Жұрт жақсы көретін халық әндерін әсем дауысымен әуелете орындаған әнші ел ықыласына бөленді. Алайда танымал дарабоз жұрт ұнатқан дәстүрлі әндерді ғана орындаумен шектелген жоқ. Оған «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара», «Абай» операларында күрделі партиялар мен рөлдерді орындау жүктелді. Өзі де бірнеше ән шығарды.
Қазақтың дәстүрлі ән өнерін жанындай сүйген әншінің дауысы да ерекше еді. Бірде аспанға әуелеп, енді бірде баяу соққан самалдай естіледі. Оның осындай әуезді үні кезінде грампластинкаға жазылды. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде сондай пластинканың бірнешеуі сақталып тұр. Соның бірінде Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауындағы «Смет», «Жылыой», «Сері жігіт әні, «Екі жирен», «Әдемі қыз» әндері жазылған.
Кезінде мұндай грампластинкалардағы әндерді тыңдау үшін арнайы патефон шығарылды. Осындай патефонды тенор дауысты әнші де ұстаған екен. Қазір мұнайлы өңір музейіне қойылған бұл патефон келушілерді ерекше қызықтырады.
«Жылдар жылжыған сайын ел ықыласы ауған танымал тұлғалар, әсіресе ұлт өнерін дамытуға зор үлес қосқан дарабоздар ұстаған заттардың қадірі арта береді. Музейге келген сайын батыс аймақтағы халық әндерінің, Мұхит туындыларының кейінгі ұрпаққа жетуіне айрықша септігі тиген әншінің бұйымдарын қызықтаймын», дейді жергілікті қаламгер Қаржаубай Сұлтанғалиұлы.
Атырау облысы