Симпозиумның мақсаты – ортағасырлық Сарайшық қалашығының тарихи, саяси және мәдени маңызын жан-жақты зерттеу. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сарайшықты сақтау, жаңғырту жөніндегі тапсырмасы ұлттық мәдениет пен тарихи мұраға жаңа көзқарасты қалыптастырды. Ғалымдар мен мамандардың тың ізденісіне серпін берді. Ғалымдардың ғылыми тұжырымы мен ұсыныстары тарихи қалашықты зерттеу және сақтау стратегиясын жетілдіруге ықпал етеді. Қалашықтың аумағында ғылыми зерттеу жүргізу мақсатында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. Жайық өзенінің жағалауына таяу орналасқан көне қалашықты қорғау үшін инженерлік бекіту шаралары жүргізілді.
«Сарайшық қаласы – Шығыс пен Батысты, түрлі өркениет пен мәдениетті тоғыстырған аса маңызды тарихи орталықтардың бірі. Бұл қасиетті мекен ғасырлар бойы Ұлы дала тарихының куәсі болып, Еуразия кеңістігіндегі саяси-экономикалық және рухани өмірдің өзегіне айналды. Жошы ұлысының, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықты қайта жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыру үшін халықаралық ынтымақтастық қажет. Бұл ретте жүргізілген жұмыстар Сарайшық тарихының жаһандық деңгейде зерттеліп, кеңінен танылуына мүмкіндік береді», деді Айбек Сыдықов.
Ортағасырлық Сарайшық қалашығын дамыту жобасының тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған 2023–2027 жылдарға арналған жоспар бар. Осыған орай нысандарда ғылыми-реставрациялау, көне қалашықтың инфрақұрылымын дамыту қолға алынды. «Сарайшық» сапар орталығы салынып, жаңа экспозициялық залдар жасақталды. Жыл сайын археологиялық қазба жұмысы жаңа әдістемелермен, заманауи технологиялармен жүргізіледі.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Сарайшық қалашығын сақтау мақсатында Жайық өзенінің жағалауында ұзындығы 1,5 шақырым, биіктігі 3,6 метр болатын қорғаныс бөгеті салынды. Қалашықта археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге 2017 жылдан бері облыстық бюджеттен ұдайы қаржы бөлініп келеді. Екі жыл бұрын сапар орталығының құрылысы аяқталып, ескерткіштің туристік орталыққа айналуына жол ашылды.
«Атырау облысында басқа да ортағасырлық ескерткіштер бар. Қазір «Ақтөбе-Лаэти» қалашығының аумағы қоршалды. Алдағы жылы ғылыми зерттеу, реставрациялау және мұражай ашу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сарайшық пен Хиуа арасындағы ортағасырлық керуен жолы бойында орналасқан «Таскешу» керуен-сарайын зерттеу, реставрациялау үшін ғылыми құжаттама әзірленді. Сарайшық қалашығының мәдени, тарихи, археологиялық құндылықтарының жаңа қырын ашу бағытындағы симпозиум – халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ортақ тарихымызды зерделеу үшін жаңа мүмкіндік», дейді Жасұлан Бисембиев.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры Әбілсейіт Мұхтардың айтуынша, көне шаһарда тек сәулет өнерінің озық үлгілері, өз дәуіріндегі дамыған өркениеттің айқын белгілері сақталып қалған. Табылған жәдігерлер арқылы Еуразия кеңістігіндегі көне байланыстар мен мәдени құбылыстарды тануға мүмкіндік бар.
«Сарайшық XIII–XVI ғасырларда батыс өңірде Ұлы Жібек жолының маңызды қаласы болғаны дәлелденді. Қазба жұмысы кезінде Қытай, Жапония, Иран және Еуропа мемлекеттерімен байланыс жүргізілгенін дәлелдейтін тың жәдігерлер табылды. Ғасырлар бойы құм астында табылған бұйымдар халықаралық сауда, мәдениет және дипломатия орталығы болғанын көрсетеді. Әсіресе жақсы сақталған мәдени қабаттар – қазақ тарихында ерекше орын алатын қалашықтың бірегей құндылығы. Бұл жерден табылған «Хан моласы» секілді археологиялық нысандар тарихымыздың тереңде жатқанын дәлелдейді», дейді Ә.Мұхтар.
Шындығында, ортағасырлық Сарайшық қалашығы – көне тарихтың көмбесі. Сол себептен, жыл сайын тарихи мекенге саяхаттайтын туристер саны артып келеді. Мәселен, 2023 жылы музей-қорыққа елімізден 20 412, 253 шетелдік турист келіпті. Ал биыл 25 491 қазақстандық пен 119 шетелдік саяхатшы ортағасырлық қалашықтың тарихымен танысты.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Сая Ғазимованың пікірінше, музей қызметкерлері ғылыми орта және мемлекеттік органдармен бірлесіп, Сарайшықтың бай мұрасын жан-жақты зерттеуді жалғастырғалы отыр. Қалашықтың тарихы осындай ауқымды ғылыми алаңда талқылануы зерттеу жұмысын жаңа белеске көтереді.
Симпозумда ғалымдар үш секцияға бөлініп, ғылыми баяндамалар жасады. Мәселен, «Ортағасырлық тарихи-мәдени мұраларды қалыпқа келтіру және жаңарту мәселелері» бағытындағы секцияда Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Қазақстан және Украина-Қазақстан ғалымдары ортағасырлық қалалар мен археологиялық нысандарды сақтауға байланысты пікірлерін білдірді. Әр елдің мамандары тарихи-мәдени мұраларды қалпына келтіру, археологиялық зерттеулерді жетілдіру, ортағасырлық қалаларды туристік әлеуетпен байланыстыру және сақтаудың инновациялық жолдары жөнінде тәжірибелерін ортаға салды.
Ал «Ортағасырлық Сарайшық Қазақстан және шетел тарихнамасы призмасында: жетістіктері мен зерттеу мәселелері» туралы Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің тарихшылары, археологтері, түркологтер мен нумизматтар Сарайшық пен Жошы ұлысы тарихының маңызды аспектілерін талқылады. Ғалымдар ортағасырлық қала тарихының зерттелуі, дереккөздердің айналымы, Алтын орда мен Ноғай ордасының саяси-мәдени кеңістігі, археологиялық кешендер, нумизматикалық материалдарды, халықаралық тарихнамадағы жаңа бағыттар жөнінде өзекті мәселелерді көтерді.
Ғалымдар баяндамаларында Сарайшықтың Жошы ұлысы, Алтын орда және жалпы түркі әлемі тарихындағы стратегиялық әрі мәдени маңызына екпін түсірді. Олар тарихи-мәдени мұраны сақтау, жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізу, ортағасырлық қалаларды зерттеу үшін ынтымақтастықты жетілдіру қажет деп санайды.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерінің инфрақұрылымын дамыту және туристік аймаққа айналдыру» атты үшінші секцияда Қазақстан мен бауырлас Әзербайжанның музей, туризм және ғылыми зерттеу ұйымдарының өкілдері мәдени мұра инфрақұрылымын дамыту, туристік әлеуетті арттыру, музей ісін жаңғырту және ортағасырлық нысандарды туристік бағыттарға айналдыруды сөз етті. Сарайшық пен Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұраларын заманауи туризм талаптарына бейімдеу, инфрақұрылымды жақсарту, музей-қорықтардың қызметін жаңғырту, этномәдени әлеуетті тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Атырау облысы