Саясат • Бүгін, 07:40

Жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау талабы күшейтіледі

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, заң жобалары қаралды. Сондай-ақ жиында елдегі түйткілді мәселелер көтеріліп, бірқатар депутаттық сауал жолданды.

Жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау талабы күшейтіледі

Еңбек қауіпсіздігін арттыру маңызды

Мәжіліс депутаттары бас­тамашы болған қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқық­тарын қорғау мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Оның аясында Еңбек кодексі мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Құжат төңірегінде баяндама жасаған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов заң негізінде егер еңбек қызметінің кемінде бір ерекше белгісі болса, жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық келісімшарт жасасуға тыйым салынатынын жеткізді. Бұл ереже қызметкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Сондай-ақ ұжымдық шарт мазмұнын тиісті кәсіп, ұйымдағы лауазымына қарай жалақының ең жоғары және ең төмен мөлшері арасындағы рұқсат етілген арақатынас туралы ережені белгілеу міндетімен толықтыру ұсынылмақшы.

– Бүгінде өндірісте жазата­йым оқиға болса, оны тергейтін комиссияны жұмыс берушінің өзі құрып, басқарып жатады. Сондықтан көп жағдайда тергеу субъективті өтіп, жұмысшы немесе оның отбасы әділдік таппай, сенімсіздік орнайды. Енді біз тергеу үдерісін объек­тивті ету мақсатында комиссия­ның құрамына тәуелсіз тараптарды – медиаторларды және оның туыстарын немесе адвока­тын қосуға мүмкіндік бере­міз. Өндірістік жарақаттың дәре­жесін анықтау мәселесі де бар. Бұл проб­леманы шешуде Денсау­лық сақ­тау министрлігіне өндіріс­тік жарақаттың дәрежесін анық­тай­тын нақты әрі бірың­ғай қағи­даларды бекіту құзыре­тін береміз. Франция, Канада сияқты елдерде бұл әлдеқашан стандартқа келтірілген, – дейді баяндамашы.

Зейнетақы тағайындау кезін­де жұмыссыз әкелердің декрет­тік демалысы ескеріледі. Депутат­тар Әлеуметтік кодекске осыған қатысты түзетулер енгізуді көздеп отыр.

Заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Нар­тай Сәрсенғалиев Денсаулық сақтау министрлігінен медицина қызметкерлерін өндірістік жарақаттардан қорғау үшін қандай қосымша тетіктер пысық­талатынын сұрады.

– Кеше ғана 23 жастағы Ұлдана Мырзуан атты фельдшер көз жұм­ды. Шақыртуға барды, 9 қа­­бат­ты үйдің қасбеті құлады, соның астында жарақат алған аза­мат­тарға Төтенше жағдай қыз­мет­керлері келгенше көмек­тесе­­мін деп жүгіріп барды. Сол сәтте басына кондиционер құ­лап, сол жарақаттан есін жимай көз жұмды. Осын­дай жағ­дай­лар болған кезде азаматтарды өн­дірістік жара­қат­тардан қорғаудың қандай тетіктері жазылған? – деді депутат.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мұндай жағдайларды болдырмау үшін қолданыстағы еңбек заңнамасында қорғау тетіктері жазылғанын жеткізді.

– Қазір Денсаулық сақтау ми­нистрлігі медицина қызмет­кер­лерін, жедел жәрдем қызмет­керлерін қосымша өзін-өзі қорғау бұйымдарымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды ойластырып жатыр, – деп жауап берді Тимур Сұлтанғазиев.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мүгедектігі бар бала­лардың ата-анасына қосымша демалыс беру мәселесін ортаға салды.

– Бізде ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар еңбек демалысының басым бөлігін баласының еміне, сынамалар тапсыруға, оңалту орталықтарына жұмсайды. Мәселен, Эстония айына бір күн демалысты ерекше қажеттіліктері бар баласына арнай алатындай етіп береді. Ата-ана бұл 12 күнді жыл бойы жинап та ала алады. Осылайша, қосымша ақы төленетін әлеу­мет­тік демалыс қарастырылған. Біздің министрлік осындай қолдау көрсету бағытындағы тәжірибені қарастыруға дайын ба? – деп сұрақ қойды депутат.

Өз жауабында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев бұл ұсынысты талқылауға дайын екендерін жеткізді.

