«Мен үшін білім ордасының директоры болу – үлкен жауапкершілік. Мектеп 1 500 балаға арналған, алайда биыл оқушы саны 3 000-ға дейін жетеді деп болжап отырмыз. Менің басты мақсатым – бұл мектепті өңірдегі үздік білім беру ордаларының брендіне айналдыру. Ал мектебіміздің миссиясы – сапалы білім мен ұлттық рухты сыйлай алу», дейді Любовь Нам.
Любовь Нам қазақ тілін жетік меңгерген. Оның айтуынша, 5-сыныпқа дейін қазақша мүлде сөйлей алмаған. Талабы таудай өреннің тілді үйренуге ынтасын оятқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райхан Кенжебайқызы екен.
«Жалпы, мен 5-сыныпқа дейін қазақ тілін мүлдем білмедім. Кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Райхан Кенжебайқызының ерекше еңбегінің арқасында тілді терең меңгеріп шықтым. Оқушы кезімде қазақ тіліне деген қызығушылығым, елге деген сүйіспеншілігім арта түсті. Сол еңбектің нәтижесінде мектепішілік, облыстық және республикалық қазақ тілі олимпиадаларында, Абай оқуларында жүлделі орындарға ие болдым. Осы табандылығым мен еңбекқорлығымның арқасында бүгінгі жетістіктеріме жеттім», дейді Любовь Нам.