Ұлттық құрамасының өкілі Фаина Мейрманова биіктікке секіруден 1,79 метр нәтиже көрсетіп, Сурдлимпиада ойындарының рекордын жаңартып, чемпионы атанды. Күміс жүлдені 1,76 м нәтижесімен бейтарап спортшы Суравец Анна иеленсе, қола жүлдені 1,67 м нәтижесімен словакиялық Глонарик Лейа еншіледі.
Фаина Мейрманова – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2024 жылы Тайбэйде (Тайвань) өткен әлем чемпионатында биіктікке секіруден 176 см нәтижесін көрсетіп, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлемдік рекорд орнатқан. 2024 жылғы Азия-Тынық мұхиты ойындарының ұзындыққа секіруден чемпионы атанды. Фаинаның жасы 19-да, ол Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Спортпен 7 жылға жуық айналысып келеді.
Еске салсақ, Сурдлимпиада ойындарының алғашқы жарыс күнінде біздің дзюдошылар ел қоржынына 4 медаль (2 алтын және 2 қола) салған болатын.