Қоғам • Бүгін, 08:40

Қала дамуына қарқын қосқан жобалар

20 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Шымкентте инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауларындағы елдің әлеуметтік тұрмысын жақсарту мақсатындағы тапсырмасын орындау қарқынды іске асырылып жатыр.

Қала дамуына қарқын қосқан жобалар

Қазір қала құрамына қосылған елді мекендерге қажетті инфра­құры­лым тарту қолға алынды. Сондай-ақ жаңадан пайда болған шағын аудандардағы көпқабат­ты үйлерді инженерлік-коммуналдық инфра­құрылыммен қамтамасыз ету ісі де қарқын алған. Осының барлығы да халық­тың игілігі үшін жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы атап өт­кендей, елдің экономикалық өсімін респуб­ликаның әрбір азаматы сезінуге тиіс. Сондықтан қазынадағы қаражат бірінші кезекте халықтың жағдайын көтеруге, инфрақұрылымды дамытуға жұмсалуы маңызды.

Нақты мәліметке жүгінсек, бүгінде шаһар­дағы 81 елді мекеннің 80-іне ауыз­су жүйесі жүргізілді. 23 мың халқы бар Құрсай тұрғын алабына ауыз­су құбыры тартылды. Бірақ мердігер қазыл­ған жерді реттеп абаттандыру жұ­­мыс­тарын жүргізуі керек. Сол үшін комис­­сия нысанды қабылдамай отыр. Әкім­­дік құзырына өт­пеген соң тізімге ен­бе­ген. Негізін­де Құрсай елді мекенінің тұр­ғын­дарына ауыз­су ертеректе беріл­ген.

Өткен жылы атқарылған ең ауқым­ды жұмыстардың бірі Бозарық, Сай­рам, Қайтпас-1 елді мекендеріне инфрақұрылым жүйесі жүргізіліп, 27 мың тұрғын таза ауызсумен қамтылды. Со­ның нәтижесінде шаһарда ауызсумен қамтылу деңгейі 99 пайыздан 99,5 пайызға өсті.

Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, Шым­кентте елді мекен саны 81-ден әлдеқайда көп. Бірақ басқарма нақты статистикада 2018 жылы Шымкент мегаполис атанғанға дейінгі мәліметке сүйенеді. Кейінгі бес-алты жыл көлемінде бұрынғы елді мекендердің жанынан жаңадан қоныстар пайда болды. Олардың өзі дербес бір тұрғын жайға айналды. Сол себепті оларға жаңа атаулар берілді. Ендігі кезекте кейін қосылған елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту үнемі күн тәртібіне қойылып келеді. Сондықтан да салаға жауапты басқарма ауызсумен қамту мәселесінде жүз пайыз­дық көрсеткішке толық қол жеткізе алмай отыр. Сонымен бірге бұрынғы елді мекендердің аумағындағы жер ауыл ша­руашылығы мақсатындағы егістік даласы еді. Тұрғын үй салу мақсатында егістік жері учаскелерге бөлініп, үйлер салынды. Тұрғындардың өтінішімен сол үйлерге ауызсу құбыры тартылып жатыр. Алайда мамандардың айтуынша, инфрақұрылым нақты қоныс санына қарай жүргізілуге тиіс. Мәселен, Оңтүстік тұрғын алабында мың шақты жер учаскесі бар. Бірақ үй салып тұрып жатқан отбасылар саны – отыз. Бір кездері электр желісі, газ тарату қондырғылары бос жатқан учаскелерден қолды болып кеткен. Басқарма таратқан мәліметке сүйенсек, биыл Шымкент­те 4 елді мекенге ауызсу жүйесінің құры­лысы жүргізілді. Енді Қызылжар-2, Ақ­жайық, Қайтпас-1-ге іргелес Тұран тұрғын алаптарының абоненттерін ауызсу жүйесіне қосу жұмыстары қалды. Ол биыл жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Сондай-ақ биыл Текесу елді мекеніне 14 шақырым ауызсу құбыры тартылып, жергілікті халық орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Аталған нысан құрылысына 100 млн теңге қар­жы жұмсалды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мердігер мекемелер тегін құбырлармен қамтамасыз етті. Олардың арасында «Сарыағаш Аман», «Шебер-2», «Оймақ Құрылыс» секілді компаниялар бар. Ал құрылыс жұмыстары «Су құбыры және канализация басқармасы» коммуналдық кәсіпорны тарапынан атқарылды. Сол секілді Айкөл елді мекенінде де демеушілер есебінен 18 шақырым су құбыры тартылып жатыр. Оның құрылысына 157 млн теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Қала аумағындағы елді мекендер мен тұрғын үйлер саны жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл орайда ауызсу жүйесінің қуаттылығын арттыру мәселесі туындай бастады. Осыған байланысты алдағы уақытта шаһардан 6 жаңа су жинақтағыш қондырғысы салынатын болады. Одан бөлек Таскен, Оңтүстік, Ақжайық, Қазығұрт стансасы, Жиделі, Исфиджаб, Гидрогеолог, Орманшы елді мекендерінде ауызсу жүйесі құрылысын кезең-кезеңімен бас­тау жоспарланып отыр. Сондай-ақ 81 елді мекеннің жиырма алтысы су бұру жүйесімен қамтамасыз етілді.

Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту бас­қар­масының басшысы Рзабек Мең­діқұловтың айтуынша, шаһарда жүзеге асырылған ауқымды жобалардың ішінде үлкен диаметрлі магистралды кәріз жүйесі коллекторының құрылысы ерекше. Құны 11 млрд теңгеге бағаланған осы жобаның нәтижесінде Шымсити, Асар-2, Ақжайық, Достық шағын аудандардың шайынды сулары магис­тралды кәріз жүйесіне барып құйылып жатыр. Бұрын ол жоқ кезде осы шағын аудандардың 120 мың халқына кәріз жүйесін пайдалануға техникалық шарт берілмеген еді. Тұрғындар осы магис­тралды кәріз жүйесі коллекторының құрылысын ұзақ күтті. Нысан былтыр аяқталып биыл халықтың игілігіне пайдалануға берілді. Ендігі кезекте Тұран мен Бозарық елді мекендерінің тұрғындары да орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосыла алады. Басқарма басшысының сөзінше кәріз жүйесінің болуы мегаполиске тән өркениеттің белгісі. Сол себепті жергілікті әкімдік бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта күшейтуге барын салады. Қазірдің өзінде қосымша бір кәріз коллекторы салынуда. Әкімдік белгілеген жоспарға сәйкес қаланың Солтүстік-батыс елді мекенінде кәріз жүйесінің ауқымды құрылысы бас­талды. Одан басқа шаһардан ағып келіп жатқан шайынды сулардың көптігіне байланысты қуаттылығы 410 мың текше метрді құрайтын жаңа кәріз суын тазалау қондырғысы орнатылмақ.

Қаланың бас энергетигі Р.Меңдіқұлов шаһардағы 81 елді мекен толығымен электр қуатымен қамтылғанын жеткізді. Өткен жылы Асар-2, Бозарық елді мекендерінде тиісті құрылыс жұмыстары қолға алынып, нәтижесінде аталған тұрғын алаптың халқы сапалы электр энергиясын тұтынып отыр. Шымкентте қазір үш қосалқы стансаның құрылысы жүру үстінде: «Ақжар», «Бадам», «Тұран» қосалқы стансалары. Бұл нысандар іске қосылған жағдайда жеті елді мекеннің жарық қуаттылығы артады. Бүгінде Қызылжар-2, Ақжайық, Азат, Құрсай, Тұран елді мекендерінің тұрғындарын абоненттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ол біткен соң аталған елді мекендердегі 13 мың абонент сапалы электр энергиясына қол жеткізеді. Басқарма басшысының мәлімдеуінше 110 кВ құрайтын «Ақжар» қосымша стансасын салу 2019 жылы бас­талып, «сақалды» құрылысқа айналып кеткен еді. Құрылыстың ұзап кетуіне 2.5 шақырымды құрайтын кабель ұрланып, 500 млн теңге шығын келтірілуі де себеп болды. Электр кабелін арнайы тапсырыспен Ресейден әкелгенше де біраз уақыт өтті. Дейтұрғанмен, мерзімінен кешеуілдеген жобаға қала әкімдігі үлкен қолдау білдіріп соның арқасында осы күнде қосалқы станса құрылысы толығымен аяқталды. Ендігі ретте тек нысанды қабылдап алу жұмыстары қалып отыр. Құны 7,6 млрд теңге тұратын «Ақжар» қосалқы стансасы іске қосылса Құрсай, Қазығұрт, Ақжар, Ақтас, Айкөл елді мекендері мен қала шетінде орналасқан индустриалды аймақтардағы зауыт-фабрикаларды қуатты электр энергиясымен қамтитын болады. Сондай-ақ электр қуатына деген қажеттілікті толық қанағаттандыру үшін келешекте мегаполисте тағы 7 қосалқы станса салынады деген жоспар бар. Олар «Қызылсу» 220 кВ, «Тұран» 110 кВ, «Шымсити» 110 кВ, «Жұлдыз» 220 кВ, «СЛО-2» 110 кВ, «Ынтымақ» 110 кВ, «Бозарық-2 ИА» 110 кВ қосалқы стансалары.

Жауапты сала басшысының айтуын­ша, мол электр қуаты қала үшін өте қажет. Өйткені экономикалық өсімнің арқасында шаһарда жаңа инвестициялық жобалар қолға алынып, көптеген зауыт-фабрика ашылуда. Олардың өндірісін тұрақты қамтамасыз етуге бірінші кезекте әрине электр энергиясы керек. Осы мақсатқа орай жергілікті әкімдік қосалқы стансалардың құрылысына ерекше көңіл бөліп отыр. Кәсіпорындардан бөлек көпқабатты сондай-ақ жеке сектордағы үйлерді де сапалы электр қуатымен қамту әкімдік мойнындағы маңызды міндет саналады.