– Еңбек министрлігі сіздермен талқылауға және жалпы кеңінен қоғамдық талқылауға шығаруға дайын. Осылайша, мұндай сұра­ныс пен қажеттіліктің бар-жоғын анықтауға болады, – деді вице-министр.

 

Отандық дипломдар шетелде де мойындалады

Мәжіліс 2011 жылы 26 қара­ша­да Токиода ЮНЕСКО-ның қол­­­дауы­мен қабылданған Жо­ғары білім беру саласындағы бі­лік­­ті­лікті тану туралы Азия-Ты­нық мұ­хиты өңірлік кон­вен­циясын ратификациялады. Бұл Конвенция аймақтағы елдер арасын­дағы академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуге, дип­ломдарды, дәрежелер мен өзге де біліктіліктерді мойындауды жеңілдетуге, сондай-ақ оларды бағалауда ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

– Біздің мақсатымыз – Қазақ­станда берілген дипломдарды бүкіл әлемде тану қағидаттарына кепілдік беру. ЮНЕСКО тарапынан Жаһандық дипломдарды тану конвенциясы бар. Оған Қазақ­стан әлі қосылған жоқ. Бүгінгі ратификацияны бүкіл әлемде дипломдарымыздың танылуына жасалған үлкен қадам ретінде қабылдаңыздар, – деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бүгінде елімізде 31 мыңнан аса шетелдік студент білім алып жатыр. Енді министрліктің алдында 2029 жылға дейін 100 мың шетелдік студентті оқыту мақсаты тұр. Оның айтуынша, қазір ведомство 40-тан аса серіктестікке қол қойды, елімізде халықаралық 33 ірі ЖОО-ның филиалы ашылған.

Жалпы отырыста «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­нама­лық актілеріне оларды Конс­ти­туцияның нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заңы екін­ші оқылымда қаралып, қабыл­данды. Аталған құжат кейбір заңнамалық актілерді Консти­туцияның нормаларына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген.

Сондай-ақ депутаттар екінші оқылымда Мемлекет басшы­­сы­ның тапсырмаларын іске асыру аясын­дағы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану тура­лы» кодекске өзгерістер мен толық­тыруларды қабылда­ды. Түзе­ту­лердің негізгі мақ­саты – индус­триялық сектордың инвес­ти­циялық тартымдылығын арттыру.

– Президенттің 2023 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру үшін депутаттар жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу барысында сатып алынатын жылдық жалпы жұмыс пен көрсетілетін қызметтегі еліміздің үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту туралы норманы ұсынды. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы тек мемлекеттің меншігінде болатыны, сол сияқты геология саласындағы ұлттық оператор (Ұлттық геологиялық қызмет) жекешелендіруге жатпайты­ны заң жүзінде бекітілді. Бұл стра­тегиялық маңызды геологиялық ақпаратты сақтауға және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет, – деді баяндамашы Арман Қалықов.

 

Археологиялық жұмысқа лицензия беру жүйесіне өзгеріс енгізіледі

Жиында тарихи-мәдени мұра объек­тілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қыз­мет­тері мәсе­лелері туралы заң екінші оқылым­да қабыл­­данды. Аталған заң жобасы ар­хео­логия саласындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауға және пайдалану мәселелері бойынша заңнаманы жетіл­діруге бағытталған. Құжат­та «Археологиялық жұмыс­тар жөніндегі бірыңғай автоматтан­дырылған ақпараттық жүйе» құру қарастырылған. Археологиялық жұмыстарды үйлестіру, архео­логиялық жұмыстарды жүзеге асыратын тұлғаларға ғылыми кеңес беріп, ақпараттық-талдама­лық қолдау көрсету үшін Ұлттық археологиялық қызметтің құзы­реттері де айқындалады.

– Тарихи-мәдени мұра объек­­тілерін қорғау және пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау жүйесі өзгеріп, жаңа лицензия түрлерін беруге білік­тілік талаптары қайта қаралады. Еліміздің барлық аумағынан жиналған археологиялық олжалар мен материалдарды сақтауға жаппай Археологиялық олжалар мен материалдардың ұлт­тық депозитариі құрылады. Сон­дай-ақ археологиялық жұ­мыстар ерекшеліктері мен әдісте­ме­лері ескеріле отырып, жоспар­лы және жоспардан тыс болып бөлінеді, – деді құжатты таныс­тырған депутат Ринат Зайыт.

