Аталған мекеме мамандарының мәлімдеуінше, бүгінде Шымкент қаласының ЖИТС орталығында 1 974 науқас диспансерлік есепте тұрады. Оның 1 944-і антиретровирустық ем алады. Науқастардың 90%-ы вирустық супрессияға қол жеткізген. Емдеу қазіргі заманғы препараттарды қолданып, кешенді түрде жүргізіледі. Дәрігерлер 2025 жылғы сәуірден бастап ЖИТС орталығында жаңа технологиямен өндірілетін «Рилпивирин, Тенофовира алафенамид, Эмтрицитабин» препараты қолданылатынын жеткізді. Бұл дәрілер емдеу барысында науқастарға өзінің оң әсерін тигізді. Аталған препараттар тіпті ұзақ уақыт қолданғанда да жоғары тиімділігімен, төмен уыттылығымен әрі жағымсыз құбылыстардың аз санымен ерекшеленеді. Одан бөлек орталық мамандарының айтуынша, зерттеудің жаңа әдістерін енгізу клиникалық диагностика мен емдеу тиімділігіне мониторингті айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Енді АИТВ жұқтыру қаупі жоғары адамдар өздерінің АИТВ-мәртебесін, клиникаларға бармай-ақ, 20 минут ішінде жедел-тест арқылы біле алады.
Халық арасында АИТВ-ның таралуын болдырмау үшін ретровирусқа қарсы терапия жүргізіліп тұрады. Бүгінде оны 1 217 адам алып жатыр. Мамандар оның тиімділігі өте жоғары екенін айтады. Себебі ретровирусқа қарсы терапия – аурудың салдарымен күрескенше, аурудың алдын алудың төте жолы. Сондай-ақ дәрігерлердің мәлімдеуінше, өңірде қауіпті инфекцияның таралуын болдырмаудың тиімді әдісі ол – ерте диагностикадан өту. Сондықтан ауру жұқтыру қаупі жоғары азаматтар өз еріктерімен жиі тексеріліп тұру қажет. Ауру жұқтыруға бейім қандай азаматтар десек, олар біріншіден сақтанбай жыныстық қатынасқа түсетіндер. Қауіптілік аймағында жұбының ЖИТС-пен ауыратынын білетін адамдар. Олар да денсаулығын жиі бақылап жүруге тиіс. Бір инені ортақ пайдаланатын нашақорлар. Бірақ олардың үлесі осы күнде біршама азайған. Қазір жыныстық жолмен жұғу жағдайы өршіп жатыр. Сондықтан дәрігерлер азаматтарды дер кезінде тест-анализ алып тұруға кеңес береді. Ол ең алдымен адамның өзін ғана емес, айналасындағы жандарды да кеселден сақтайды.
«Бүгінде біз АИТВ проблемаларын шешіп беретін өзгерістер мен тиімді жолдарды қарастыру маңызды. Ретровирусқа қарсы терапияға қолжетімділікті кеңейту АИТВ-мен байланысты аурушаңдық пен өлім-жітімнің төмендеуіне алып келді. Антиретровирустық терапияны енгізу АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға толыққанды, саламатты тіршілік кешуге және өз өмірінің сапасын едәуір жақсартуға көмектесті. Сонымен бірге осынау профилактикалық іс-шараның арқасында жүкті әйелдердегі АИТВ-инфекциясын уақтылы анықтауға сондай-ақ түрлі жағдайда инфекцияны жұқтырудың вертикальды жолын болдырмауға мүмкіндік берді. Атқарылып жатқан іс-шаралар жүкті әйелдерде АИТВ-ны дер кезінде нақтылап, инфекцияның анадан балаға берілуіне жол бермеуге көмектесті. Шымкентте бүгінге дейін АИТВ індетін жұқтырған әйелдерден дені сау 619 сәби дүниеге келді. Сондай-ақ келешек жас ұрпақтың саулығына бағытталған алдын алу шаралары мен жалпы ақпараттандыру жұмыстары күшейтілді. Бүгінде мегаполисте жасөспірімдер мен жастарға қолдау көрсететін, саламатты өмір салты мәдениетін қалыптастырып, психологиялық әл-ауқатты нығайтуға көмектесетін 9 «Жастар денсаулық орталығы» яғни ЖДО-лар жұмыс істейді. Біз осы ЖДО-лармен бірлесе отырып жастарды жыныстық және репродуктивті денсаулық сондай-ақ психологиялық саламаттылық мәселелері турасында көп нәрседен хабардар етіп отырамыз. Мұнан өзге жұқпалы немесе жұқпалы емес аурулардың алдын алуға, денсаулықты сақтауға байланысты дұрыс көзқарас пен дағдыларды қалыптастыруға ықпал етіп келеміз. Осы аталған іс-шаралардың нәтижесінде АИТВ қауіптілігін азайтып, инфекциядан қорғалған таза қоғам құруды мұрат тұтамыз», дейді ЖИТС орталығының бас дәрігері Бекен Сырбек.