Жаңғыртылған вокзал аумағында визит-орталық, музейлік экспозиция және капсульдік қонақүй ашу жоспарланып отыр. Бұл қызмет сапасын арттыруға, туристік инфрақұрылымды жақсартуға және жолаушылар үшін қосымша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Алматы әкімі вокзалдың жаңғыртылуы қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік жоба екенін атап өтіп, жұмыстар белгіленген мерзімде және талапқа сай орындалуы тиіс екенін айтты.
«Мерзімді созу немесе талапты бұзу фактілеріне жол берген жауапсыз мердігерлер жауапкершілікке тартылады. Бізде сапасы төмен жұмыс үшін лицензиядан айыру тәжірибесі бар. Сондықтан сіздерден тәртіп, жеткілікті ресурс және міндеттемелерді сапалы орындауды күтеміз», деді Дархан Сатыбалды.
Алматы әкімдігі жаңғырту жұмыстарының орындалуын әрі қарай да бақылауда ұстайды. Жаңарған вокзал қаланың заманауи, ыңғайлы әрі қауіпсіз көлік инфрақұрылымы нысанына айналуы тиіс.