Басқарма таратқан мәліметте Шым­кенттегі 81 елді мекеннің алпысында табиғи газ бар. 20 елді мекен жекемен­шік компаниялар арқылы жартылай қамтылған. Бір елді мекен Айкөлге табиғи газ мүлде тартылмаған. Былтыр Қайнарбұлақ, Ынтымақ-2, Бозарық, Еламан, Қаратөбе, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендерінде газ тартылып, бүгінде 90 мыңнан астам абонент «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Соның нәтижесінде шаһарда табиғи газбен қамтылу деңгейі 96 пайыздан 97 пайызға артты. Р.Меңдіқұловтың мәлімдеуінше, биыл 10 елді мекенде газ құбырын тарту жұмыстары қолға алынды. Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қызылжар-2, Қайтпас-1, Достық, Алтынтөбе, Тұран елді мекендеріндегі үйлерді «көгілдір отынға» қосу жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Осы игі істің арқасында 22 мың тұрғын үйлерін көмірмен емес газбен жылытуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге 2021 жылдан бері созылып келе жатқан Тассай елді мекенін газбен қамтуға арналған 1,8 млрд теңгенің жобасы осы жылдың соңына қарай толық аяқталады деген болжам бар. Тассайда тұрып 3 345 отбасының екі жарым мыңға жуығы бүгінде табиғи газға қосылып үлгерді. Енді әкімдік осы жыл соңына дейін қалған абоненттің үйін «көгілдір отынға» қосып беруге тиіс. Басқарма басшысы мәлімдегендей, биыл қала әкімдігі тарапынан газ желілеріне диагностика жүргізуге арналған арнайы «Пергам» типті жылжымалы қондырғысы сатып алынды. Оның көмегімен газ құбырының жай-күйі туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға, ықтимал зақымдануды немесе тозуды анықтауға, сондай-ақ газ тасымалдау жүйесінің тиімділігін бағалауға болады. Мәселен, шілде айынан бері 107,3 шақырым газ құбырына диагностикалау жұмыстары жүргізілген. Құбыр диаметрлері 63-тен 325 мм дейінгі ара­лықты құраған. Учаскелердегі 67 нысанды тексеру барысында 45 ақау анықтал­ған. Диагности­калау кезінде байқалған ақауларға сай тиісті мекемелерге ұсыныстар беріліп, жөндеу, қалпына келтіру толығы­мен жүргізілді. Нәтижесінде, қаладағы инже­­нерлік желілердің техникалық сапасы жақсарып газ инфрақұрылымын пайдаланудағы қауіптілік бірнеше есеге төмендеді. Сондай-ақ басқарма басшысы алдағы уақытта Шымкентте табиғи газ қуаттылығын арттыратын 3 жаңа газ тарату стансасының және айналма магис­тралды газ құбырының құрылысы басталатынын жеткізді. Бұл жұмыстардың барлығы да мегаполисті дамыту жоспарына сәйкес атқарылады.

Шаһардың бас энергетигі газ құбы­рынан бөлек диагностикалаудың жаңа әдісі жылу құбырларына да қолданылып жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ қала билігі биылғы қысқы жылыту маусымына тыңғылықты дайындалғанын, барлық көпқабатты үйлерге жылу біртегіс беріліп жатқанын мәлімдеді. Одан бөлек басқарма басшысы әкімдік жылуды көпқабатты үйлерге шейін жеткізіп беруге міндетті екенін, әрі қарай пәтерлерге тарайтын ішкі құбырлардың жағдайына сол үйдің тұрғындары жауапты болатынын тілге тиек етті. Сондықтан жылыту маусымына дайындық мәселесіне көпқабатты тұрғын үй иелері де жауап­кершілікпен қарау керектігін ескертті.

«Қала тұрғындарын сапалы және үздіксіз жылумен қамту мақсатында Шымкент қаласында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Соның бірі бү­гінгі таңда жылу желілерінің тозу дең­гейін төмендетіп, апаттылықты азайту бағытында құбырішілік диагнос­тика технологиясын енгізіп отырмыз. Бұл — құбырлардың ішкі қабырғасын жоғары дәлдікпен сканерлеп, ақауларды анықтайтын заманауи әдіс. Аталған технология Қазақстанда алғаш рет Шымкент қаласында қанатқақты жоба ретінде сыналды. Қаладағы магистралды 7 көшеде диаметрі 400-1000 мм аралығында 1 263 метр жылу құбырына диагностика жүргізілді. Нәтижесінде, құбырлардың техникалық жай-күйі қанағаттанарлық деп танылып, қауіпті учаскелерді қадағалауға нақты ұсыныстар берілді. Бұл тәсіл жөндеу шығындарын 20-дан 75 пайызға дейін қысқартып, апат қауіптілігін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллект технологиясы деректерді өңдеу кезінде қолданылып, талдау дәлдігі 15 пайызға артты», деді Р.Меңдіқұлов.