Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көштен қалмаймыз десек...

Шетелде білім алып, бүгінде өз тәжірибесін ел игілігіне жұмсап жүрген кейіпкеріміз – Жақсылық Нұрен. Ол отандық медициналық стартап «Cerebra» компаниясында жасанды интеллект инженері болып еңбек етеді. Онда жас маман инсульт алған науқастардың ми томографиясын талдап, автоматты түрде ауру ошағын тауып, белгілеумен айналысады.
– Инсульт кезінде әрбір минут адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Науқастың өмірі мен неврологиялық зақым деңгейі диагноздың жылдам қойылуына тікелей байланысты. Операция алдында хирург инсульт ошағының нақты орнын және зақым көлемін білуі қажет, ол үшін пациент алдымен компьютерлік томографиядан өтеді. Әдетте, алынған КТ суреттерін радиолог дәрігерлер қарап шығып, зақымданған аймақты белгілейді. Алайда елімізде радиологтердің тапшылығы мен жүктемесінің көптігі бұл үдерісті баяулатып тұр. Міне, дәл осы мәселені шешу мақсатында компания жасанды интеллект технологиясын енгізіп, КТ кескіндерін автоматты түрде талдайтын модельдер әзірлеуде. Жүйе инсульттің бар-жоғын, оның орналасуын және зақым шамасын анықтап, мәліметті бірден хирургтерге жібереді. Бұл шешім диагностика уақытын бірнеше есе қысқартып, науқастардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырады. Одан бөлек, мен көзге жасалатын оталардың бейнежазбаларын талдап, хирургиялық құралдарды автоматты түрде анықтайтын және хирург шеберлігін бағалайтын AI модельдерімен де жұмыс істедім. Бір жағынан мұндай жүйелер инструменттердің адам ағзасымен өзара әрекеттесуінен ота жасаушы маманның науқасқа қаншалықты зақым тигізгенін және науқастың оңалту уақытының ұзақтығын болжауға жол ашады. Әрі медицина саласының сапасын арттыруға және болашақ дәрігерлерді оқытуда әдіс-тәсілді визуалды түрде көрсетуге көмектеді, – дейді Ж.Нұрен.
Жас маманның технология әлеміне деген қызығушылығы бала кезден басталған. Әкесі информатика пәнінің мұғалімі болғандықтан, компьютерге ерекше әуестенген. Математика мен логикаға деген ықыласы оны бағдарламашы болуға жетелеген.
– Бұл бағыттағы алғашқы маңызды қадамым – 2013 жылы Тараз қаласындағы жаңадан ашылған Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуім. Өйткені оқу орны дүниетанымымды түбегейлі өзгертті. Білім ошағы ұсынған мүмкіндік арқылы алғаш рет шетелге шығып, Сингапурда ағылшын тілін жетілдірдім. Дәл осы сапар шетелдегі білім мен мәдениетке деген қызығушылығымды оятты. Кейін Назарбаев университетінде «Компьютерлік ғылымдар» мамандығын тәмамдап, Абу-Дабидегі «Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence»-де «Жасанды интеллект» бағытында магистратураны сәтті аяқтадым. Өзге мемлекетте шыңдалуым тәуелсіз зерттеуші ретінде қалыптастырды. Яғни бұл кезең дайын білімді қабылдаудан жаңа идеяларды іздеп, ғылыми бағытта өз бетімше әрекет етуіме себепші болды. Ғалымның мақсаты – тек қазіргі үдерісті бақылау емес, болашақ теориялар мен технологияларды зерттеу. Осы тұрғыда менің ізденісімнің өзегі – адамзатты күтіп тұрған технологиялық өзгерістерді түсіну, оны қауіпсіз әрі оңтайлы түрде дамыту жолын табу. Қазір Германияға докторантураға түсуге әзірленіп жатырмын, – дейді ол.
