Фото: ІІМ
Аудан әкімдіктерінің қолдауымен жергілікті полиция бөлімшелері патрульдік қызмет барысында аумақты тұрақты бақылауға және автожол маңында еркін жайылып жүрген малды жедел анықтауға мүмкіндік беретін дрондармен жабдықталды. Жоғары ажыратымдылықтағы камералары бар пилотсыз ұшу аппараттары малдың орналасқан орнын нақты уақыт режимінде көрсетіп, тез әрекет етуге жағдай жасайды.
Дрондарды профилакитикалық шаралармен ұштастыру – мал иелерінің жауапкершілік мәдениетін арттыруға да мүмкіндік беріп отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мысалы, аталған облыстың Жаңасемей ауданында жүргізілген профилактикалық рейдтер барысында 59 бас жылқы анықталып, арнайы тұраққа жеткізілген. Бақылаусыз жүрген мал – Семей-Өскемен және Омбы-Майқапшағай бағыттарындағы қозғалысы үлкен жолдарда жиі кездесетін қауіп көздерінің бірі. Дрондарды қолдану бұл тәуекелдерді айтарлықтай төмендетіп, өңірдегі жол қауіпсіздігі деңгейін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Статистика да қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін растап отыр: жыл басталғалы полицейлер малдың бақылаусыз жайылуына қатысты 2 284 құқық бұзушылықты анықтаған. Арнайы айыптұрақтарға 9 729 бас мал қойылып, олардың иелері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру талаптарының бұзылуына қатысты 201 дерек тіркеліп, материалдар ветеринариялық инспекцияға жолданған.