 

Жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару ісіндегі заңсыздық

Күн тәртібіндегі мәселелер ретімен қаралған соң, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов де­путат­тық сауалдарға кезек бер­ді. Жиында «Ауыл» партиясы фрак­циясының мүшесі Анас Баққожаев Премьер-министр Олжас Бектеновке агро­өнер­кәсіптік кешен саласын­дағы қайта өңдеу кәсіпорындарын оңалту және қаржылай сауатты­лық жө­ніндегі бағдарлама қабылдау қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Ал депутат Ажар Сағындықова еліміздегі қыз-келіншектерге артылатын қосымша жұмыс мәселе­сіне назар аударды. Оның айтуынша, зерттеулер көрсеткен­дей, елімізде балалар мен қарт­тар­ға күтімнің 95%-ын әйелдер жасайды. Осылайша, олардың күнделікті жалпы жүктемесі 13 сағатқа дейін жетіп, созылмалы шаршау, эмоционалды күйзеліс және денсаулыққа қауіп тудырады. Жалақыдағы гендерлік айырмашылық (шамамен 15%) әйелдердің экономикалық әлсіз­дігін күшейтіп тұр.

– Әйелдерге, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелейтін және ауыр науқас туыстарына күтім көрсететін­дер­ге, ерекше көңіл бөлінуі қажет. Мұндай отбасыларда күтім күніне шамамен 6 сағатты алады, бұл ресми заңда көрсетілмеген «үшінші жұмыс күні» болып есептеле­ді. Сондықтан әйелдерге, балалар мен ауыр науқас туыстарға күтім жасайтындарға жалақы сақталған жағдайдағы апталық жұмыс сағатын қысқарту құқығы берілуі керек. Арнайы күтім қажет әйелдер үшін икемді сағаттар мен күндер енгізіліп, құқықтары мен табысы сақталуға тиіс. Сонымен қатар сала бойынша қанатқақты жоба іске қосылып, қысқартылған жұмыс аптасының әйелдер ден­сау­лығына, күтім сапасына, от­ба­сының тұрақтылығына және еңбек өнімділігіне әсері бағалан­ғаны жөн, – деді депутат.

«Amanat» партиясы фрак­ция­­сының мүшесі Қайрат Балабиев жер телімдерін мемлекет менші­гіне қайтару ісінде заңсыз­дық­ барын айтып, Премьер-министр­дің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұман­ғарин­ге жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жерлерді алып қою мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

– Кейінгі жылдары еліміз­дің түрлі өңірінде, әсіресе ірі қала­лар мен облыс орталық­тарын­да халықтың көкейінде үлкен алаң тудырып отырған бір мәселе бар. Ол – кезінде тиісті мемлекеттік органдардың шеші­мімен заңды түрде берілген, азаматтар өз қаражатына үй салып, қоныстанып алған жер телімдерінің кейін түрлі себептермен «заңсыз» деп танылып, мемлекет меншігіне кері қай­тарылуы. Көп жағдайда мұн­дай шешімдер жаңа бас жос­парлардың енгізілуімен немесе бюрократиялық түсінбеу­шіліктермен байланысты. Бұл мәселе тек құқықтық сипатқа ие емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылыққа, азаматтардың өмір сүру деңгейіне әсер ететін өзекті мәселе болып отыр, – дей келе депутат Үкіметтен мәселені қарастыруды сұрады.

Сөз арасында ол қалалардың және елді мекендердің бас жос­парларын бекіту мен өзгерту тәртібін қайта қарау, негізсіз және жиі өзгерістерге жол бермеу; азаматтар заңды түрде алған және тұрғын үй салған жер телімдерін «заңсыз» деп тануға жол бермеу жөнінде бірыңғай құқықтық нормалар бекіту; жерді заңсыз немесе бақылаусыз бөлген лауазым­ды тұлғалардың жауапкершілікке тарту тетігін нақтылау; мемлекет немесе қоғамдық қажеттілік үшін алынатын үйлер мен жер телімдеріне қатысты өтемақы төлеу жүйесін жетілдіру; жер және тұрғын үй қатынастарына қатысты дауларды сотқа дейін шешудің тиімді тетіктерін дамыту сынды ұсынысын жеткізді.