Меңдігүл Латиф – жоғары санатты хирург-анестезиолог, 33 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ауруханаларда жүздеген ота жасап, талай адамның өмірін арашалап қалған. Қазір Ақмола облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкодиспансердің химиотерапия бөлімін басқарады. Күн сайынғы тынымсыз жұмыстың ортасында ол жұқпалы вирусты байқаусызда жұқтырып алған: бәлкім қан арқылы, бәлкім қолғап арқылы науқастан берілген болуы мүмкін.
«В және D гепатиті бауырды зақымдаған екен. Бұған дейін білмедім. 2019 жылы жұбайымнан бүйрек обыры анықталғанда қатты күйзелдім, көп жыладым. Сол кезде ауырсыну басталып, тексеруден өткенде – цирроз деген диагноз қойылды. Содан бері алты жыл бойы аурумен күрестім», дейді ол.
Анасының жағдайын естіген Дінболат қатты қиналған.
«Жүрегім езіліп, көз жасым тыйылмады. Қалай өмір сүремін деген ой мазалады. Алғашында дәрігерлер марқұм донордан алынған бауыр қажет деді. Бірақ мұндай кезекке Қазақстанда төрт мыңға жуық адам тіркелген. Анамның жағдайы күн сайын нашарлап бара жатқан соң, өзім донор болатынымды айттым», дейді ол.
Дінболаттың талдаулары донорлыққа толық сәйкес келген. Алайда ана жүрегі бірден келісе қоймаған.
«Ол – менің жалғыз ұлым. 2019 жылы спорт шебері атағын алып жатқан кезі еді. Оның өміріне қауіп төндіре алмайын деп ойладым. Баламнан бауыр алу туралы ойдың өзі қорқынышты болды», дейді Меңдігүл Сауытханқызы.
Соңғы екі жылда дәрігердің жағдайы күрт нашарлаған. «Өмірім қыл үстінде тұрды. Ұлым, қызым, немерем күндіз-түні жылап жүрді. Тек бір тілеуім – 80 жастағы анам менің қиналғанымды көрмесе екен», дейді ол.
Қан кету басталған сәтте Дінболат шешім қабылдауды күткізбеді. «Мама, кеттік. Біз енді донор күтіп отырмаймыз», дегенде, анасы тәуекел етуге бел буған. «Өлсем, бұйырғаны сол шығар. Балаларым өкінбесін дедім. Ұлымның көзіндегі жас бәрін шешті», дейді ол.
Бұл Меңдігүл Латифтің өміріндегі тоғызыншы әрі ең ауыр операция болды. Ұлының бауырынан үлгі алу 6,5 сағатқа, анасына трансплантация жасау 9,5 сағатқа созылған.
«Оянған сәтте жанымда ешкім болмады. Ең алдымен ұлымды іздедім. Ол – менің жалғыз тірегім. Қол-аяғым дірілдеп кетті. Реанимацияда өткен сегіз күн тек соны күтумен өтті. Палатаға ауыстырған соң барып көрістік. Бұл сәтті сөзбен жеткізу қиын. Екеуміз ұзақ құшақтасып тұрдық. «Мама, сен тірісің бе?» деп те сұрамады, мен де жауап бермедім. Тек үнсіз құшақтастық», деп еске алады ол.
Бүгінде анасына екінші өмір сыйлаған Дінболат спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Өзінің отбасы, балалары бар. Әкесі – медицина қызметкері, ал әпкесі Моңғолияда дәрігер. Меңдігүл Латиф сырқаттан айыққан соң онкодиспансерде емдеу жұмысын қайта жалғастырған.