Сапар «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасы аясында өтті. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен және өңірлік Ассамблея активімен кездесу ұйымдастырылды. Жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы қорытындылары бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы, жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл, қоғамдық маңызы бар бастамалардың іске асырылуы және Ассамблея мүшелерінің ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қатысуы талқыланды.
Ведомство дерегінше, 2025 жылы Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 10 мыңнан астам адамды қамтыған 150-ден астам іс-шара өткізді.
Облыс әкімімен бірге делегация ҚХА-ның облыстық «Жомарт жан» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысты. Биыл өңірде бес номинация бойынша 15 лауреат анықталып, облыстың дамуына және әлеуметтік бастамаларды қолдауға қосқан айрықша үлесі үшін екі арнайы сыйлық табысталды.
Жұмысшы мамандықтар жылын насихаттау мақсатында ҚХА Төрағасының орынбасары мен Сенат депутаттары өңірдегі бірқатар кәсіпорында болды. Атап айтқанда, «БЕРЕКЕТ-Ф» компаниясына, «PRESTIGE» жиһаз гипермаркетіне және Түпқараған ауданындағы түйе сүтін өндіретін цехқа барды. Көпэтносты еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, этносаралық келісімді нығайту, Ассамблея бастамалары шеңберінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды және волонтерлік жұмыс форматын дамыту мәселелері талқыланды.