Бәсекеге қабілетті кәсіпорын
Қор қолдауын сезінген кәсіпорынның бірі – «Агрохимсервис-С» ЖШС. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын жұмысын бастаған серіктестік қазір сағатына 10 тоннаға дейін түйіршіктелген тыңайтқыш шығарып, аграршыларды қажетті өніммен қамтамасыз ететін мүмкіндікке ие болған. Биыл компания «Даму» қорының «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы қаржыландыру алып, өндірісін кеңейтуге тағы бір қадам жасады.
«Агрохимсервис-С» ЖШС шығаратын аммоний сульфаты ауыл шаруашылығында қажетті тыңайтқыш саналады. Шаруаға аммоний сульфатының түйіршіктелген қалпы өте тиімді. Тапталмайтын, түйдектеліп қалмайтын түйіршіктер ұнтақтан ауыр болғандықтан желге ұшып, ысырап та болмайды.
Аммоний сульфатын шығаратын «Агрохимсервис-С» ЖШС-нің нарықта жүргеніне 25 жылдан асып барады. Ширек ғасырдан бері Жалағаш ауданынан ашылған компания күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтарға тыңайтқыш жеткізіп келеді.
Алғашқы жылдары тыңайтқышты шеттен тасып келді. Ауыл шаруашылығына аса қажетті өнімді өзімізде шығаруға тыңғылықты дайындалды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы көмегімен іс бастаған кәсіп иесіне банктің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялап, несие сомасының 50 пайызы мөлшерінде кепілдік берген «Даму» қоры көмекке келді.
«Нысан құрылысы басталғанда пандемия килігіп, біраз кідірістеп қалдық. Керекті жабдықтардың бәрін мамандарымыз құрастырып, іс бастап кеттік. Мұндай зауыт басқа аймақта жоқ. Дер кезінде демеу беріп, алғашқы қадамнан бастап қолдау танытқан «Даму» қорына алғыс айтамыз», дейді компанияның қаржы директоры Валентина Ким.
Қазір Жалағаш кентіндегі кәсіпорынның өндірістік базасында 20 мың тоннаға дейін өнім сақтауға арналған қоймалар, ұзындығы 180 метр болатын екі теміржол тұйығы, тиеу-түсіру техникасы мен теміржол таразысы бар.
Кәсіпорын өндіретін тыңайтқыш бақша өнімдеріне де тиімді. Дегенмен қазіргі тұтынушылары негізінен күрішшілер. Былтыр Қостанай, Алматы облыстарынан сұраныс түсті. «Даму» қорының қолдауы арқасында жаңа өндіріске жол ашқан кәсіпорын биыл алғаш рет Астана қаласындағы көрмеге қатысып, өнімдерін өзге өңірлер өкілдеріне таныстырды. Бірнеше аймақпен алдын ала келісім жасасты. Кәсіп иесі енді Еуропа нарығына шығуды жоспарлап отыр. Биыл компания «Даму» қорының «Өрлеу» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан 12,6%-бен тиімді несие алды.
Теміржол вагондары сапалы жөнделеді
Облыста теміржолдағы жолаушылар тасымалымен айналысатын «Марал-Нұр» ЖШС Жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені – «Цифрлық депо» инвестициялық жобасын жүзеге асырып отыр. Жалпы құны
5,4 млрд теңге болатын жобаға жұмсалатын 2,2 млрд теңге «Даму» қорының «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясындағы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ тарапынан қаржыландырылды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде несие мөлшерлемесі жылдық 8%-ға дейін төмендеді.
«Қызылорда – Павлодар», «Жезқазған – Астана» бағыттарында тұрақты жолаушы тасымалын жолға қойған компанияның бұл жобасы жолаушылар вагондарын жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама. Мұндағы жөндеу үдерісінің барлығы цифрлық басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл қызмет сапасын арттырумен қатар, уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Біздің серіктестік бұл салада көп жыл тәжірибе жинаған компания қатарында тұр. Аймақаралық екі бағытта 59 вагонымыз бар. Осыған дейін вагондарымызды еліміздегі, Өзбекстан мен Беларусьтағы вагон деполарына апарып жөндетіп жүрдік. Дегенмен уақыт шығынынан бұрын жөндеуден шыққан вагондар сапасына көңіліміз толмаған кезіміз көп. Сондықтан да бес жыл бұрын осы инвестициялық жобаны қолға алып, бұйырса алда жылына 500-ден астам жолаушылар вагонына техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Осы арқылы қалада жаңадан 100-ден астам жұмыс орны ашылып, жастарды тұрақты табысы бар салаға бейімдегіміз келеді. Осы күні жолаушылар талабы да өсіп отыр. Вагонның қыста жылы, жазда салқын болғанын, бар жағдайдың жасалғанын қалайды. Біз жаңа технология арқасында сол үдеден шығамыз деп отырмыз», дейді «Марал-Нұр» ЖШС директорының кеңесшісі Әбдімәулен Әлішев.
14 жылда – 11 мыңнан астам жұмыс орны
2010–2024 жылдар аралығында мемлекеттен қолдау алған өңір кәсіпкерлері 11,3 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 537 млрд теңге салық төлепті. Журналистермен жүздесуде «Даму» қорының Қызылорда облысы бойынша өңірлік филиал директоры Айдос Жылқайдаров осындай дерек айтты.
Жеңілдікпен қаржыландыру, кепіл жеткіліксіз кезде кепілдік беру, пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау арқылы қолдау танытатын қор көмегі арқасында көптеген кәсіпкер шағын ісін үлкен бизнеске айналдырып отыр.
– «Даму» қоры ұлттық даму институты болғандықтан, еліміздің барлық өңіріндегі шағын және орта бизнестің дамуына жәрдемдесіп, экономикаға айтарлықтай серпін береді. Негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, денсаулық сақтау мен білім салаларына басымдық беріп отырмыз. Биыл маусым айында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралына балама болып, кәсіпкерлердің қаржыны кідіріссіз алуына мүмкіндік беретін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Облыста осы бағдарлама басталған уақыттан бері 19 жоба жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге қолдау алды», дейді филиал директоры.
Қызылорда