде жұмыс істейді. Сайтта облыстың табиғи, тарихи, мәдени нысандары туралы толық ақпарат бар.

– Біз өңірдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттауды жалғастыра береміз. Қазірде туристерге арналған мобильді қосымша да­йын­далып жатыр. Бұл қосымша арқылы саяхатшылар маршрутын алдын ала жоспарлап, қонақүй мен гид қызметін онлайн брондай алады. Орталық қызметкерлері «Zhaiyk Brand Fest», «Atyrau Fish Day», «EthnoWeekend», «Lotus Fest», «Tour de Saraishyq» секілді өңірлік, халықаралық жобаларды ұйымдастыруға ұйытқы болды, – деді Л.Сұлтанова.

Сала мамандарының пікірін­ше, Атыраудан Ыстанбұл, Дубай, Амстердам, Тбилиси, Баку бағы­тында ұшатын тұрақты әуе рейс­тері өңір туризмін дамытуға септігін тигізіп отыр. Жақында Италиядағы Милан қаласына тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл Еуропадан келетін туристердің көбеюіне ықпал етеді.

– Атырау облысында көне дәуірден сыр шертетін тарихи мекендер мен орындар көп. Бұл әсіресе шетелдік туристерді қызықтырады. Сол себептен, туристерді қызықтыратын бір­неше мәселеге басымдық беріліп отыр. Біріншіден, туризм саласын жаңа деңгейге көтеруге ден қойылды. Екіншіден, сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру қолға алынды. Бір сөзбен, мұнайлы өңірді жетекші туристік орталықтың біріне айналдыру бағытындағы жұмыс жалғасады, – деді Ж.Сабырғалиева.

 

Атырау облысы