Саясат • Кеше

Пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «Amanat» партиясының кубогіне арналған «Amanat сup» XХIІI республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті. «Жастар рухы» қанаты мен «Qazaq debate» қозғалысы ұйымдастырған сайыста ел аумағындағы үздік спикерлер анықталды.

Пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары

«Amanat» партиясының кубогіне арналған сайысқа биыл 150-ге жуық өтінім түскен. Олардың арасынан 60 команда ірік­теліп, қазақ (40 фракция) және орыс (20 фракция) командалары Британ, Америка және Линкольн-Дуглас формат­тарын­да ойын көрсетті. Жеңімпаз­дарды марапаттау жиынында партияның ат­қарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мем­лекет басшысы еркін ойлы жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту ісіне әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.

– Президент біздің жастар айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атап өткен еді. Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Сондықтан бұл пікір­сайыс – тек сөз жарысы емес, ол ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың мектебі. Түптеп келгенде, мұның бәрі – интеллект­уалды ұлт қалыптастыру жолындағы жүйелі саясаттың бір бөлігі, – деді ол.

Өз кезегінде «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искан­дерованың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – ұтымды ұсыныс айта алатын белсенді жастарға қолдау көрсету.

– Турнир жиырма үш жылдан бері пар­тия­ның қолдауымен дәстүрлі түрде ұйым­дастырылып келеді. Бұл – жастардың пікір­сайысқа деген қызығушылығының ай­қын көрінісі. Қазақ және орыс лигаларымен қатар, биыл алғаш рет Студенттік лига енгі­зілді. Бастама студенттердің көпшілік алдында сөйлеу, ойын жүйелеу сияқты дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Блогер Яков Федоров «Amanat» партиясы пікірсайыс қозғалысының дамуына айрықша ықпал еткенін тілге тиек етті.

– Бірнеше жыл бұрын осы «Amanat сup» турниріне қатысқан едім. Сол тұста бұл сайыс жас азаматтар үшін әлеуметтік лифтке айналды. Бүгінде осы пікірсайысқа қатысқан азаматтар мемлекеттік қызмет саласында еселі еңбек етіп жүр. Демек, пікірсайыс – ойды дәлелмен жеткізуге, аргументпен жұмыс істеуге және дұрыс шешім қабылдауға үйрететін орта. Мұндай бастамаларды қолдау маңызды. Себебі талантты пікірсайысшылар тек Астана мен Алматыда ғана емес, шағын қалалар мен ауылдарда да бар, – деді ол.

Осылайша, екі күнге жалғасқан ойын нəтижесінде қазақ лигасында жүлделі 1-орынды – Дильназ Бауыржанқызы және Жәкен Нұрхан (Астана және Алматы қалаларының құрамасы) иеленіп, «Amanat» партиясының кубогін қанжығалады. Ал 2-орынға – Жансерік Жолшыбек және Алтынай Қалдыбай (Алматы қаласы), 3-орынға – Асхат Есенов пен Сапарғали Батыржан (Ақтөбе облысы) және Зарина Бозова мен Ақерке Шайқы (Батыс Қазақстан облысы) лайық деп танылды. «Үздік спикер» – Дәулет Нүркен, «Үздік төрешілер» – Бақытжан Тұрсынов және Бакира Олжас.

Орыс лигасында Сұлтан Сатыбалды мен Камила Құрамысова жеңімпаз атанды. Ал 2-орынды – Айгерім Айбасова мен Дінмұхаммед Сағатбеков,  3-орынды – Самат Саяқов пен Мұратбек Нұрлан және Ерұлан Мейіржан мен Аруна Найманова иеленді. Осы лигадағы барлық қатысушылар – Астана қаласының намысын қорғады. «Үздік спикер» – Дінмұхаммед Сағатбеков. «Үздік төреші» – Жібек Әкімова.

Сондай-ақ Студенттік лигада 1-орынды – Нұрқадыр Серікқазы мен Дидар Арчин (Семей қаласы), 2-орынды – Махаббат Алипчеева мен Ақерке Дарханбек (Алматы облысы), 3-орынды – Аяулым Сайлауова мен Нұртас Нұрай (Ақтөбе облысы) және Нұрханым Бермұханбет пен Жадыра Қайратова (Атырау облысы) иеленді.

Еске сала кетейік, турнир аясында «Жастар рухы» жастар қанаты мен Ислам Ынтымақтастық ұйымы жастар форумының Еуразия аймақтық орталығы (ICYF-ERC) бірлесіп ұйымдастырған халықаралық «Model OIC» симуляциялық ойынына 60 қатысушы іріктеліп, төрт комитет бойынша бақ сынады.

Жеңімпаздар: Орталық Азия мен Кавказдағы геосаяси және қауіпсіздік сын-қатерлері комитеті – Рустам Таисынов («Best position paper»), Дінмұхамед Омаров («Best speaker»), Жанерке Маратқызы («Best delegate»); Экономикалық және көлік интеграциясы комитеті – Дания Берікқызы («Best speaker»), Камила Мұхтарова («Best delegate»), Шыңғыс Шайкенов («Best position paper»); Әлеуметтік-экономикалық даму және тұрақты өсім комитеті – Қажат Шәнті («Best delegate»), Санжар Қойшыбек («Best position paper»), Ақбота Нығметолла («Best speaker»); Адам құқықтары, азаматтық қатысу және қақтығыстарды реттеу комитеті – Айкүнім Жұбан («Best delegate»), Айдана Қаумет («Best position paper»), Исабек Абдуллазиз («Best speaker»).