Қоғам • Бүгін, 08:05

Жайылым тарылып барады

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының жерді тұрақты айналымға енгізу және жайылым тапшылығы мәселесін шешуге қатысты тапсырмасы Павлодар облысында айтарлықтай орындалып жатыр деуге болады. Алайда жер қатынастары саласында туындаған бірқатар мәселе бар. Дәл қазір Ертіс – Баян өңірі бойынша 78 ауылда жайылымдық жер жетіспейді. Билік өкілдері жағдай бұлай жалғаса берсе, тұрғындар түлігін қорада ұстау тәсіліне көшу керек деп есептейді.

Жайылым тарылып барады

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

– Жер кодексінің 48-бабындағы (Мемлекеттiк меншiктегi жер учаске­лерiне құқықтарды сауда-саттықта (аукциондарда) алу) тармақтарды жергілікті атқарушы органдардың кейбірі дұрыс назарға алмай, бір­қатар жер телімі конкурста қаралмай (конкурсқа берілмей) жатыр. Бұл әрекет кейін заң бұзушылыққа апарып соқтырады. Екіншіден, бизнес субъек­тілеріне кеңею үшін берілетін жер талаптарының бұзылуы. Көп жағдайда әлгіндей кәсіпкерлік нысандарына жер ешбір негізсіз бөлінетінін байқаймыз. Яғни кәсіп иесі кеңеюі үшін құрылыс жұмыстарының жобасын ұсынуы – шарт. Оны жеке меншік жобалау компаниялары береді. Бірақ ондай құжат ұсы­нылмаған күйде қосымша жер бөлініп кетеді. Үшіншіден, елді мекендерде құ­ры­­лысқа деп берілген жерлердің ұзақ уа­қыт игерусіз жатып қалуы. Егер ол 3 жыл бойы игерусіз жатса, Жер кодексі­нің 92-бабына сәйкес жер телімін тексеру­ге құқығымыз бар, – дейді өңірлік жер ресурс­тарын басқару департаментінің бастығы Аян Бексейітов.

Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сәйкес, аталған мекеме кез келген кәсіпкерлік субъектісіне өз бетімен тексеріс жүргізе алмайды. Ол үшін ең әуелі шағым немесе өтініш түсуі шарт. Яғни бақылаушы тетігі болғанымен, анықтау тетігі қарастырылмаған. Заң бұзушылықты көрсе де, фермердің немесе кәсіпкердің жеріне аттап басуға болмайды. Жерлердің мақсатты пайдаланылмай жатқаны туралы атқарушы орган өкілдері немесе заңды және жеке тұлғалар шағым түсіргенде ғана барып іске кіріседі. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алады дегенмен, шалғай жерлерде орналасқан жер телімдерінің жай-күйін бақылауда көп қиындықтар туындатып отыр.

Жыл басынан департамент мамандары 92 тексеріс жүргізіп, 63 заң бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде, жерді жалға алушы­ларға 33 ұйғарым жолданып, 3 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Тағы бір мәселе, жер бөлу кезін­дегі қиындықтар. Ойнатылған конкурстарда ұтылған кәсіпкерлік нысандары көп жағдайда конкурс әділ өтпейді деп шағым түсіріп жатады. Бұл фактор, әсіресе жайылым­дық жерлерге тән. Конкурстың дұрыс өткенін тексеру үшін құзырлы органдар тарапынан тексеріс таға­йындалып, мәселенің ақ-қара­сын анықтағанша қаншама уақыт шы­ғын болады. Бұл екі ортада ша­бын­дықтың мезгілі өтіп кетуі мүм­кін. Әлгі жерді бұрыннан пайдаланып жүрген, конкурсты ұтып алған фермерлер жер телімін пайдалана алмай қиналып қалады.

Мұндай мәселеге кезіккеннің бірі – Нұрболат Қожаев. Ол Баян­ауыл ауданында мал фермасын ұстайды.

– Ұзақ жыл шөп шауып, мал азығын дайындап жүрген жерімді конкурсқа салып ойнатқанда жеңім­паз атанғаныма қарамастан өзге үміткерлер сотқа шағым түсірді. Сот процесі ұзаққа созылып, бұл іске бақылаушы органдар аралас­ты. Осылай жүргенде қара күз тү­сіп, түлігіме қажетті жемшөпті уақы­тында әзірлей алма­дым. Қаншама малымды шығындап, шөпті сырттан сатып алуға мәжбүр болдым. Сайып келгенде әлгі жер маған қажетсіз болып қалды, – деп мұңын шақты шаруа.

Фермерлер конкурстарға байланысты заңнамаларды әлі де жетіл­діру керек деп есептейді. Себебі кей аудандарда жерді конкурссыз беріп жіберу, әділ бөлмеу сияқты факторлар тыйылмай отыр. Май ауданындағы Май ауылдық округінің тұрғыны, «Береке» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бейсекенов осыдан бірер жыл бұрын аудандық жер комиссиясының әділетсіз шешім шығарып, жылдар бойы пайдаланып келген 35,8 гектар жерді өзге бір тұрғынға беріп жібергенін айтып, шағымданды. Ауылдық округ аумағына енетін әлгі жер телі­мін шаруа кейінгі 4 жылда мал өсіру үшін мемлекеттен жалға алып келген. Ал аудандық комиссия ол жерді не малы, не шөп шабуға техникасы жоқ өзге біреуге лайықты деп таныған.