Зерттеуші елдегі білімнің іргесі мықты екенін айтады. Оның айтуынша, НЗМ, БИЛ, түрлі физмат мектептері нақты нәтиже көрсетіп отыр. Түлектерінің басым көпшілігі қазір әлемдегі белді университеттерде оқып, «Meta», «Google», «Amazon» секілді компанияларда жұмыс істейді. Жас маман дамыған ел мәртебесіне жетеміз десек, осындай білім ордаларының санын арттыру қажет дегенді алға тартады.
Сондай-ақ ол цифрлық дәуірде жастарға ең алдымен қаржылық сауат және жылдам үйрену дағдыларын дамыту керек екенін айтты. Болашақта жасанды интеллект компьютерлік сауаттылықтың базалық дағдысы болып қалатынын, сондықтан тек қолданушы емес, технологияның ішкі логикасын түсінетін маман болуға ұмтылу қажет дейді.
– Қазақ жастарының әлеуеті жоғары, ал сапалы білім беру мен қолдау жүйесі бұл мүмкіндікті еселей түседі. Мектеп пен университеттерде оларды ғылыми жобалар мен халықаралық конференцияларға қатысуға жүйелі түрде ынталандырып, студенттік стартаптарға нақты мүмкіндік беру қажет. Тұрмыстық қысым азайса, оқу не зерттеуге фокус та артады. Қазір елімізде профессорлар басқаратын жеке лабораториялар аз. Шағын зертханалар мен ғылыми топтарды көбейту жаңа буын мамандарының қалыптасуына жол ашады. Алдағы 5-10 жылда шығармашылық, сыни және этикалық ой еңбегінің бәсі биік болатыны анық. Десек те, мамандықтар жойылудан гөрі транформациядан өтеді дер едім. Осы орайда Қазақстанда Alem AI хабын ашу, жаңа суперкомпьютер кластерін іске қосу қадамдары қуантады. Тек мемлекет инновацияны қаржыландырып қана қоймай, оның нәтижесін қатаң қадағалап отырғаны дұрыс. Саладағы жалақы да жаһандық нарықпен бәсекелі болуға тиіс. Алайда елде өндіріс пен өңдеу фабрикалары аз болғаны қынжылтады, – дейді Ж.Нұрен.
Жақсылықтың ендігі арманы – өз стартабын ашу. Ол медицина саласында дәрігерлердің жұмысын бағалайтын және олардың кәсіби біліктілігін арттыратын жасанды интеллект жүйесін құруды көздейді. Бұл тек медицина саласын емес, халықтың өмір сүру сапасын да арттыратын жоба болмақшы.
Ізденген жасқа мүмкіндік көп

Аяжан Арап – Оңтүстік Кореяның Пусан ұлттық университетінің түлегі. Экономика және халықаралық сауда маманы. Оның шетелде қалып, кәсіби мансабын әрі қарай дамытуға толық мүмкіндігі болды. Дегенмен өз таңдауымен туған жерге табан тіреген.
– Білім мен білікті басты құндылық еткен қарапайым отбасыда дүниеге келдім. Әкем – экономист, анам – ұстаз. Олар мені бала кезден ширақ, еңбекқор болуға, әр іске жауапкершілікпен қарауға тәрбиеледі. Біраз қатарласым секілді мен де шетелде оқуды армандадым. Табандылығым мақсатыма жеткізді. Өмірлік ұстанымым осы Оңтүстік Кореяда, өзге халықтың ортасында өмір сүріп, тіршілігімен біте қайнасып, мәдениетін ішінен тани жүріп бекіді. Корейлерде уақытты тиімді пайдалану, еңбекқорлық пен тәртіпке деген көзқарас өте берік қалыптасқан. Әрбір адам өз ісіне барынша жауапкершілікпен қарайды, тапсырманы уақтылы орындауды, ұқыптылық пен тазалықты басты қағида ретінде қабылдайды. Қоғамда патриотизм ерекше сезіледі, азаматтар отанның дамуына үлес қосуды жеке парызы деп түсінеді. Содан болар менде «Бұл білім еліме қандай пайда әкеледі?», «Қандай жаңа идеяларды Қазақстанда жүзеге асыра аламын?» деп жиі ойлайтынмын, дейді 24 жастағы кейіпкеріміз.
