Зейнет жасындағы ардагер ойыншылар сап түзеген турнирдің ашылу салтанатында аудандық «Дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының» директоры Гайдар Мұқанқожаев талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан Кеңесбек Қарсыбекұлының қоғамдық жұмыста атқарған еңбектеріне тоқталды. Спорттық шараға мұрындық болған бауырлары мен ұрпақтарына алғыс білдіріп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде Алғабас орта мектебінің директоры Мақсат Мамаев та ұлағатты ұстаздың өнегелі өмірі ұрпаққа өнеге екенін атады.
Кеңесбек Қарсыбекұлы білім саласында үзіліссіз 58 жыл еңбек етіп, оның 35 жылын мектеп басқару саласына арнаған. Республикалық газет-журналдарда штаттан тыс тілші, фототілші болып, есімі елге танылған. «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі», «Жетісу», «Коммунизм нұры» сынды газет-журналдарда 100-ден аса мақала мен очерктері жарияланған. Оның қаламынан бала тәрбиесі, ауыл өмірі, еңбек адамдарының келбеті көрініс тауып, сан мыңдаған оқырмандармен қауыштырған. Қаламы қарымды ұстаз қоғамдағы аса маңызды тақырыптарды қамтып, қазақ баспасөзінде келісті ой-пікір қалыптастырды.
Жарысқа қатысушы спортшылар жеребе арқылы екі топқа бөлініп, бақ сынады. Турнир қорытындысында 1-орынды Кеген ауылының спортшылары жеңіп алса, 2-орынды Алғабастың ардагерлері иеленді. Ал жүлделі 3-орын Жылысай ауылының командасына бұйырды. Көлбастау ауылының командасы 4-орыннан көрінді. Бұдан бөлек, үздік ойыншыларға да құрмет көрсетіліп, түрлі марапат тарту етілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ардагер-спортшы Ертай Нарынбаев пен Гайдар Мұқанқожаев құттықтап, «Дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының» дипломдары, медальдары мен кубоктары және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ұлағатты ұстаздың ұрпақтары Талғат Кеңесбекұлы әулет атынан жарысқа қатысқан спортшылар мен қонақтарға алғысын білдірді.
Алматы облысы