в

Тағы бір жағдайда Май ауданы­ның әкімдігі «Бәсеке», «Қылышбек», «Бақбер» шаруа қожалықтарына және 4 жеке азаматқа тиесілі 122 гектар жерді конкурсқа шығарудан бас тартқан. Онымен қоймай, сонау 1998 жылдан бері өздері шөбін шауып келе жатқан шүйгін жердің 18 гектарын өзге тұрғындарға негізсіз беріп жіберген. Мұндай әділетсіздіктер заңға қаншама өзгерістер енгізіліп жатқанына қарамастан әлі де бой көрсетіп тұрғаны өкінішті.

Облыстық жер ресурстарын бас­қару департаменті жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Марат Шамшиденовтің дерегінше, жалпы кейінгі жылдар бедерінде пайдаланусыз жатқан ауылшаруашылық жерлерін қайтару ісі нәтижесіз емес. 2022 жылы аймақта 384 мың гектар, 2023 жылы – 335 мың гектар, былтыр 153,3 мың гектар жер қайтарылған. Ал биылғы меже – 130 мың гектар. Бұл жоспар қазірдің өзінде толықтай орындалған.

Ал өңірлік жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтің сөзінше, кейінгі екі жылда облыста 255 мың гектар жер қайтарылып, соның 86,2 мың гектары айналымға енгізілген.

– Қайтарылған жерлердің бар­лығы тек ауылдардың жанында орна­ласпаған, шалғай жатқан учас­келер де бар. Маусымдық мал жаю үшін шалғайдағы жер­лерге сұранысты көтеру мақса­тында инфра­құры­лым (құдық­тар, ұң­­ғы­ма­лар) жүр­гізу қажет. Жарамсыз жайылымдарды анық­тау жер ресурстарын басқару коми­те­тіне ведомстволық бағыныс­ты ұйымның топырақ және геобота­ни­калық зерттеулер жүр­гізгенінен кейін мүмкін болады. Ал жалпы жерлерді қайтару бойынша Ақтоғай (107%), Шарбақты (103%), Железин (101%), Май (101%), Успен (100%) аудандары жақсы көр­сет­кіштер көрсетіп отыр, – дейді ол.

Игерусіз жатқан мыңдаған ал­қап­тардың мемлекетке үздіксіз қай­тарылып жатқанына қарамастан облыстың кей жерлерінде жайы­лым мәселесі өткір тұр. Ресми ста­тис­тикада облыста мал жаюға арнал­ған жайылымдық ал­қап­­тар­дың тапшылығы 78 ауылда анық­­­талғаны және жалпы ауданы 109,9 мың гектар жер жетіспейтіні көрсетілген. Ең көп тапшылық егін шаруашылығы жоғары дамыған Павлодар, Шарбақты аудандарында және Ақсу қаласының ауылдық аймағында байқалады.

– Жер балансына сәйкес, облыс­та жайылымдардың жал­пы ауданы 8 млн 276,9 мың гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілерге 5 млн 141,6 мың гектар бекітілген. Шабындықтардың ауданы 302 мың гектар болса, оның 199,2 мың гектары ауыл шаруашы­лы­ғы тауарын өндірушілерге бекітіл­ген. Жайылымдық жерлердің тап­шы­­­лығын жою мақсатында был­­­тырдан бері халықтың мұқ­­тажы үшін 26,9 мың гектар жер мем­лекеттік меншікке қайта­рыл­ды. Елді мекендердің шекаралары кеңей­тіліп, нәтижесінде жайы­лым­­дық алқаптар қордағы жерлер есебі­нен 58,8 мың гектарға ұлғайды. Тұр­ғын­дар мен ауыл шаруашы­лығы тау­ар­ын өндірушілер үшін жалпы ауданы 214,2 мың га жайы­лым бе­рілді, – деп қосты Мұрат ­Ха­митов.

Қорыта айтқанда, халықтың мұқ­­таждығы үшін қайтарылған жер­­­­лер­дің есебінен қайта айна­лымға шамамен 121 мың гектар жайылымдық және шабындық жерлер енгізілген. Бұл жерлерді қазір тұрғындар пайдаланып жатыр. Алайда өңірде жыл санап егін алқаптарының ұлғаюын, мал басы­­­ның өсіп келе жатқанын ескерсек, жайы­лымдардың жетіс­пеушілігі алдағы уақытта да сақ­тала береді. Жер қатынастары бас­қармасының өкіл­дері келешекте бұл мәселені шешу үшін жануарларды ұстау­дың басқа түрлеріне, мысалы, қора­да ұстау тәсіліне көшу керек деп есептейді.

 

Павлодар облысы