Қоғам • Бүгін, 08:55

Облыстық ауруханада орын тапшы

90 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы ірі медициналық ұйымдардың бірі – Алматы көпсалалы клиникалық аурухана­сы бүгінде облыс тұр­ғын­­дарына жоғары маман­дан­дырылған медици­на­лық көмек көрсететін заманауи орталықтар­дың қатарында. Халыққа сапалы, қауіпсіз әрі қол­жетімді медициналық қыз­мет көрсету, сондай-ақ кәсіби мамандардың әлеуетін дамыту арқылы емдеу сапасын арттыру – ұжымның басты мін­детіне айналған.

Облыстық ауруханада орын тапшы

– Алматы көпсалалы клини­калық ауруханасы – тек емдеу ғана емес, білім мен тәжірибе алмасу орталығы. Мұнда жас мамандар тәжірибе жинап, жо­ғары деңгейлі дәрігерлер өз бі­ліктілігін арттырып отырады. Аурухана заманауи талаптарға сай материалдық-техникалық базаға ие. Ауруханада 360 төсек қоры, бірнеше клиникалық, диагностикалық бөлімшелер бар. Құрамында терапия, хирургия, травматология, нейрохирургия, реанимация, реабилитация, кардиология, кардиохирургия, урология, гинекология, ұрықты қорғау орталығы сынды бөлімшелер жұмыс істейді. Жоғары технологиялы операциялар жасауға мүмкіндік беретін заманауи операциялық блоктар, эндоскопиялық және лапароскопиялық жабдық­тар, соңғы үлгідегі КТ және ультра­дыбыстық диагностикалық ап­па­раттар орнатылған. Лабо­ра­ториялық база толық автомат­тандырылған, нәтижелер электронды жүйе арқылы тіркеледі. Бұл – медициналық қызмет сапасын арттырып, дәрігер мен пациент арасындағы байланыс­ты жеңілдетуге септігін тигізді, – дейді Алматы көпсалалы кли­никалық ауруханасының директоры Майра Әлімбетова.

Ауруханада 900-ге жуық қыз­меткер жұмыс істейді. Оның ішінде 215-і дәрігер және 500-ден астам кіші және орта буын медицина мамандары. Ме­ди­циналық құрамның басым бөлігі – тәжірибелі, жоғары санатты дәрігерлер. Олардың арасында медицина ғылымдарының докторы, магистрлер мен халықара­лық тағылымдамадан өткен мамандар бар. Кадр саясатының негізгі бағыты – үздіксіз білім алу және кәсіби өсу. Дәрігерлер мен мейіргерлер отандық және шетелдік оқу орталықтарында біліктілігін арттырып, халық­аралық стандарттарға сәйкес тә­жірибе жинақтап отыр. Аурухана ішіндегі тренингтер, шеберлік сыныптары мен тәжірибелік семинарлар мамандардың кәсіби дайындығын күшейтуге септеседі.

мпр

Бас дәрігердің сөзінше биыл­­ғы жылы емдеу мекемесінде бір­қа­тар жаңа жоба жүзеге асы­рылып, қызмет көрсету деңгейі жаңа сатыға көтерілген. Атап айт­сақ, хирургиялық бағытта жоға­ры технологиялық операция­лар жолға қойылып, ортопедия және травматология бөлімшесінде жамбас пен тізе буындарын эндопротездеу операциялары жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында тегін жасалып, көптеген науқасқа қайта жүру мүмкіндігін сыйлаған.

Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары орталығы жаңартылған. Жаңа ангиографиялық кешен іске қосылып, жедел инфаркт кезінде стент қою, кардио­хи­рур­гиялық араласулар жасау мүм­­кіндігі артқандығы аталды. Диаг­ностикалық қызмет ке­ңей­­­тіліп, зертханалық базаның жаңартылуы, биохимиялық және генетикалық зерттеулердің жаңа түрлерінің енгізілуі медициналық қызметтің қолжетімділін арттыра түскен. Оңалту орталығында ин­сульт, жарақат және операциядан кейінгі науқастарға арналған қалпына келтіру бағдарлама­лары жаңартылған. Сондай-ақ әлеу­меттік жобалар үздіксіз жү­зеге асырылуда. Аурухана базасында «Денсаулық фестивалі», «Ашық есік күндері», «Жүрек айлығы», басқа да акциялар ұйым­­дастырылып, нәтижесінде мыңдаған тұрғын тегін кеңес пен тексеруден өткен.

Заманауи жетістіктерге қара­мастан, аурухана алдында ше­ші­мін күткен мәселелер де жоқ емес. Қазіргі басты проблема – орын тапшылығы. Халық са­нының артуы мен қала маңы тұр­ғындарының ауруханаға жиі жүгінуі салдарынан жоспарлы емделушілер үшін орын аз­дығы айқын көрініс табуда. Оған мысал, емдеу мекемесіне жылына шамамен 40 мыңға жуық науқас келсе, тәулігіне 150-ге жуық адамға қызмет көрсетіледі екен. Науқастар санының көп­тігі кейде аурухананың нақты қуатынан асып түседі. Оның қиындығын дәрігерлермен қатар, емделушілер де көріп отыр.

«Бүйрек қызметінің бұзы­луынан денсаулығым нашарлап жедел жәрдеммен келіп түстім. Терапия бөлімінде науқастың көптігінен алғашында орын болмады. 4 орындық палатаға 5 тө­сек қойып, науқастардың ауруы­нан ажырауына тік тұрып қыз­мет көрсеткен терапия бөлі­­мінің меңгерушісі Назым Жақып­баева бастаған ақ желеңді абзал жандарға алғысым шексіз. Осын­дай көпсалалы аурухананың төсек орынын көбейтсе жөн болар еді», – дейді емделуші, Кеген ауданының Құрметті азаматы Әлікен Қапалбаев.

Осы күні шектен тыс жүк­теме мен кадр тапшылығы да тү­йін­ді мәселеге айналып отыр­­ғанын жасыруға болмас. Маман­дар жеткілікті болғанымен, жұ­мыс көлемі өте жоғары. Бір дәрі­гер күніне ондаған науқас қабыл­дайды. Бұл физикалық және пси­хологиялық тұрғыда үлкен жүк­теме. Аурухана әкімшілігі бұл бағытта нақты жоспарлар жа­сап, жаңа инвестициялар мен се­рік­тестік жобаларды қарас­ты­рып отыр. Биылғы жыл еліміз­де «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгі­лі. Бұл бастама медициналық сала қыз­­мет­керлеріне де ерекше сер­пін берген.

Сайып келгенде Алматы көп­салалы клиникалық ауруханасы – сапалы медициналық көмек пен адами капиталдың үйлесімін көрсететін үлгілі мекеме. Мұнда кәсіби шеберлік пен жаңашылдық қатар өрбіп, басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығына қалтқысыз қызмет көрсетуде та­бандылық танытып келеді. Қиын­дықтарға қарамастан, ұжым халық сенімін ақтап, жаңа биік­терге ұмтылуда. Алдағы уақыт­та аурухана төсек қорын ұлғай­тып, диагностикалық және хирур­гиялық қызметті кеңейтіп, цифр­лық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруді көздеп отыр.

 

Алматы облысы