Елге оралған соң, Аяжан волонтер ретінде біраз оқушының сабақ үлгеріміне көмектескен. Ағылшын мен математикадан тегін сағаттар өткізіп, бірқатар жасөспірімнің әлеуетін ашуға себеп болған. Сөйтіп, тәжірибе жинақтап, Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне кәсіби бағдар беруші (профориентолог) ретінде жұмысқа орналасқан.
– Мектепте оқып жүрген кезден волонтер болдым. Қазір де уақыт пен ресурс болса, еріктілікпен айналысамын. Ата-анам мені жаңа нәрсені үйренуге ғана емес, сонымен қатар білгенімді өзгелермен бөлісуге бейімдеді. Бұл қағида бүгінде кәсіби қызметімнің негізіне айналды. Профориентолог – ең алдымен жасөспірімдердің қабілеті мен қызығушылығын байқайды, ұзақмерзімді мақсат қоюға үйретеді. Одан соң белгілі бір мамандықты таңдауға көмектеседі. Осылайша, оқушылармен етене байланыста еңбек етемін. Қазіргі буын өте ізденімпаз, еңбекқор әрі қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Оның үстіне, балалар арасында жақсы бір үрдіс бар. Олар өздерінің білімін тек жеке мансап құралы ретінде емес, еліміздің дамуына үлес қосатын нақты қажеттілікті шешетін индикатор ретінде қарастырады. Сондықтан көбіне инженерия, компьютерлік ғылымдар, медицина, қаржы және архитектураны таңдайды. Қазір де оқушыларым түрлі саладағы өзекті мәселелерге ғылыми шешім іздеп, стартап пен әлеуметтік жобаларға белсене қатысып жүр, – дейді А.Арап.
Қазір білім іздеген жанның жолы – ашық. Талабы таудай жастарға мемлекет те, жеке ұйымдар да, тіпті өзге елдердегі оқу орындары грант бөліп, жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Десек те, профориентолог жас буын арасында мамандықты әлі де тек тестінің нәтижесіне сүйене отырып таңдайтындар бар дейді.
– Кәсіби болашақты тек тест қорытындысына арқа сүйеп шешу дұрыс бағыт емес. Кей оқушылар «қателесуге болмайды» деп ойлап, бір таңдауды өмір бойғы шешім деп те қабылдайды. Қазіргі заманда адам бірнеше рет мамандық ауыстырып, жаңа бағытта өзін сынап көруіне толық мүмкіндік бар. Сондықтан жасөспірімдерге кәсіби бағдарда икемді болуды, тәжірибеден өтіп, өзін әртүрлі ортада сынап көруді, тек тест пен сыртқы пікірге емес, өзінің құндылықтары мен ішкі мотивациясына сүйенуді үйрену қажет. Әрине, мектеп пен университетте кәсіби тағылымдамаларды жүйелі түрде енгізу – оқушылардың мамандықты тек қиял не сыртқы пікір арқылы емес, шынайы еңбек тәжірибесі арқылы бағалауына көмектеседі. Бұған қоса елдегі оқытылатын мамандықтарды да қайта қарау кезек күттірмейді. Жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректерді талдау, биотехнология, жасыл энергетика, урбанистика және білім саласында жоғары білікті кадрларға сұраныс күн санап артып келеді. Осы мамандықтарға мемлекеттік грант көлемін ұлғайту, салада ғылыми зерттеу орталықтарын құру және халықаралық серіктестікті күшейту – елдің ұзақмерзімді дамуының кепілі бола алады, – деп сөзін түйіндеді Аяжан.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кейіпкерлерімізді біріктіретін ортақ идея – алған білімін туған елдің дамуына бағыттау ниеті мен жауапкершілік сезімі. Ойлап қарасақ, бұл ұлттық интеллектуалдық қордың нығая түскенін көрсетеді. Өйткені олар жаңа көзқарастан бөлек, тиімді, ашық әрі оңтайлы басқару жүйесін, халықаралық тәжірибе сынды өзгерістерді бірге ала келеді.